Өлеңдер ✍️

  21.08.2022
  308


Автор: Жасұлан МАЙЛЫБАЙ

САРЫТӨБЕ

Бақилық болып нар атам кеткен,
Сары бір төбе – сарғайған өңір.
Сағынышымды таратам деп мен,
Төгілтіп өлең таңдайдан небір
Шалғайдан келдім...
 Жусаны жылап оянар таңда,
Өткенім қалғып жатқан қыр еді.
Шұғыла сәуле бояған талға,
Мұңымды бүгін ақтарғым келді.
...Қораға жеңгем бара жататын,
Тәтті елес күліп талдырма белден
Шошынып қалып дала жататын,
Шелектен шыққан салдырлақ үннен.
Мезі еткен қала жырақта қалып,
Біздер ме... біздер шұбатқа қанып.
Тәмпіш мұрыннан бұлақтар ағып,
Алысатынбыз құмаққа барып.
Созыла сұлап жатқан бөктерлер,
Шуға толатын балаң күлкімен.
Қанатын ерте қаққан көктемдер,
Көрісіп жатар бабам жұртымен.
Ойы толатын боздаған үнге,
Қойы толатын қыратқа мынау.
Содан да бері боздала мүлде
Бозбала күннен жырақтадым-ау.
Жазған-ай, оның жанары мұңлы,
Жарасыз болса, елемес едім.
Боздатып бота – балалығымды,
Бұрылмай кеткен мен емес едім.
Шын айтам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу