Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  120


Автор: Мақпал Жұмабай

Өзгешелік

Көре-көре дүниенің қайғысын,
Амалсыздан ойға батқан Аймысың?
Арамдық пен жалғандықтар жайында
Жақ ашпайтын байғұсым.
Жазылады, жазылады жылнама,
Жоғалмайтын жыр ғана.
Сенің мұңды шақтарыңа куәгер
Қалғымайтын қыр ғана.
Ұнады ма, өзімшілдеу мұнар күн?
Менен басқа сенен оны сұрар кім.
Тәкаппарлық, паңдық, өрлік дегенді
Бәлкім, сенен үйренетін шығармын.
Өтіріктер әлемі де — басқа ұғым,
Ғұмыры мен тіршілігі — қас-қағым.
Мен олармен күресуді, жарық ай,
Дәл бүгіннен бастадым.
Еркелік жүр өкпелейтін ағаға.
Жабығуды қалдырамын жағада.
Кердеңдікке, кердеңдікке жердегі
Ішек-сілем қата күлгем бағана.
Қарсы алдымнан ашылардай кең құшақ,
Келер күнге асығу да — Ем сен құсап.
Еркемін-ау, бірақ сендей аспанда
Тұра алам ба мең құсап?!
Мен — жақсымын. Кейбіреуге жаманмын.
Қас-қабағын ұққым кеп жүр заманның.
Аппақ, аппақ жүрегім бар ай сынды,
Өзгешелік: Ай емеспін, Адаммын.
Ай емеспін, Адаммын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу