Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  133


Автор: Марфуға Айтқожина

ЕСКЕРТКІШТЕР ЕЛІ

Сияқты бетін көрер тұнық айна,
Халқымның қоңыр-майда тілі қайда?
Тілі қайда қазақтың қасиетті,
Шежіре,
Ерте түйген сырын ойға.
Шабысындай тұлпардың арындаған,
Жеткен-ді ана тілмен дарын маған.
Ана тілі елімнің ары емес пе,
Қалайша ұмытады бəрін де адам.
Тасынған ағыл-тегіл теңізің де,
Сол тілге теңесер ме негізінде.
Қадіріңді кетіріп,
Қайран тіл-ай!
Қалар ма екем адасып мен ізіңде.
Біткенде жан анамның құрсағына,
Қанменен дарыған тіл ұрпағына.
Ерлерін Ана тілмен ақ арулап,
Қазағым сенсіз əнін шырқады ма?
Жеткенде талай арып жолдан жаның,
Адамға жаса, мейлі,
Қолдан бəрін –
Білмесе ана тілін айтары не,
Тірідей сол емес пе қорланғаным...
Соны ойлап ұзақ таңға көз ілмедім,
Шүйіліп қара бұлттай көңілге мұң.
Білмесе ана тілін кейінгі ұрпақ,
Онда менің тірідей көмілгенім!
Ана тілмен, айналдым,
Ауыздандыр,
Келсе дағы осынау өмірге кім.
Тілсіз қалай жеткізем шежіремді,
Тілмен адам көсілді,
Тебіренді.
Естігенмін, тілі мен жерін қорғап,
Ескерткішке айналған не бір елді.
Қалмайды тілім барда күшім кеміп,
Келіп жүрер басыма құсым қонып.
Қалған күні айырылып ана тілден,
Қалар ма екем үн-түнсіз,
Мүсін болып...
Қыранымын самғайтын жыр – көгінің,
Иманымдай тіліммен бірге өмірім.
Ана тілін күн етіп көтерген ел,
Қарап отыр,
Қайтер деп бізге бүгін.
Тəңірім, тілден мені сүріндірме,
Ана тілмен елдігім,
Сырым бірге.
Қастандықты жаудырма қасақана,
Қыс боранын үйірме,
Шырын – гүлге.
Айтары жоқ бір күндік бұл өмірде,
Көрік болып тұрмай ма гүл өңірге.
Гүл тағынған даламда тіл болмаса,
Мен де сөніп кетермін,
Міне, бірге!..
Садақа ғып тіліме бəрін-бəрін,
Тіл дегенде ерекше жалындадым.
Тілім қайта қауышса
Туған елмен,
Қалмас еді түйірдей жанымда мұң!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу