Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  69


Автор: Ербол Бейілхан

Қазір, білем, сөз шығын, ой тұман-ды...

Қазір, білем, сөз шығын, ой тұман-ды,
Сезім едің аяулы, Ай тұмарлы.
Сүмбіленің жаңбыры сүю деген,
Сүю деген – сый ету жарты жанды.
Қазір мүлдем хат жазу сиректеді,
Мейірімін төкпейді күн көктегі.
Елі көшкен жайлаудай бұл көңілді
Жұбатады өзіңсіз кім кеп мені?
Бұл күндердің бәрі де өтер дейсің,
Хабарлассам қоңырау көтермейсің?
Сағынышпен емініп “жаным” десем,
“Сізден көрген азабым жетер” дейсің!
Бір түрліміз, білмеймін, осы күні,
Өзің едің көңілдің хошы, гүлі.
Жүрегіңнің алдына келіп тұрмын,
Қаға алмаймын құлып бар есігіңді...
Біздің бақта сап-сары гүл өседі,
Со гүл жайлы баршаның кіл өсегі.
Мынау жұрттың көзінен сақтай алмай,
Менің нәзік жүрегім дір етеді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу