Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  112


Автор: Есләм Зікібаев

ƏКЕМЕ

«Сұм ажал, өмір күшін қалай жеңдің?»
Дегендей шымылдыққа талай келдім.
Əкемнің «ұйқыдағы» келбетіне
Қарай бердім, қимадым, қарай бердім.
Есіктен шығарарда ақырғы рет,
Жақын бардым мойнына асылғым кеп.
Əттең, дүние-ай, сезбейді-ау, қозысының...
Мəңгілік тыныштықта жатыр жүдеп.
Тыя алмай көздің жасын, еңіредім,
Мұндайда кім табады көңіл емін.
«Берсін, – деп жұбатады, – өзіңе өмір»
Айнала қариялар төңірегім.
Мойнына ақырғы рет асылмадым,
Кетті екен тастап қайда асыл жаның?
Қиярмын қайтіп қабір құшағына,
Отырар еркелетіп қасымда кім?
Ай тұрмақ, өтсе жылдар – айықпайды,
Сағыныш жүрегіме жайып қайғы.
Еңсені езген ауыр əке өлімін
Ойласам, қайтіп жаным қайыспайды?
Жан əкем, осы жайды сездің бе сен,
Еңсемді ауыр ойға ездірмес ем.
Айтар ем ақтадым деп қарызымды,
Ініме жетімдікті сездірмесем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу