Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  67


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АСТАРХАН ДОСЫМ

Астархан көрсе мәз болып шалқалай кеп,
Иықтан менi ұрып қалатын:
– Әй, хал қалай, – деп, –
Ауылды ұмытқан ақын?..
Шарт ете жаздап әзiлге
Шақ қаламын,
Бұртыңдап сосын клубқа беттеп,
Мен ақталамын:
– Ауылды ұмытқам жоқ! – деп.
Сол Астарханды жерлеуге кеш қалғанмын,
Жете алмай сарқылды төзiм,
Жолай еске алғанмын,
Аяулы марқұмның сөзiн.
Досымды әлi өзiмше тiрi көрем,
Сағынам қылықтарын да.
Айтшы, мен шыныменен,
Ауылды ұмытқаным ба?
Рас, мен кейде өмiрдi думан етем,
Әлемнiң үлкен қалаларында.
Қалада туған екен,
Ойласам –
Балаларым да...
Құстай ұшамын жоғалтып сабырымды,
Қалаға пара-пар көрем,
Кiшкентай ауылымды
«Үлкен Қаратал» деген...
Көктем де келдi, Астархан, анаң қара,
Жатыр ғой шыбықтар көктеп...
Ақталам саған ғана:
– Ауылды ұмытқам жоқ! – деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу