Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  161


Автор: Рза Оңғарбай

ҚЫЗЫЛ ЖЕЛ ҚҰБА ТАЛДЫ ЖҰЛМАЛАДЫ

Еске сап бір ойы бар қу баланы,
Қызыл жел құба талды жұлмалады.
Түсінбей қапелімде ешнәрсені,
Тал байғұс тыпыршиды, ырғалады.
Ол желдің көруші еді күшін де кем,
Жәйлары көп екен ғой түсінбеген.
Майысып мың бұралып, қарсыласты,
Табиғат қандай сұлу мүсіндеген.
...Қолаң шаш, үсті-басы шөңгеленіп...
Құба тал алмақшы еді жөнге келіп,
Қызыл жел шырқ үйіріп есіргенде,
Етегі кетті дейсің дөңгеленіп.
Көз жасын бұлт та сонда бүркіп еді,
Жел талдың кірпігінен сілкіді оны.
Енді сәл кешіккенде барлығының,
Басқаша болуы да мүмкін еді.
Құба тал тағдырдан бір сый алғандай,
Айнала сақ қарайды қиялданбай.
Қызыл жел қапылыста қашып кетті,
Әлгі бір әбестікке ұялғандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу