Өлеңдер ✍️
АДАЙДЫҢ АҚ БОЗ ҮЙЛЕРІ
Адайдың ақ боз үйлері,
Атадан қалған дәстүрім,
Қызыл бау, ақ бау, басқұрым,
Үйретуші еді ауылда,
Қыздарды жиып кешқұрым.
Жеңгелер ширақ қашанда,
Қол ұшын берер осалға,
Білекті түріп сыбанып,
Шақырар бәрін асарға.
Бала-шаға, қыз-қырқын,
Жүргендері бір сылқым,
Туырлық, түндік үзікті,
Шеберлер жүннен үзіпті.
Қапсырма ши мен іргелік,
Оюлы әсем түрге еніп,
Киіз үй сосын дөңгелер,
Өрнектер әсем өң берер.
Барлығын тігіп болған соң,
Кемпірлер келіп бір көрер.
Бағасын анық айтады,
Сұлудың шығар қайқаңы.
Шетінен кетсе дүмбілез,
Келіндер келер сыр мінез.
Киіз үй тікті анашым,
Бес қанат биік көтеріп,
«Әкелдім!»,-деді дарасын,
Кереге, уық, өте нық.
Сонда мен көрдім жасауды,
Ағаш үй көркем қашауды.
Киіз үй тіктік жабылып,
Бағындырғандай асауды.
Қатарға біз де қосылдық,
Ауылдың бәрі тігетін,
Тігерде бірақ тосылдық,
Керек-ау, адам білетін.
Берді анам бұйрық, жарлығын,
Шақырды сосын барлығын.
Салтанат пенен Ақтайды,
Киізді шебер баптайды,
Келіп жатыр Ондының,
Барлық қатын-қалашы,
Қолдарында бір-бір жіп,
Көңілдердің жоқ аласы.
Менің анам ауылдың,
Ардақтысы, данасы.
Басшы деп те сыйлайтын,
Қосшы деп те сыйлайтын.
Кең жүректі асыл жан,
Халық қамын ойлайтын,
Қысылғанда дем берді,
Мүжалсізді теңгерді,
Қандай пенде келсе де,
Көмектесті ел көрді,
Содан болар жұртының,
Алғысына бөленген.
Жақсылығы жасаған,
Алдынан шығып еленген.
Қуанып жүр үй-іші,
Қуанып жүр інім де,
Мен де тыным таппаймын,
Ұқпай жүріп бірін де.
Шаңырақ, уық сырладық,
Кереге, есік қырладық.
Туырлық пен үзікті,
Әдемі етіп тіккен соң,
Бір ай бойы жырладық.
Үйретті шешем бәріне,
Қолөнер, дәстүр мәніне.
Киіз үй біздің осылай,
Сән қосты әсем сәніне.
« Өзіңе қара, әліңе,
Оюдың түсін әріне.
Алдымен баста теруді,
Кіріспей тұрып нәніне»,
Деген соң алып ақылын,
Жіптердің тауып тақылын.
Ынтамды қойып істедім,
Бірақ та бірден «піспедім»,
Мақтана тіпті алмаймын,
Кеш болса өрмек қармаймын.
Шеберлер көп қой әрине,
«Өзімше, мен де дардаймын».
Шым-шым теру тоқимын,
Желбаулар мен алаша,
Көркем боп шыға келеді,
Бір жағынан қараса.
Осылай өсті қызғалдақ,
Қызғалдақ үзер қызға арнап...
Бойжеткен боп өскен соң,
Жастық өмір кешкен соң,
Бәрі ауылдан жан-жаққа,
Кетіп жатты әр жаққа.
Кезек келді маған да,
Оқу, оқу санамда.
Әуелден шимай құмарттым,
Мөлдіреген бұлақпын.
Бастауына тұнықтың,
Мен осылай құнықтым.
Ауылыммен қоштастым,
Қаламсаппен достастым.
Өмірге асау бет алдым,
Келді арманға жете алғым.
Әлқисса:
Ағаш үйді анашым,
(Тұнып тұрған жарасым).
Күнде күтіп баптады,
Тыныш бір сәт жатпады.
Жүн сабап, киіз басам деп,
Қаладан қызын шақырды.
Және туыс-жақынды.
Өмірден өзі кеткенше,
Басы жерге жеткенше,
Ұршығын қолдан түсірмей,
« Білмейміз десек, кешірмей»,
Жаңартып жүрді киізді,
Өрнектеп қошқар мүйізді.
Қазына ақыл ақтарды,
Еске алам сол бір шақтарды.
Сапарға ақтық аттанды,
Ақ боз үй алтын ордадан,
Тілегін ғазиз адамның,
Алла да бірден қолдаған.
«Күтіп ұста, балам!,-деп,
Ұлына айтты өсиет,
Қазақтың киіз үйлері,
Қасиет ғой, қасиет.
Біле-білсек ақ боз үй,
Ақ жаныңды дәлелдер,
Ақ боз үйде бас қосқан,
Алаш тулы кемеңгер,
Хандарым мен билерім.
Бүгін қандай күйдемін?!
Білмедім..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇