Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  101


Автор: Баян Тіленшина

Мен деші

Бәйшешек бүр жарғанда қауызынан,
Ақ қардың мұңын көрсең тауысылған,
Мені ойла, тұр екен де бірге егіліп,
Көктемдей аяз күнін ауыстырған.
Жыл құсы туған жерге оралғанда,
Мені ізде шықылықты дауысынан.
Мен деші таңнан бұрын тұрған құсты,
Емдеші, кеудемді от –Жырдан!
Қысты!
Тасты да жарып өнген тіршілік бар,
Сағыныш саз кеудемнен сыңсып ұшты.
Адами жаратылыс айғағындай,
Махаббат сезімінен Кім бар күшті?
Көрмеймін.
Бірақ саған жалғанамын,
Сен мейлің...
Елесіңе алданамын,
Миың мен жүрегіңде бірлік жоқ па,
Жетпей ме алыс жүріп, барлағаның?!
Гүл-ғұмыр кешу керек қызғалдақтай,
Ғасырлық жылы құрысын Қарғалардың!
Мен деші ессіз ғашық күнбағысты,
Түн тілеп, таңсәріден кім табысты?!
Тамшылар тырс-тырс қақса терезеңді –
Жұлдыз боп жанарымнан мұңдар ұшты.
Қыраумен сурет салдым әйнегіңе,
Өзіңе үйретсем деп мың дәрісті.
Сарыауыз балапанның шөжіліндей,
Іздейді-ау таңдар таңды көз ілінбей.
Күлген боп Сағынышты сүрткілейміз,
Сахналық Қожанасыр әзіліндей.
Мен деші сыбырлаған самал үнін,
Аққудың жаңа туған нәзігіндей.
Мені ойла таңдай кеуіп, кезергенде,
\Қадірді қиналғанда сезер пенде.\
Ағыспен мұңдарыңды әкетейін,
Мені ойлап, Үмітпен кел өзендерге.
Рухымды саған бердім, Саған бердім,
Өлмейтін адамдардың өзі өлгенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу