Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  46


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ПЕТРОГРАД. ПУШКИН МЕН ЕСЕНИН

Қақпасын қоймаған соң тақылдатып,
Ақшасын болмаған соң жақындатып.
Фотограф,
Әрең ердi Есенинге
Айта алмай алабұртқан ақынға түк.
«Жынды ма...»
«Иә, жындымын! Есенин – мен!».
«Есенин... екенiңдi, бәсе, бiлгем».
Петроград. Таңсәрi уақ. Сирень иiсi.
Бос жатыр жүргiншiсiз көше мүлдем.
Ескi бақ. Орындықта – Пушкин. Қола.
Есенин
Ескерткiштi құшсын бара:
«Бiз – доспыз. Басшы бiздi суретке шал!»
«Келмейдi милицияға түскiм, бала.
Бұл үшiн екеуімiздi қамайды әлi...»
«Қорықпа, құтылармыз қалай дағы».
«Жарайды, қоймадың ғой, тәуекел!» деп,
Қиқаңдап көнген болды шал айлалы.
«Қалайсың қозғалмауға бiр азырақ,
Жарық аз, түсiремiн ұзағырақ».
«Жарайды, мен шыдармын.
Ұшқалақ ед –
Сашадан қозғалмауын сұра, бiрақ».
«Ендеше түсiремiн,
шыда кәнi...».
Әккi шал аппараттан сығалады.
Қос ақын құшақтасып қатар отыр
Суретке түспек болып сыбағалы.
Таңсәрi. Ұйқыда әлi бүкiл халық,
Молайып келе жатты, шүкiр, жарық.
Қола ақын мен бала ақын...
Екеуара –
Соғып тұр жалғыз жүрек лүпiл қағып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу