Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  302


Автор: Алмас АЛТАЙ

КҮШТІ ӨЛЕҢ

Бақ шығарсың, Тәңір тек маған қиған,
Құның басым мендегі тәмам сыйдан.
Жүрегімнен жабырқау күзді қуып,
Көктем ару жаныма самал құйған.
Күн шығарсың, жылуын маған төккен,
Айнымас саған берген санам серттен.
Сендегі бал қылықтың арбауында...
«Менім» ұмыт...
Сезімім салар өртке.
Нұр шығарсың...
Мен жалғыз жана алмаймын,
Бірге болсақ алынбас қамалдаймын.
Сен болмасаң қаңырап жан дүнием,
...Бірге болсақ... қабағыңды баға алмаймын.
Бірге болсақ әуеспіз таласуға,
Барды-жоқты түгендеп санасуға.
Бір-ақ сәтке ұмыт боп шырын сезім,
Бар ерікті береміз зәр ашуға.
Ортақ шешім таба алмай ақыр соңы,
Кетісеміз!
Жөн көріп ой, ақыл соны.
Өзгерте алмай шешімді, иіле алмай,
Кетісеміз көздермен ашу толы.
...Ұйқы да жоқ, күрсіну, жиілеп дем,
Қоштасуға қимайсың кейігенмен.
Таң алдында көз іліп түс көремін:
...Бал шақтарым бірге өткен сеніменен...
...Көңілсіздеу билеп ап қоңыр аура,
Отырамын батып шын ауыр ойға.
Алаң қылып әлдекімнің SMS-і,
Елеңдеп әр шалынған қоңырауға.
...Түсінбеймін, әйтеуір, несі құнды,
Мен отырам қайталап есіміңді...
Сен жеңесің!
Өйткені, күліп тұрып...
Кінәлі мен...
Сен сұрайсың кешірімді...
Шалқаярға дәрмен жоқ, бас ұрамын,
Бақыт сенің мойныма асылғаның...
Әңгімеміз таусылмай отырамыз
Бір түн емес, өткендей ғасыр жарым.
Сырлар аз ба жылдар бетін бүркеген?
Ал, махаббат, мәңгі бітпес жыр дер ем.
...Махаббатқа сүю аз ау... аз сүю...
Ұғынысу керек тағы тым терең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу