Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  74


Автор: Айнахан Есетова

Аңсау

Нарынның бойы нарша құм ,
Шағылдар шөккен күп - күрең .
Шөлейттен тапқан аңсарын,
Тамыры уыз сүттіген .
Аруана дүние исінді,
Адал сүт емген арда ұл .
Жүректе кие жыр тұнды,
Сағынышымды жалға жыр.
Құндақты сәби, жас ана,
Аяулы нәзік жан үшін.
Қара шаңырақ босаға,
Қара орман қазақ қамы үшін.
Арменен аптап ақберен,
Намыстан найза ұштаған.
Ер туған Нарын бақ мекен,
Бауырыңнан боздар құштар ән.
Есіл де жырды естіртейін .
Еділ де Жайық ,Нарын боп ,
Қараойда қайғы кешпейтін,
Қапыда тағы жазым боп.
Сүттігендердің түбінде ,
Бозторғай салсын ұясын .
Нұр сыйлап күн мен түніме,
Бабамның даусы, тұрасың.
Дәуірден озған дегдарым,
Дауылпаз дастан, күй дарын.
Кіреукең менен көбеңде,
Ер Дәуіт соққан зер барын,
Еншілеп ерте аңдадым.
Ой астында талды жыр,
Ай астында қалды сыр.
Еділ менен Жайықта ,
Ақшалы мен малды жүр.
Ақтылы қойды ақ қошқар,
Ай мүйізді ақсерке,
Алқынбай алқа топ бастар.
Алалы жылқы ішінде,
Аршындап озған арғымақ,
Жырында мәңгі мақсат бар.
Сөзімде менің жақпас бар.
Ай, жан баба, нар қасқа,
Толғамалы ақберен,
О не болар тот басса?
Қайрасам қайта жетіліп,
Қырсыздық қыры-қырсықты,
Қиялап тұрып шаппас па?
Саф алтынмен бәстеген,
Салмағы ауыр асыл сөз,
О да дертіп шыдатпас,
Сыр сандықта сақтаса.
Ұяда қалған шикі өкпе,
Мұзбалақ шыңнан аспас па?
Қалауын тапса халықтың,
Жетімдік көрген , Жемің де,
Сарқылып қалған Сағыз да ,
Арнасынан таспас па?
Дәтіме қуат дәтүрсің
Дариядан асқан тасқынсың
Асып та тасқан ақсүйек ,
Арыныңды қалай жақтырсын?
Ел-жұртым деген деміңе.
Есіл-дертіммен ерідім.
Керексің мәңгі еліңе,
Ар Намыс Мерей көрігім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу