Өлеңдер ✍️

  05.09.2022
  192


Автор: Жандарбек Жұман

Студенттік өмір

Құшақ ашты жас ұлға Есіл өңір,
Жатсынбастан ертіп ед көшіне өмір.
Екі мың он біртұғын.Күз.Қыркүйек,
Осы кезді алайын есіме бір...

Іліп еді жанарға моншақ бұл Күз,
Ауыл жақтан себебі алшақ тұрмыз.
Сексен қыздың түсіппін ортасына,
Ал өзіміз санасам он шақты ұлмыз.

Қызық боп тұр еске алу маған мұны,
Ойлар келіп түртеді санамды ірі.
...Таң қалмадым көп қызға, өйткені бұл-
қазақ тілі,әдебиет мамандығы.

Жаңа өмір. Атуда арайлап таң,
Білім қуып, мына бас талай қатқан.
Танысуға кіріскен бір-бірімен,
Студенттер жиналып әр аймақтан.

...Армандарды жібердік алға астырып,
Ал,жүрекке сенім мен жармасты үміт,
Осылайша басталған «тәтті өмірді»,
Келудеміз бүгінде жалғастырып.

Қазір олар жан емес жүзі бөтен,
Ізгіліктің сендермен ізіне өтем.
Мектептегі кездердей ұмытылмас,
Студенттік өмір де қызық екен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу