Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  83


Автор: Ғафу Қайырбеков

Бұл Вена – Еуропаның мақтанышы...

Бұл Вена – Еуропаның мақтанышы,
Тыныстап əсемдікпен жатқан іші.
Əр ғасыр бір-бір үй боп тұрып қалған,
Ала алмас есімдерін жатқа кісі.
Мың жылдың бар өнерін құшақтаған, –
Аман сау мұның бəрін кім сақтаған?
«Е, шіркін, дүние – деген осы ма?» – деп,
Қарайсың есің танып бір сəт соған.
Адамның ақылы мен қолы мұнда,
Табысқан күннің ұлы жорығында.
Жаһанның жай жинаған көркіменен,
Венаға келу керек жолығуға.
Қоршаған жеті жұмақ жан-жағыңда,
Салтанат оңдағы да, солдағы да.
Ризасың соның бəрін көру үшін,
Маңдайда қос шырағың болғанына.
Көп екен көз байғұстың көрмегені, –
Дүние шыр көбелек дөңгеледі.
Ол – əуре, шарасына сыйғыза алмай –
Қай ғажап қай ғажапқа жол береді!
Ең нағыз «көз сүріну» – деген мынау,
Боп жатыр сүрінбек түгіл нелер құлау.
Кездесті əрі-беріден соң осы жерде,
Ұялып сұлулықтан төмен қарау.
Шаршайсың минут сайын таң қалудан,
Керемет андап берсе жан-жағыңнан.
Əрине, құдірет емес, мұның бəрі,
Адамзат өнерінен қалған мұраң.
Еуропа – планетада кəрі мекен,
Басқаның жасағаны бəріне тең, –
Айқасқан қасиеті мен қасіреті –
Қалтырар қайтемін деп, əлі де ертең.
Сондағы аяйтыны – бұл ғажаптар,
Салтанат көзге тосқан ғимараттар –
Мың жылғы дүниенің мəдениеті, –
Үстінен күннің өзі қимай аттар.
О, соған қол көтерер не жауыздар?! –
Дəл бүгін төбесінен төнеді ызғар.
Бұларға бір ракета жетіп жатыр», –
Дегенде жүрек шошып, дене мұздар.
Еуропа, көтер ақтық дауысыңды,
Бар мақтан, бар аброй, намысыңды.
Қор қылмақ, күл талқан ғып, қарап тұрмақ,
Деген сол «қан қарайып, жан ұшынды!»
Ауырма, ғажап Вена, сен үреймен,
Аузынан ракетаның үңірейген.
Халықтар сені салған сонша ғасыр,
Сақтайды, сақталады ұлы бейнең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу