Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  96


Автор: Марфуға Айтқожина

Жиілеп жүрегінің дүрсілдері...

Жиілеп жүрегінің дүрсілдері,
Байқалды, көктем қыздың күрсінгені.
Бүйірден қытымыр қыс, қысты ма екен,
Жетсе де сүйретіліп,
Құр сүлдері...
Шынтағын қаһарлы қыс батырды ма,
Көктем – қыз, əрі жарқын, батылды да.
Сəуірдің ескен желі шың басынан,
Біртіндеп жықты аппақ шатырды да.
Ақтармай, бүксе-дағы қанша сырын,
Шыңдардың жатыр жығып,
Қар – шатырын!..
Осы бір отқа оранған өрлігің бе,
Жай емес,
Ақындарды аңсатуың!
Жүргізіп еркелік пен өктемдігін,
Келіпті Алматыма,
Көктем бүгін.
Шуақты жырға айналды,
Сырға айналды,
Қыз – көктем,
Көкірекке еккен гүлің!
Даңққа сен бөленген, бөленбеспін,
Ешқашан шек қоя алмас, өлеңге ешкім.
Тəуелсіз қазағыңа болады он жас,
Ақыным, қамын ойла келер кештің!..
Көктемім қырқаларды жапты гүлмен,
Түндігін Алатауым, ашты жырмен!
Республика алаңы гүлге айналып,
Алматым дөңгелейді, шаттық үннен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу