Әңгімелер ✍️
Әке мұңы
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген екен, данагөй Абай атамыз. Өз дәуірінің қиын-қыстауын көп көрген, ұлтының болмысын зерделеп, қазақи мінез бен ұғымның сырларына қанық. Бір кездері әкесі Құнанбай қажы «сен орысшылсың» – деп кінәлаған поэзия пайғамбары келе-ке- ле ислам дінінің қадір-қасиетін, мұсылман жұртына әділдік, тазалық, имандылық рухын сіңірген ұлықтығын шын мойындап осындай өсиет қалдырған. Ал Ыбырай Алтынсарин әмбеге аян «Кел балалар, оқылық» деген өлеңін «Бір Аллаға сыйынып, кел балалар оқылық» деп бастағаны тарихи деректен мәлім.
Иә, он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла тағаланың құдіретіне ешкім шәк келтіре алмайды.
Ел тәуелсіздігіне қол жеткеннен кейін ислам дінінің Абай мен Ыбырай мойындаған дәстүрі бүгінгі ұрпақтың жан азығына айнала бастады. Осыған шүкір делік. Бұл қоғамдық, жалпылық әңгіме. Ал, маған дәл қазір оның бірде-бір саясаты қажет емес. Алла тағаланың құдіретін мойындай келе оны өз жанының қасіретіне қарай бағалайтын халді жылға жуық бастан кешіп келе жатқан жайым бар. «Астың құнын татқан біледі, ауырдың құнын арқаға батқан біледі» деген емес пе, қариялар. Мен де көп пенденің бірімін. Сонан да ауырлық арқама батқасын, батқанда да омыртқамды опырып қабырғамды қақыратып сындырған алапат жағдайды бастан өткергеннен кейін құдіреті күшті Алла тағаланың пәрменіне біржола басымды идім.
Өйткені, ол адамды өзі жаратады, қажет кезінде өзі алады. Сұрап, тексеріп, бірінің көңіліне қарап жатпайды. Міне, оның пендені өз құзырына мойындатар керемет-күші сонда. «Атамды атсаң ат, ботамды атпа», «Балама жаным, анама барым садаға» дейтін жүрегі жұмсақ ақ тілеулі халықпыз ғой, бірақ үстіне қайғының қара аспаны құласа да,
пенде қан жұтып, қайғы кешіп, жер тырналай жыласа да Алла өзінің бергенін өзі алады және қайта жақсылық жасауға да шебер. Ажалдың ештеңе талғамайтыны рас. Ауру ма, сау ма, хан ба, қара ма, бай ма, кедей ме, жетім бе, жесір ме, біреудің жалғызы ма, біреудің жампозы ма, бәрібір уақыты жеткен мезетте бақи дүниенің қойнына кетері рас.
«Өзекті жанға бір өлім туу хақ, өлу хақ» дегеніміз де сол көрінеді.
Мен осы алпыс екі жасымның аясында ащылы-тұщылы өмір ғикметтерін көрдім. Отыздың әрісі мен берісінде әкем Шайман мен ше- шем Патыма жетпістің беліне көтеріле о дүниелік болды. Артында үш қыз, үш ұл перзент қалдық. Есімді білер-білместе әкем Түркістандағы Құл Қожа Ахмет Иассауидің киелі ғимаратына жетектеп апарып топырағын жалатты, мешіт қабырғасын сүйдірді. Әрине, әруақтарға мінажат етіп, Құран оқыды, Алладан тілек тіледі.
Анам он бес перзент көтерсе де ұлдары бірінен соң бірі шетіней бергесін ерінің соңына еріп Түркістан, Шымкент пен Қызылорда төңірегіндегі әулие біткенді жағалап, Құдайдан артында әулетін жалғастырар ұл сұраған. Сол әке-шешемнің әруақтарды қадірлеудің арқасында пайда болған мені үйдегі үлкендер айналасындағыларға қанатымнан қақтырмай, тұмсығымнан шоқтырмай аялап өсіріпті. Үлкен әпкем Гүлшат пен ортаншы әпкем Қадиша. Оның екеуі де соңғы жыл- дары дүние салды. Қыздың кішісі мені арқасынан тастамай, бейнетті көбірек көрген Қалдықыз апам, қазір жетпістің үстінде. Құйрығымды жер иіскетпей күн-түн кезек-кезек көтеріп, бәйек болған. Соның бәрі Шайман ұрпағы жоғалып кетуге қауіп таянғанда тілеп алған еркек кіндік болғандығым үшін екен.
Қырық алтының кемерінде Әбдіжәлел, отбасшы Ергешбек дүниеге келіп менің соңымнан ерген. Солардың төбесі көрінгеннен былай қарай мен бірте-бірте әлпештеуден де қала берген сияқтымын.
Әкем түсі суық болғанымен жүрегі нәзік, алды тар, арты кең ша- руа болды. Мен атқа мініп, түйенің қомына отыруға жарағаннан өзінің білген, көрген тәрбиесін үйретумен әлектенді. Әкесі Рахматул- ла сән-салтанатқа құмарлау, өлең шығарып, той-думанның ортасында болғанды ұнататын өзі сұлу, өзі жомарт, кісі сыйлайтын дегдар адам болған көрінеді. Шайман да әкесіне тартып, өлең шығаратыны бар, жақсы ат, ителгі құс, құмай тазы ұстауға әуес кісі болған екен. Төте жазу- мен кітап оқудан аз-мұз сауаты болды. Ордабасы – Қараспан өңіріндегі діни ортада беделі дардай диуана қожа әулетінде тәрбиеленген апамның да төте оқудан шөп сындырарлық бірдеңесі барын білетінмін. Мінезі қоңыр, иі жұмсақ кісіге тура қарап сөйлемейтін, ибалы, момын кісі еді, жарықтық.
Тірі жанға қиянаты жоқ, ұяты мен ары бойында, сөзі қысқа, қимылы сабырлы, Алла деген бір жан болды, қасиеттім.
Әке-шешем мал бақты, кейін есік алдына бау-бақша өсірді. Қолынан келгенше кәріп-кәсірге садақа үлестіруден танбады. Біреумен жауласпа- стан, ұрыс-керістен ада, кісінің ала жібін аттамай, наласына қалмай, өз тіршілігі өзімен күнелткен жандар болды.
Мен мектеп бітірдім. Сол мектепте жүріп біреулерге еліктеп өлең жаздым. С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, екінші курста Жаңақорғанда ашылған аудандық «Коммунизм жолы» газетіне жұмысқа қосылдым. Алла маңдайға не бұйыртса соның бей- нетін де, зейнетін де татасың деген емес пе? Міне, содан, сол айтқандай, қазірге дейін осы кәсіптің ізінен қалмай келемін.
1967 жылы тартоғайлық арғынның қызы Айжамалмен дәм-тұ- зым жарасып, отау құрдым. Дүниеге тұңғыш қызым Жанар, одан соң Манарбегім, сосын Динарам келді.
Тұрмысы қоңыр төбел шаруаның баласы болғандықтан үнемі бір нәрсе жетіспейтінін сезініп өскендіктен бе келе-келе балаларымның таршылық көрмеуіне аса ықылас қойдым. Ықыласым қаншама дұрыс болғанымен бақуатты адам санатына жатпадым. Әйелім де дүние жинау, үй ішін әсемдеу, жақсы киініп, тәуір тамақ ішу тәрізді кәдімгі тіршілік қажеттілігіне бірден бейімделіп кете алмады. Ал, мен партия мектебін бітіріп, аудандық газетке редактор болсам да, сәнді тұрмыспен тоқшылықты тірлік құруға үйрене алмай-ақ қойдым. Бірақ, біз ешкімнен қарыз сұраған жоқпыз, жағдай айтып тіленген емеспіз. «Барымен базар» деген ынсапшылықты әйелім де, өзім де бұзбадық, жас балаларымызды да сондай қасиетке икемдедік. Ішетін тағам мен киетін киім, жататын төсек орным болса соған да қанағат деген сол бір алаңсыз уақыттарым қазір мен үшін бәрінен қымбат көрінеді.
Тоқ пейіл, жарты құрсақ кезеңдерде (1987 жыл) Әнуабек келді, от- басына. Анасының денсаулығы жұқалау болғасын ба, жанашыр дәрі- герлердің көмегімен бала шала туылды. Жеті айлық еді.
Балалы болғанына қуанбайтын адамзат болмайды. Манарбегім отбасымдағы жалғыз ұл еді. Енді құдай қаласа мына шалағай соның серігі болатын болды деп Алланың сыйына шексіз ризашылығымызды жеткіздік. Бабаларымыз айтқан ғой «Жалғыз ұлы бардың – шығар- шықпас жаны бар. Екі ұлы бардың – өкпе-бауыр жалы бар. Үш ұлы бардың – Бұқара мен Самарқанда малы бар. Төрт ұлы бардың – аспанға салған жолы бар» деп. Сол даналықтар айтпақшы екі ұлым өкпе-бауыр, жалым болып, ештемеден қаймықпай, уайым-қайғысыз тұрып жаттым.
Әнуарбегім өзгелердің баласынан ерекше артықтығы не кемдігі жоқ, кәдімгі өзіме тартқан қойкөзді, ылдым-жылдым пысықтығы білінбейтін момақан мінезбен жетіле берді. Қалада туылып, мәдениетті ортада жүрсе де, үлде мен бүлдеге оранып киінбеді, студент кезінде де көптен ала бөтен оза шауып кетпеді. Құдай менің тілегімді қабыл ет- кендей өзгелерден дараланбай, яки кем де түспей орта дәрежелі бозбала қалпында жас шыбықтай құлпырып сағатпа-сағат, күнбе-күн ержетіп келе жатты, айналайын. Тілі шыққан мезетте «папа» деме «әке» де, ұлтымыздың салты солай» деп ескертіп ем, бір ауыз қарсылық етпеді, бірден айтқанымды қабылдады. Сол үшін күні бүгінге шейін Әнуарыма әкелік ризалығым көңілімді толқытады.
Рас, құдайдың өзі куә. Ұлым менің елден ерек, дана адам бола- ды, сондықтан оны кішкентайынан тәрбиелеуім керек деп, мектептен тыс уақытын өнер мен білімді тереңдей меңгеруіне, кітап ақтаруына жұмсауға күштеп еліктірген жоқпын. Оған өз уақытымды, қаржымды арнайы бөлген де емеспін. «Аман болсаң, жібі түзу адам болсаң болды» деген екінің біріне мәлім қағиданы ұстандым, соны қанағат тұттым. Оның бүгінгі заманда мүлдем жеткіліксіз болмағы туралы шындап ескермегенім үшін айыпты да шығармын.
Отыз бес жасымда облыс орталығына келіп, жақсы, жаманды көріп қалған кезім болса да Әнуарбектің мектептегі алған бағасын жөндеп, тәуір замандастар тәрізді шетелдерге жіберіп мықты оқу орнына түсіру жөнінде ойламаппын да. Мұным дұрыс болмаған болар. Бірақ балам да ондай көзбояушылықты қолдамайтын еді. Ол шыншыл, мейлінше әділ болатын.
«Өз жолыңды өзің таңда. Нан бұйырса ешкімнен кем болмай- сың», – деген оймен, баламның да ұғымын қарапайымдылыққа бе- йімдедім. Сол үшін қазір өзімді таяз, алысты ойламайтын әлсізге са- нап, өкінемін. Өкінгеннен не пайда, болары болды, енді бәрі кеш. Сол есіме түскенде оқтын-оқтын өзегімді өрт жалап өтеді. Беу дүние-ай десеңші...
Уақыт өз ағымымен жүреді, тәңірдің өлшемімен жүреді. Табиғат тәртібіне бағынады. Қазақ «он үште отау иесі» дейді ұлын. Кәмелетке жетті, енді азаматтық жолға шықты деген ұғымын сондай сөзбен түйіндейтін болар. Жақсы ырым бастан өткен өмірдің тұжырым жолы. Оны кім болса да теріске шығара алмайды. Кеңестік идеологиямен өсіп, орысшылдық дәстүрге өте бастаған заманның өкілі ретінде он үш жасқа шыққан баламды азамат дәурені басталды деуге қимайтын түсінікте жүрдім. Әлі басының суы кеппей тұрған еркек кіндігімді есейткім кел- меген болар.
Әнуарбегім он беске толып, маңайында бірге оқитын, бірге ойнай- тын бозбалалар, кейін бір-жар қызалақтар көріне бастағанда көңіліме белгісіз бір алаң кірді. Неден? Неге сондай мазасыздық туды? Жаны- на қатар-құрбылары ерсе жақсы емес пе? Адамның күні адаммен ғой. Алаңдаушылығым замандастарынан қызғанғаным ба, әлде бір белгісіз қауіп ойлағаным ба? «Жаман әдет тез жұғар» дегеннен сақтану ма? Әйтеуір ұлымның қатарлары мен қарым-қатынасына, жүріс-тұрысы мен сөйлеген сөздеріне еріксіз назар аударатын жайға келдім. Отбасын- да қолданбайтын сөз шықса қайдан, кімнен үйренгенін білу, тәуір сөзге қуану, нашарлау сөзге үрейленіп өре түрегелу және оның мағынасын айтып, жібі түзу, ақылды адам тек ақылды, ұтқыр, әдемі, сөйлеу керегін түсіндіру дегендей әрекеттер ілуде болса да болып тұрды. «Жақсы сөз жарым ырыс», «Сөзіне қарай өзін ал» деген сынды мақал-мәтелдерді еске сақтау қажеті Әнуардың көңіліне ұялағанын көрдік.
Обалына не керек, ұлымның мектепте де, институтқа түскенде де үй мен түзде әдепсіз сөйлегенін, орынсыз қиқы-жиқы жүріс-тұрысын бір рет те сөзбедік. Осылайша, кедір-бұдырдан ада, жақсы жігіт қалпымен өсіп келе жатты, періште пейіл перзентім.
Әркімнің өз баласы өзіне алтын, Біледі тек ата-ана оның парқын. Терісіне мұңайып қалса бір сәт
Жақсы істерін көргенде жүзі жарқын. Үйде жүрсе көңілі масайраған,
Түзге шықса уайым жасай қалған, Күндіз-түні тілекші әке-шеше,
Сол тілекпен бәлкім мың жасайды адам. Қуанышын көргенде баласының, Жадыраған тапқандай жан асылын.
Кірбің көрсе көзінен өбектеген, Табан асты танытып жан ашырын. Дүниенің жисаң да бар асылын, Талай істің тапсаң да жарасымын. Ата-ана үшін олардың бәрі зая, Амандығына жетпейді баласының.
Жүрек солай жырлайды. Әйелім «сен осы балаңның мектебіне сирек барасың, оның ойында, көңілінде не бар, сұрап білмейсің. Не- месе, театр мен киноға, үлкен жиын тойларға ертіп шықпайсың» деп кінәлаған кездері де болды. Мен ұлымды соңыма ертіп жүруге пәлендей мән берген емес едім. Реті, сәті келгенше солай еттім де. Бірақ қайда жүрсем де Әнуар менің жанымда жүргендей сезіндім. Менің айтар сырымды үнсіз түсініп, түйсінеріне сендім. Бабасы Шаһа бүзіріктің күмбезін көтергенде байырғы тарихи Өзгенттің киелі ор- нын көрді. Түркістандағы Құл Қожа Ахмет Иассауидің мавзолейіне әлденеше мәрте бірге барып, мінәжат еттік. Қасиетті кісінің тарихын, қандай болғанын білді. Ал, әкем мен шешем жатқан Сафи-ад-дин Орын Қойлақы бабаның зиратына барған сайын ІХ-ХІІ ғасырда билік құрған Қараханидтер әулетінің идеологиясының күрделі буыны, «Насаб-на- ма» кітабын өмірге әкелген ғұлама туралы дерек қызықтырды. Шаһа бүзірік бабасының (Сейт-Сабұлт шежіресінің), өзінің түп атасы Рахма- тулла әулетінің негізі қақында өзге даналармен бірігіп жазған кітабым жайлы тереңірек танысуға ықыластығын байқататын. Ол құштарлық ынтасы әлбетте менің әмсе жүрегімді жылытып, бойымды қуаныш сезімі кернейтін.
Әнуарды үлкен балам Манарбек тәрізді жеті атасын, шыққан тегін білуге, ағайын-туысты тануға үйретсем де, руға, жүзге бөліну тұрғысында бір ауыз өсиет, пікір айтқан жерім жоқ. «Кім жаныңа жақын, өзіңе адал соны туыс тұт, ағайын, дос сана» деген ақылымды бала кезінен санасына шым-шымдап құюға тырыстым. Маған бұл өсиет әкемнен қалған мұра еді, оны балаларыма беру парызым болатын.
Әнуарбек мұны, орынды көріп, бірден құптады. Үйге мектеп бі- тірген, университетте бір курста оқыған жігіттермен мені көрсе жас- қана ұялыс табатын үлбіреген қыздар топырлап келетін де тұратын. Кей ретте «жиналып алып әңгіме-дүкен құрғаннан кітапқа көбірек үңілген артық, не болмаса таза ауаға шығарып аңшылыққа үйретейін» дейтінім болды. «Сонда қазақ жазушыларының біз, жастар өмірі жай- ында кітабы жоқ, әке. Бары қызық емес, өмірмен жанаспайды. Ал, аңға шығуды жақсы көремін» дегенің есімде қалыпты. Сонда баламның әдебиет жөнінде өз пайымы барына іштей сүйсіндім. Осыдан кейін іс сапарға барғанымда міндетті түрде ұлт тарихы, ел жадында сақталған тұлғалар, салт-дәстүр, жер, табиғат, аң-құс жайлы жазылған тәуір кітаптарды әкеліп жүрдім.
Балам осыдан үш жыл бұрын маған «Сіздің жолыңызбен жүргім келеді. Журналистика факультетіне сынақ тапсырамын,» – деді. Мұны күтпеген едім. Ішім жылыды, насаттандым. Бірақ, оның сынақ тесттен алған бағасы (96) төмен болып шықты. Талабы орындалмады.
Несін жасырайын, қалай айтқанмен баланың жан дүниесіне терең бойламайтыным, соған көңіл аудара бермейтінім рас-ты. Бұл жөнінде жарымның берген бағасын мойындамауға лажым жоқ. Сол кемшілігім үшін беріректе кінәмды қалай тазартатынымды білмей жиі қиналған сәттерім де болды.
Тұлабойым тұңғышым Жанарымның қай кезде де өзгелерден орны бөлек. Ол кішкентайынан менің жаныма жақын тұрды. Мектепте мен сияқты өлең жазды. Белгілі ақындардың аузына ілінді. Университеттің журналистика факультетін бітірді, республикалық газеттің біріне жұмысқа тұрды. Қарап отырсам оның жүріп келе жатқан жолы менің жолым, ұғымы, бауырмалдығы, кісі сыйлай білетіндігі бәрі, бәрі өзімнің жүрек толғанысыммен үндесіп, жатқандай. Бірақ қыз бала өскесін өзінің өрісіне көшеді, кісінің адамы. Табиғат заңдылығы – Алла пәрмені солай, оған кім-кімде қарсы тұра алмайды. Қазір үш ұл, бір қызы бар. Бізге төрт немере сыйлады. Күйеу балам Жеңісбек көрген- білгені мол әулеттің тұқымы, киелі жердің азаматы. Ал, Манарбек інісіне қарағанда ашық-жарқын, ұнасын-ұнамасын бетке айтатын өткір мінезді болып, еркін өсті.
Сонымен үлкендеріміз Жанар мен Манарбекке көбірек көңіл бөле бастадық. Манарбектен алтын асықтай үш немере сүйдік. Бала-шағалы болғасын ба менің де, әйелімнің де олар дегенде ықыласы басым түсіп жатады. Сондай кездерді аңғарған Әнуарбегім бірде «Әке, апа есіл- дерттерің Астана мен Алматы болып бізді ұмытып кетпеңдер әйтеуір», – деді күліп. «Ау, кенжені, үйдің иесін ұмытып не көрінді, сен қасымызда жүрсің, аға, апаң сыртта жүр. Сыртта болғасын ептеп уайымдайтын, сағынатын шығармыз» деп оған көңіл жұбату айтып құтылатынымыз есте.
Ойлар, ойлар сан ойлар, Сыры жұмбақ сарайлар, Ағарған содан самайлар, Қартайған содан ағайлар, Қартайған содан талайлар. Ойлар, ойлар сан ойлар, Алыстап кеткен аралар.
Жақындап қалған жағалар Шашылған үміт жоғалар Кім оны, қалай таба алар? Ойлар, ойлар сан ойлар.
Динара қызым мектепті, университетті және магистратура- ны қызыл дипломмен бітіріп, ҚазМҰУ-де мұғалім болып істейтін. Бауырының оқуына көз-қырын көп салатын. Бауырының үлкен оқуға түсуіне тәтесінің көп көмегі тиді. Алматыға алып кетіп, компьютердің алдына отырғызып күнделікті тесттің сұрақтарын дайындатып, кеш- ке қызметтен қайтқанда тапсырманың орындалғанын көріп дән риза болушы едім, – дейді тәтесі. Сосын оны мақтап, дәмді-дәмді тамақтар пісіріп беріп, кешке қыдыруға алып шығушы едім. «Динка, сенің айтқаның маған заң», – деп күлуші еді, құлыншағым менің. Мен он бес күндей емтиханға күні-түні отырып дайындадым. Бір рет те шаршадым деп ренжіген емес. Өзім таң қалатын едім. Өзіме ұқсаған деп қуанушы едім. Оған ақылымды айтып, осы ҚазМҰУ-ге оқы, менің қасымда жүресің. Бірақ сабақ оқымай қойып, мені студенттердің алдында ұятқа қалдырма, деп күлуші едік. Әнуардың Алматыда оқығысы келмей, Астанаға КазГЮУ-ге кетті. Ол «таможник» болам деді. Арманы сол еді. Бірақ Қызылордаға ауысқанда «қаржыгер» болып ауысты. Сонда күліп айтатын еді өзі: мен қаржыгер боламын деген ойым жоқ еді, түсінбей қалдым өзім,» – деп.
Иә, еріктен тыс ойға шоматын кезім көбейгендей, осы Әнуарбегімнің қайғысы бүкіл ғұмырымның тамырын қопарып, жапырағын шайқап кеткендей. Әр адамға бір қуаныш, бір қайғы сыйлаған, сонысымен ша- радай басты шақшадай етіп, ой-қиялға сүңгітіп қойған бұл тағдырға не дейсің? Содан да «Адамның басы – Алланың добы» –деген шығар өткендер. Адамдар ылғи қуанышта өмір сүрсе тәубаға келмей асқақтап келер дей ме екен, әлде тәттісі мен ащысы қатар жүрмесе тіршіліктің қызығы, мәні қаша ма? Әйтеуір тәңірдің есебін ұғып болмайды. Сен ұғып болмас әлемдегі азамат үнемі қуанышты, бақытты армандаумен жүреді. Өкінішке орай ол асыл арманды ойламаған тұстан соққан ала- пат құйын әп-сәтте жерге ұшырып, аспан мен жердің арасын тас-түнек тұман басатын жағдай басқа түссе кімге айтасың қайғыңды, кімді жазғырасың? Кім құтқарады ондай жойқын азаптан? Ешкімнің бұл азаптың құрығынан қол созып, құтқаруға әлі келмейді, амал-айласы жетпейді екен.
Көзімнің қуанышы, көңілімнің жұбанышы, үмітімнің соңғы шы- рағы сүт кенжем, ұлымның соңынан ерген жан бауыр сүйеніші көлік апатынан көз жұмды. Айтуға тіл, жазуға ми жетпейді мұны. Он сегізінші қыркүйектің таңында мүшел жастан бүгін аман-есен шыққан болармын деп әйеліме әңгімелеп отырғанда туыстарым қаралы хабарды жеткізді. Мүшел жастан шыққаным осылай болды... Не дейін? Бұрын біреудің қаралы көңілін ақ тілекпен ағартуға ықылас танытып жүрген мені туған топырағым Жаңақорған мен азаматтық жолыма сәттілік жасап, ыстық бауырына басқан Сырдария ауданының кәрі-жасы енді мені жұбатуға жанталасты. Қызылордадағы Сейілбек пен Тәнеш, Ибрагим бастаған ағайындарым, менің өмір жолымның қалыптасуына бірден-бір тілек- тес болып, қамқорлығын аямаған астанадағы Бердібек пен Оңалбек, Дүкенбай, құдам Үмбетәлі сынды абзал азаматтар, Алматыдағы құдам Сәрсенбай әкей, жан досым, әрі жиенім Иран Ғайып, журналистер бас- шысы Сейітқазы «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ», Алла тағаланың басқа салған ауырлығын көтермеске шараң жоқ. Бекін, мықты бол десті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter