Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  87


Автор: Райхан Ібінқызы

Жыр шолпаны

(Марфуға Айтқожинаның
Күйтіңге келген сапарына орай)
Қош келіпсің, өңім бе,
Бұл түсім бе?!
Қуаныш тұр жанарымның ішінде.
Аңсаушы едім арманымның біріндей,
Деймін оны ұқсастығым үшін бе?!
Ойлаушы едім жүздесіп бір көрерме ем,
Ойлаушы едім самал болып өберме ем.
Ойда жоқта қалар болсам кезігіп,
Тежей алмай көзімнен жас төгерме ем.
Төкпеймін мен, неге төгем жасымды,
Бақыт құсы айналып жүр басымды.
Керек маған тау суындай тасуды,
Не қылайын мұндай күнде жасуды.


Міне, бүгін дидарғайып қосқаны-ай,
Осы екен ғой күткен күнім, тосқан ай.
Осы екен ғой көп сағынтқан минуттар,
Қиял емес кезіп жүрген босқа, жәй.
Көрмесем де,
Көргендей ем бұрыннан,
Мен де жырға жастайымнан ұрынғам.
Жаным ләззәт табушы еді жадырап,
Ойлылықты көрген сайын жырыңнан.
Сүйінемін сенің терең ойыңа,
Дарындылық қонғанына бойыңа.
Асыл ойды арқау еткен жырына,
Құштар едім құнды жырдың ойына.
Білем-білем басқа емес бұл сезімнен,
Ә, дегенде-ақ іштей мұны сезінгем.
Жыр шолпаны, айналайын сөзіңнен,
Жыр шолпаны, сүйейінші көзіңнен!
Кей мұңыңа жүрегімнен езілгем,
Кей зарыңа бұл өмірден безінгем.
Жыр жолыңа қайта-қайта үңіліп,
Сырласушы ем, сырт жүрсең де өзіңмен.
Сырымды айтам, шынымды айтам жасырман,
Қасиетім аумайтын бұл басымнан.
Ой болжалын жасап жүрмін жырыңа,
Жасайды деп асып алғы ғасырдан.
Ойхой, сезім мені қайда бастадың?!
Дей алмаймын барымды айтып тастадым.
Бұл минутты ұмыта алман қашан да,
Болғанымен баяны жоқ қас қағым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу