Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  98


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

КАЛАЙ МЕН ҚҰРЫП КЕТЕМІН?

1
Дүрс етті дүлей жарылыс,
Жер мөңкіп, көлдер шашырап,
Таулар мен белдер қақырап,
Абдырап қалды атырап.
Көгімді бүркеп бір тұман,
Мұңайды орман сыңсыған.
Табиғат мең-зең хал кешті
Тек ұстап қалды бір шыдам.
Менің де жаным жаралы,
Аңырып аю қарады.
Құс біткен көктен құлады,
Бөкендер безіп барады.
Бөкендер безіп барады,
Мен енді қайда барамын?
Жамбылды жайлап сары тұман,
Шымкентті жапты боз тұман.
Алғаны алды ақ тұман,
Теңізді тепті көк тұман,
Күнбе-күн шөгіп барады
Балқашым менен Аралым.
Амудың суы алғаулы,
Сырдың бір суы сырқаулы,
Шөп пенен суда сиық жоқ,
Акыры қойдық талғауды.
Ботакөз мөлдір көлдердің
Кетірдік көркін лайлап.
Табиғи тұмса қалпында
Қалды ма екен бір аймақ?
Жайылымды қойдық тілгілеп,
Сау жер жоқ бүтін қарасаң.
Әумесер, тентек жел тұрса,
Аспанның асты ала шаң.
Сілтілі су мен улы ауа,
Өзекке түскен өрт болып,
Қасірет жайлап барады
Ағзаны улап, дерт болып.
2
Табиғат, жаның жаралы,
Қөңіліңді мың дерт қозғайды.
Кеудеңді тепсе перзентің
Қалайша жүйкең тозбайды?!
Жат бауыр болған көшектей
Демеші мойнын созбайды.
Жүрегің сыздап ауырса,
Енесін іздер ботадай
Көңілім менің боздайды.
3
О, табиғат,
Саф ауаңды жұтпасақ,
Қалар ек-ау тұншығып.
Перзентің адам ақылдан
Азап тартты-ау қырсығып.
Қалай мен құрып кетемін,
Ақ тілеу айтып тұрса үміт?!
Уа, табиғат, әулием,
Қамысың, қоғаң, қияғың —
Бәрін де қойдың жыршы ғып.
Бәйтерек болар күні ертең
Қадасам бүгін бір шыбық.
Жамырар сәуле жондарда
Алтын арай күн шығып.
Көгілдір көктем дүние
Жайнар-ау алуан гүл шығып.
Қалай мен құрып кетемін
Жыр толғар шақта құлшынып?
Ұмтылып нұрға келеді
Дүниеде барлық тіршілік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу