Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  73


Автор: Кәрім Жұмағалиев

Анама

Ардақтымсың – ЗАУҚИЯ, туған Анам,
Есейіп өсті міне жалғыз балаң.
Сәби кезде мен көрген, сағымдай-боп,
Бейнеңді еміс-еміс есіме алам.
Ес білмейтін кезімде тастап кеттің,
Бейнеңді сақтай алмай еске еркін,
Сені іздеп жылаушы едім өксіп-өксіп,
Анасыз мен аталып Бала – жетім.
Мен сағынам анамның алақанын,
Бойыма қан жүгіртіп тарататын.
Бұл өмірде жоқ шығар бір адам да,
Ананың алақанын сағынбайтын.
Сен үйреттің Апа-деп атағанды,
Әке-деген сөзді еске сақтағанды,
Мен өстім сәби кезден есейгенше,
Ести алмай ұлым деп мақтағанды.
Ойдан өлең шығарып жаттадыңда,
Ел тыңдайтын ән қосып айтқаныңда,
Сен сияқты мен де өлең жазып жүрмін,
Мақтанамын өзіңе тартқаныма.
Төрт жасымда Анамнан жалғыз қалдым,
Қолдасын мені Сенің аруағың.
Асырадың Сен беріп Ана сүтін.
Мен саған өле-өлгенше қарыздармын.
Жан жағыма қарасам жалғыз екем,
Ұл келмепті Сендерге менен бөтен.
Есімнен еш кетпейсің жан Анашым
Риза бол, Рухыңа мен тағзым етем.
Жан Ана қайталаймын Ардағымсың,
Өмірдегі өшпейтін талғамымсың.
Өмір өшпес арттағы ұрпағымен,
Мен сенің өмірдегі жалғасыңмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу