Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  626


Автор: Айгүл Талысова

АҚТАУҒА БАРАМ

Ақтауға барам, алқынып жетем, асығам,
Арқалап алып сезімді бір сәт тасыған.
Көзімде бақыт сыйлаған мұңсыз тағдырым,
Ал жүрегімде – ғашық ән!
Ақтауға барам, жеткенше желпіп асығам,
Қарамай жолда өркешті тау мен тасыңа,
Ақтау емес ол, махаббатымның мекені,
Жеткенше қалай басылам?!
Ақтауға барам, жай емес, сеніп барамын
Шындық қой, шындық Ақтаудан бақыт табарым!
Көз жазып қалған көктем дәуренім осында,
Мені де түсін, қарағым!
Ақтауға барам, арманның мініп арбасын,
Осыннан іздеп бақыт өмірдің жалғасын.
Айдын көлімді, аққуларымды аңсадым
Айызым қанар барғасын!
Ақтауға барам сытылып сансыз мұңдардан,
Тұнды арман менің жүрегіме бір мұңды арман –
Өлсем де егер іздеумен оны өлейін,
Табылар ізім құмдардан!
Ақтауга барам, Ақтауда менің Арманым,
Шаң басып қалсын санадағының қалғанын.
Көрмей-ақ мына, сезбей-ақ мына өтейін
Сұм дүниенің жалғанын!
Ақтауға кетем, жіберің мені, босатың,
Сүйгенім сонда сағынышыма қосатын!
Құдіретім жоқ, құдіретім жоқ әрі қарай
Келер деп оны тосатын.
Ақтауға кетем босатың мені,
Босатың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу