Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  122


Автор: Мақпал Жұмабай

Мені үнсіз ұғынатын мұңдасым...

Мені үнсіз ұғынатын мұңдасым,
Мені үнсіз ұғынатын сырласым,
Қаламымнан өлең болып төгілген
Аманбысың, құрдасым?!
Жылдар, жылдар ағады ма
Жайықтай,
Жалғандықтан, жалғандықтан айықпай.
Сенің таза пейіліңе заманның
Сотқарлығы лайық па-ай?
Арашалар арамдықтан, тордан да,
Бақыт құсы ақылсызға қонған ба,
Күресе алмас құр кеуденің, айтшы сен,
Тіршілігі оңған ба?!
Дау айтпадым. Дауа іздедім.
Сезілді
Адамзаттың сүйетіні өзіңді.
Ессіздікке есі кеткен ендеше
Жұма көрме көзіңді!
Адамдардың адалдығын тілегін,
Бүгін — барсың,
ертең — жоқсың. Білемін.
Жығылуға болмайтынын әзірге
Ұмытпашы, Жүрегім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу