Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  1964


Автор: Түмен Балтабасұлы

МАҢҒЫСТАУ

(Толғау жыр)
Маңғыстау – Машайықтың басқан жері,
Қасиет-кереметі тасқан жері.
Жер жүзін желмаямен жеті айналып,
Ауғанға Асан бидің асқан жері.
Абылай, Әз-Жәнібек, Әлен төре,
Қазаққа Қайыпалды хан кезінде,
Жыландай улы зәрін шашқан жері.
Хандардың қарабауыр қарлерінен,
Жыландай шаққан тілдің зәрлерінен,
Жерленбей жеті жұрттың қашқан жері.
Көп болса ар жағы Әнес, бер жағы Алаш,
Арасын ағайынның ашқан жері.
Артынан аңдып жүріп орыс алды.
Ортадан ойдағыдай қоныс алды,
Ханды алды, қаланы алды, қараны алды.
Сахара мал жайылған даланы алды.
Оқыған «учительге» баланы алды
«Харазым ханға барып қайтеміз?» деп
Адайдың бір кішкене сасқан жері.
Жасасын Советстан әділ заңы.
Бірлесу, бейбіт күнге айналып тұр,
Жаһанның жаратылыс аспан жері.
Өндіріс, өнер-білім өркендеуде,
Күшейіп мал өсіру мәселесі,
Көмбенің көзін тауып ашқан жері.
Маңғыстау, білемісің не қылған жер,
Қашаннан қалың дәулет бағылған жер
Қыры егіс, суы бал, сазы сабын,
Мысқалы мың теңгелік металы бар,
Күмістей көмірі отқа жағылған жср.
Тал шығып тауларының тарауына,
Мал бітіп елдерінің қарауына
Балбұлақ бауырында ағылған жер.
Қыс қыстап, жаз қоныста жайлау үшін


Төлдетіп төрт түлік мал айдау үшін
Құлын-тай, бұзау-бота байлау үшін
Кіндіктен керіп желі қағылған жер.
Қыздары қызыл шарқат қия тартып.
Қос сырға құлағына тағылған жср.
Ақ көйлек айналасын алтын зерлеп,
Қынама қызыл мақпал бешпент киіп,
Иінге құндыз ішік жамылған жер.
Беглерім бес жүз сомдық белбеу буып.
Ат мініп арғымақтан алма мойын,
Ақбас ер, алты тоға, айшық жүген.
Құйысқан омыраулы тағылған жер.
Соқтырып сом күмістен алтын шайып,
Керегі кербездердің табылған жер.
«Шаруа шаңды қиян» деген атақ,
Тарихта тасқа басып жазылған жер.
Байлығы жер астының байқалғаннан,
Бұрын да талай толып шайқалғаннан,
Ашылып, әлденеше жабылған жер.
Маңғыстау мал өсіру мәселеде,
Жан салмай жарысқанда шабылған жер.
Жерінде кереметі әулие көп.
Тәкаппар тек жүрмеген тентектердің,
Таулары талай рет шағылған жер.
Айыбы азға көбі зорлық етіп,
Әлдісі әлсіздерге қорлық етіп,
Әріден аруаққа шалынған жер.
Шалынса шайхыларға шағынған жер,
Туына ту бие мен қошқар сойып.
От жағып рухына табынған жер.
Тарихын тауып айтсақ еліміздің,
Ата-ана кіндік кескен жерімізден,
Ен байлык кереметтер танылған жер.
Бас қосып Байұлы, Әлім батасымен,
Еншіге елімізге алынған жер.
«Жат жерде жалғыз ауыл біз келдік» деп,
Жасаған — жалғыз Хакқа жалынған жер.
Шөбінен шөккен түйе көрінбейді,
Қалың шөп қарашыққа малынған жер.
Өлінің рухына тірілері,
Ас беріп, ат шаптырып, ақ үй тігіп,
Қой сойып, Құран оқып құдай үшін,
Бәсеке тастан тамы салынған жер.


Ол күнде ел еншісі жер болады,
Елімде жер қорғайтын ер болады.
Мінгені ерлерімнің кер болады,
Акқаны ат бауырына тер болады.
Асынып алмас қылыш алты қару,
Төрт бөліп түн ұйқысын сабылған жер.
Дәм айдап алыс жерге кеткен ерлер,
Ел үшін еңбек-қайрат еткен ерлер,
Келгенше кіндік кірін сағынған жер.
Қырынан қырық құлаш түбі терең,
Шыңырау шығырменен қазылған жер.
Тас астау айналасы алты құлаш,
Толғанда тоғыз үйір қанылған жер.
Бұл жерде кімдер кетіп, кім қалмаған,
Қара жер қаза жетсе кімді алмаған?
Қызылбас, Қытай, Қыпшақ, Қырым, Қырғыз
Айладыр алтау болса, Қалмақ жетеу,
Ерлерден ертедегі қалынған жер...
...Маңғыстау Ер Бекеттің туған жері.
Кетіріп кіндік қанын жуған жері.
Кіндігін қожа-молда қолмен кесіп.
Тамырын тарамыспен буған жері.
Бекетке туғаннан-ақ дұға дарып,
Қастасқан жауыздарды қуған жері.
Шайхының шарапатты дұғасымен,
Тентекті тек жүрмеген тыйған жері.
Халқының қара менен хандары да
Қаптаған қалың дәулет малдары да,
Маңғыстау – үш түбекке сыйған жері.
Кешегі Отан соғысы кездерінде
Елімнің ер көңілді жігіттері
Дұшпаннан анталаған елін қорғап,
Халқы үшін қасық қанын қиған жері.
Маңғыстау - үш қиянның өрен жері,
Жерленбей жеті жұрттың кеткен жері.
Иеленіп иесі кеткен ессіз жерді,
Атамыз Адай мекен еткен жері.
Суы сүт, шөбі шүйгін бал татиды,
Төлдетіп төрт түлік мал өскен жері.
Көл түскен күн жауғанда көлдеулерге,
Ақ бидай, ақ жүгері, арпа, тары,
Шалдардың шашып тұқым сепкен жері.
Бөлініп Бөкейханнан көшіп келіп,


Ел болып ірге-қоныс тепкен жері.
Атамыз алпыс үйден аз келіпті,
Ішінде Ақпан деген Таз келіпті.
Есболай екі үй екен ере келген,
Қалғаны қар кеткесін жаз келіпті.
Аралас Адай, Беріш ақ көл қонса,
Аспанда аққу ұшып қаз келіпті.
Шотан ер шұбар атты ұстап беріп.
«Аға» деп Әжібайға бата айтқызып,
Той қылып Адай туын тіккен жері.
Көк теңіз айналасы бәрі балық,
Ем болған ауруларға дәрі балық.
Қортпасы қойдай семіз ақ балық бар.
Жегенге жылқы етіндей жеңсік болған
Ішінде шоқыр, шортан, сары балық,
Қазына қара жердің қойнында көп.
Байлығы жер астының тұнып тұрған
Суының беті сүлфэт дәрі болған.
Теңіздің түбі терең бәрі балық.
Қаңтарып қара суға қара қайық
Сүзгісін су бетіне кұрып тастап,
Киімнің судан шешіп кепкен жері.
Баяғы бай-патшаның заманында,
Жалданып жарлы байға, жалғыз көпке,
Жарлының жанды жапа шеккен жері.
Жасасын Советстан әділ заңы,
Құр-құрлап қолмен ұстап асауларын,
Жұмысқа жуасытып жеккен жері.
Ауданның Алматылық бірі де біз
Байлыққа басқа ауданнан ірі де біз.
Руға ұран болған пірі де біз.
Кең дәулет кетпейтұғын кірі де біз.
Таутайлақ, жезтырнақты атып ұстап,
Хандардың қастасқан күн қанын ішіп,
Өлтірген Рукинді ері де біз.
Халқымыз қауымдасып колхоз болып,
Хаттанып қалмай тегіс кәрі-жасы,
Қақпалы қақ ортадан қала салып,
Дегенге еліміздің жеткен жері...
...Маңғыстау - Машайықтың жатқан жері.
Ашылған абыройын жапқан жері.
Қаратау қақ ортасы қасиетті,
Басына Отпантаудың шығып алып


Адайым Ұран-отын жаққан жері!
Желіндеп жер бетіне жеміс шығып
Сүттей су бауырынан аққан жері.
Сейілхан сегіз арыс сыртымыздан,
Қазақты халық емес деп шаққан жері.
Ұйғыр ұлт Қоқан ханның көмегімен,
Хан бастап Харазымнан Адайларды
Аңсызда алты мезгіл шапқан жері.
Шамданып шапқындыққа шайқылары,
Келгенін кедергілеп жатқан жері.
Бастығы Бақы-Қара, Оразмеңді,
Ішінде Есен, Сүйін ерлері бар,
Ел шетін итше тістеп қапқан жері.
«Ат мініп алты бала береміз» деп.
«Ел шауып Маңғыстаудан келеміз» деп.
Тәқаппар тіл тигізіп тек жүрмеген,
Тентекті тізесімен қаққан жері.
Қалың қар қараша мен қауыстағы,
Қан мен қар араласып қатқан жері.
...Тұрманбет Харазымнан қайтып келді,
Хабарды Самдағы елге айтып келді.
«Аттанып екі жүз қол кетті» депті.
«Еліне Маңғыстаудың жетті» депті.
«Еліріп есірген жау біле білсем,
Сол елге бір оқиға етті» депті.
Батырдан бұл хабарды естігесін,
Сам алды Жарқұдықта жалғыз төбе,
Адайдың ұран-шақпақ жаққан жері.
Адайдың алпыс кісі аламаны,
«Болар, - деп бір кұдайдын қалағаны»,
Келетін кейінгі елге қарамады.
Мінгені кілең бедеу жарағаны,
Мінуге жаман жабы жарамады.
Келген жау кері қайтар екі жол бар.
Екі сай – Ебелектің ең терісі,
Болмаса Босағаның Қарағаны.
«Қара оба Қалмақ үйген» қарауылға,
Қарсы алдан қайтқан жауды баққан жері.
Бастығы Балуанияз, Асар, Балта,
Арыстан, Әбілғазы, Амантұрлы,
Кездесіп кілең батыр кең далада
Қарудың қара қанға батқан жері.
Батырды Балуанияз Бақы-Қара,


Оқпенен өкпесінен атқан жері.
Бақының Батыр Балта басын кесіп.
«Кеткен кек осылайша қайтады» деп,
Қос уыс қанын ұрттап татқан жері.
Ақбас ер, арғымақ ат, ала қоржын,
Қырмызы қызыл шапан, қынжал қылыш,
Ерлердің елге тегіс тартқан жері.
Алаштың Балуанияз ақпарлы ері –
«Болғай, — деп, – мәңгі жайлы жатқан жері!» –
Құла атты қой мойынды кұдай үшін,
«Жолына Ер Бекеттің садақа» деп,
Тұмарды төрт бұрышты таққан жері.
Батырбек, Балуанияз, Қармыс, Қабыл,
Төленді, Төкеш пенен Есенияз,
Мырзатай, Кенжебек пен Құлбарақтай,
Елдегі ер көңілді ерлерімнің,
Халқы үшін қасық қанын қиып барып,
Жарадан-жаудан жазым тапқан жері.
...Қараойы қасиетті Маңғыстаудың,
Жерленіп жеті жұрттың жайлаған жер.
Тоң қатпас тоқсанында жылы жерде,
Шөп шығып шөңгесі жоқ жайнаған жер.
Жылқыны құла төбел құлындатып,
Қоздатып қоңыр қойды айдаған жер.
Ақ тұмсық айыр іңген алмас өркеш,
Шудалы шошақ өркеш нағыз нарды,
Желіге желбұйдамен байлаған жер.
Идіріп қозы емгесін енелерін,
Сұлы мен сүт кергесін денелерін,
Тұра алмай тоқтылары шайлаған жер.
Ақ киіз, қалы кілем кіре қылып,
Нарға артып ел көшкенде тайлаған жер.
«Ақ жолым» үй аулының желкесінде,
Сахилық салтанатқа сайлаған жер.
...Маңғыстау біздің елдің жайлаған жер,
Қара орман қалың дәулет айдаған жер.
Ғасырдан он жетінші бермен қарай,
Қонған ел қонысынан таймаған жер.
Мал бакқан малшылардан маман шығып,
Малдары апаттардан аман шығып,
Еңбекші ел еріндерін майлаған жер.
Арасын аспан-жердің қолмен ұстап,
Тіл бітіп темір сыммен телефонға,


Бұлбұлдай патефоны сайраған жер.
Амалдың алпыс екі бәрі шығып,
Көтеріп көкке ұшатын «дәрі» шығып.
Үйреніп өнерпаздар осыларды,
Темірден техника сайлаған жер.
Ақ орда алпыс басты әшекейлеп.
Ақ киіз, ала көрпе, мамық жастық,
Төрінде төсектері жайлаған жер.
Ақ шәйнек, сары самауырын қызыл шоқта,
Қызыл шай қыздар құйып қайнаған жер.
Сапырып саумал ішіп шөлдегенде,
Бағылан ет, бауырсақты шайнаған жер.
Жасынан шешен туып шешесінен,
Қайыртпай хан алдында сайраған жер.
Ер шығып елімізден екпіні зор,
Қылышын қия жонға қайраған жер.
Қастасса ханды өлтіріп тайынбастан,
Оязды Рукиндей және өлтіріп
Кескегін кесе тістеп қайзаған жер.
Шенессе шетелдерді шегіндіріп,
Тартысқа табандары таймаған жер.
Үйінде аксақалдар кеңес кұрып,
Зерделі зейіні мол адам шығып,
Ақылмен алдағыны ойлаған жер.
Бас иіп патшаға да бағынбастан,
Ең кемі елу жылдай ел соңынан
Тарпаңдай тал құрықты тартып үзіп.
Бұғыдай бұғалыққа байлаған жер.
Шашақты шарқат тартқан бастарына,
Шылдырлап шашбау таққан шаштарына.
Шайқалтып жорға мінген астарына
Жеделдес жеңгені ерткен қастарына
Сәукеле сары алтынға малып киген,
Қызыл тон қымбат пұлға алып киген.
Бірігіп еліміздің жалпы жасы
Үстіне торқа киіп тойлаған жер.
Қара жер қашаннан да қара бауыр
Жаралған жанның бәрін қоймаған жер.
Бұл қаза қара менен хандарды алды,
Жас сәби, кемпір менен шалдарды алды.
Жебір жер жеті қабат қарпып жалмап,
Бәріне осылардың тоймаған жер.
Балдырған балапандай балдарымыз


Жарысып құлын-тайдай ойнаған жер.
Кешегі Отан соғысы кездерінде,
Қарсы алып қан майданда қалмай тегіс
Алысып алты жылдай алдық жеңіс.
Жеделмен жеңіп алып жедік жеміс.
Ұрысқан ұлттарымыз герман-неміс,
Тоң кешіп тоғыз қабат толарсақтан,
Қар кешіп қабырғадан қажымастан
Балтырдан балшық кешіп тойлаған жер.
...Маңғыстау – Машайықтың жатқан жері,
Ағарып аппақ таңның атқан жері.
Үкімет, партияның бастауымен,
Іздеген ел керегін тапқан жері.
Қарсы алып колхозшысы қалмай тегіс
Жарысқа жалпы көппен шапқан жері.
Қазына қара жерден қазып алып
Тоннасын тоқсан сомнан сатқан жері.
Хат танып қатын-бала қалмай тегіс.
Жарық шам жалпы халық жаққан жері.
Хандардың қара бауыр қайырымсыз,
Көрінбей көздерінің батқан жері.
Көрсеткен көсемдердің көмегімен,
Теңесіп Отанымның көп елімен
Бауырдай бір туысқан бақыт құшып,
Мәңгілік рахатқа батқан жері...!
 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу