Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  68


Автор: Есләм Зікібаев

ЕШТЕҢЕ ДЕ СҰРАМА

Ештеңе де сұрама бүгін менен,
Жақсы, жаман... білмеймін түгін де мен.
Шуақ құйсаң болғаны жүрегіме
Жанарыңмен аймалап күлімдеген.
Тірлік жайлы, ел жайлы, қоғам жайлы...
Ештеңе жоқ ойласам одан жайлы.
Бірақ бүгін солардың біреуі де
Жүрегіме жұбаныш бола алмайды.
Моп-момақан жатқанмен дала сұлық,
Тұлпарымды белдеуде таң асырып,
Шығардаймын бір жойқын шабуылға
Жүрек тыным бермейді аласұрып.
Жүрек тыным бермейді аласұрып,
Қармап алған жанымды қара суық.
Тілемей-ақ қояйын басқа тілек,
Көңілімнің кішкентай наласын ұқ.
Ештеңе де сұрама басқа менен,
Бірдеймін қамсыз-мұңсыз жас баламен.
Бəрін-бəрін ұмытып кеткендеймін,
Төңкеріліп жатса да аспан-əлем.
Көшіп жатса дүние дүбірлеген
Қарама оған, жаныма үңіл дер ем.
Шуақ құйсаң болғаны жүрегіме
Жанарыңмен аймалап күлімдеген.
Басқа ештеңе сұрама бүгін менен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу