Өлеңдер ✍️

  18.08.2022
  94


Автор: Нұрлан Қалқа

Қапалымын

Мен бүгін қапалымен, қапалымын,
Қайраңына көңілді тартады мұң.
Жалғыз қалып, сан ойға шомған сəтте,
Өзге емес, өз кінəм артады мың.
Бұрын қандай едім мен, қазір қандай,
Қыртыс-қыртыс тартады əзір маңдай.
Барлық жанды дос көрген пенде едім,
Өзгердім ғой, пешенеме жазылғандай.


Кітап еді жан досым, сырласым да,
Ғажап қиял тулайтын бір басымда.
Елдің бəрін періште көретін ем,
Енді қазір көңіл пəс, бұлт басымда.
Бала кезді аңсаймын, армандаймын,
Жақсы шағым тым артта қалғандайын.
Есеюге асыққан қайран көңіл,
Болып шықты ақыры жалған пайым.
Кеше қандай едім-ау, бүгін қандай,
Таулы, тасты жолдардың бұйырғаны-ай!
Əппақ əлем мендегі кірбің шалып,
Қай-қайдағы ойлардың жиылғаны-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу