Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  78


Автор: Баян Тіленшина

ТАҒЫЛЫМ

Өткінші жарық ағымын,
Өмірдің түгел сағымын,
өткердім бастан,
айтайын,
Тірліктен жиған


ТАҒЫЛЫМ:
Ақты қаралама,
Ағашты аралама.
Әркімнің сендей жаны бар,
Ешкімді жаралама.
Тұлпарға теңеймін деп,
Есекті тағалама.
Анасын сыйламағаннан,
Нұр түспес жан адамға.
Шындығы жоқ – кісәпір,
Кісі деп бағалама.
Ат аунаса түк қалар,
Араздықтан жүк қалар,
Шер толқытқан жан сырың –
тіліңнен тамып, жұпталар.
Бір рет алған алғысың –
жүз бәледен құтқарар.
Озғанды сенен күндесең,
Саған да біреу сұқтанар.
Жылатса тағдыр босама,
Жаңбырмен жер де мықталар.
Жақыныңмен жауласпа,
Іздеме бәле сау басқа.
Түсініспей қалдым деп,
Еліңнен көшіп, тауды аспа.
Бытыр-бытыр сындырар,
Бірлігі мықты дауласса.
Біз – құдайдың құлымыз,
Сен ұлы болсаң, дау басқа.
Бүгін бар өмір ертең жоқ,
Ұрпағың қалар өркен боп,
Ғалым мен ақыннан басқа,
Мәңгілік атты көргем жоқ.
Өмірден көшкен жандардың,
Рухтары тірі, өлген жоқ.
Сол рухтың демі қолдасын,
Алақан жайып келген топ.
Қызыр бабаң оңласын,
Қайығыңды желкен боп.
Жаратқан ием – бір Алла,
Жар болсын күллі Тұранға!
Достарыңа тарылма,
Дұшпаныңнан сұранба!
Ойыңнан кетсін жамандық,
Күл- қоқыстан құралма.
Бір жақсылық – мың сауап,
Осылай деген Құранда.
Шыңға қонған қыран да,
Өрмелеп жеткен жылан да.
Сиынып ал рухтарға,
Орыныңнан тұрарда.
Толтырып малдың қорасын,
Маңайды маңғаз шоласың,
Алдамшы тірлікте сыйлас,
Ертең-ақ топырақ боласың!
Мың асқанға бір тосқан,
Айтқызар Аллам тобасын.
Қолыңда барда пайымда,
Алтын мен мыстың бағасын.
Мыңның бірі киелі,
Айтқанда сөзі жүйелі,
Жүрегінен шыққан сөз,
Жүрегіңе тиеді.
Қылыштан өткір құдіреттен,
Балқиды адам сүйегі.
Сүйексіз болсаң, сөзім жоқ,
Құлағың, санаң, көзің жоқ!
Жақынның жатынан сақта,
Жаттың жақынын топта.
Арсыздың кейпін кимей,
Аталы сөзге тоқта.
Сөз қуалап өрекпіме,
Жеңеді ақыры ноқта.
Бөлінгенді бөрі жейді,
Жақындап жүр топқа.
Аузыңды қу шөппен сүртіп,
Үйір болма «жоққа».
Басыңды арашалаймын деп,
басқаға бәле соқпа.
Өзіңді өзің сына да,
Райыңнан қайт, тоқта!
Өмірдің қайсы мұраты?
Бақыттың қайда тұрағы?
Бір жақсылық, жаманнан,
Ілігіп уақыт тұрады.
Жамандық көрсең – жасыма,
Жақсылықтан тасыма!
Нелер келіп, не кетпес,
Әр пенденің басына.
Сыйластықты сатпасаң,
Тіршіліктің мұраты.
Қадіріңді сақтасаң,
Бақытыңның тұрағы.
Үлгілі өскен ұл-қызың –
қуаныштың бұлағы.
Секундтап уақыт ағады,
Жастықтың тозар табаны,
Мағыналы өткен уақытпен,
Күніңнің құны бағалы.
Ұрысқақ, ұры, маскүнем,
жалқаулар кімге жағады?
Білімсіз, күншіл, тәлімсіз –
анасының обалы.
Білместікті кешірсең,
Деңгейің сонда жоғары!
Әумин де, ағайын,
Домалақ анам болайын,
Ниетпен жайған қолыңа,
Періште-нұр боп қонайын.
Қабыл болсын пәк тілек,
Шалқысын көңілің толайым!
Тәп-тәтті болсын келер күн,
Басталғандай бал айың!
Өрнектелсін алтындай
қымбатты сөзбен сарайың!
Бұйырсын бізге иман-нұр,
Кәусарына қанайын!
Іс жаса ойлап әу баста,
Жақыныңмен жауласпа.
Сөз таласып жарыспа,
Қайтымсыз іске барыспа.
Жете алмай жүрме сағынып,
Тозаңдап көзің алыста.
Қызғаныш – қызыл шоқ, шалғы,
Жолатпа, жанды пәк ұста.
«Ұлық болсаң, кішік бол»,
Мастанып кетпе табысқа.
Иілгенге екі иіл,
Шіренгеннен қалыспа.
Бәрін айт та бірін айт,
Кір келтірме намысқа.
Құранды көтер төбеңе,
Шын сөйлесең, нан ұста.
Өсірген өзек қолдасын,
Еш жамандық болмасын,
Берген батам қабыл боп,
Қызыр болсын жолдасың.
Адасқанға жол салып,
ата- бабаң оңласын.
Биіктесін мәртебең,
Етектен тартқан сорласын.
Жаның жаурап жүрсе егер,
Жүрекке жылу орнасын.
Нұр жаусын алақаныңа,
Алладан түсіп мол жасын!
Әумин!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу