18.06.2022
  89


Автор: Ғафу Қайырбеков

СЕГІЗІНШІ ЖЫР

Шықты жинап түнектен алтын балдақ жаңа күн –
Қасиет күші де оянды Алкинойдай дананың.
Құдай еркесі Одиссей ол да тұрды ұйқыдан.
Патша Алкиной алаңға ертіп шықты қонағын.
5. Ол алаңға жиналған Феакийліктер кемеден
Қатарласып жайғасты тас қаланған кемерден.
 Сол уақыттар болғанда Афина қыз Паллада
Патша жаршы киімін киіп алып жөнелген
Көше біткенді аралап, Одиссейге жаны ада
10. Болыспақшы сезіммен оралтуға еліне.
Жар салды ол халыққа жарқ-жұрқ етіп келді де.
«Феакия ел-жұрты, уа, көсемдер, əкімдер,
Жиналыңдар алаңға асқан қызық көруге
Алкинойдың үйіне кеше келді батыр, ер
15. Жатжұрттықтан, шет елден дауыл айдап əкелген.
Құдай болмаса, табылмас ажарына тең пендең».
Осылай деп халықтың ынтызарын қоздырды.
Ығы-жығы адамның аяғы тас тоздырды
Отырған да, тұрған да – ерсіл-қарсыл жөңкілген.
20. Баласына Лаэрттің қадады ел жанарын
Шегін тартып таңқалып көргенде оның ажарын.
Бас-аяғын əсемдеп қойған оның Паллада
Феакийлықтар салсын деп ықыласпен назарын,
Көрсетпекші өнерін, ойын-сауық базарын.
25. Мынау халық алдында тұнып тұрған алапта
Сөз сөйледі Алкиной даусы жетіп тарапқа.
«Уа, Феакийлік халайық, құлағың сал сөзіме
Мынау қонақжай жұрттан – танымаймын өзім де
Келді ме əлде шығыстан, əлден батыс танаптан.
30. Бізден көмек тілеп тұр – еліне жету арманы,
Етейік біз қолқабыс – ежелгі салт салмағы.
Үйіме келген шет жерлік зарламаған ешқашан,
Қолдамаған жері жоқ Алкинойдың аруағы
Қара бүйір кемені қасиетті суға салармыз
35. Əлі теңіз көрмеген, əлі суда жүзбеген.
Елу екі ескекші нағыз батыр біз деген
Тандап сонда алармыз. Қазынасынан патшаның
 Тездеп азық-түлікті дайындасын жолына,
Бəрін үйге шақырам, дəм татыссын қолымнан.
40. Оларға осыны айтыңдар, ал өздерің кіл жайсаң
Əмір таяқ ұстаған əулиең мен би, мырзаң.
Үйіме менің келіңдер, ас беремін мейманға
Болмасын еш бас тартқан; Алдыртыңдар əм жаңа
Демодоктой жыршыны көмейінен бал тамған», –
45. Деді дағы жөнелді алға түсіп өзі енді,
Еріп оның соңынан игі жақсы жөнелді.
Демодокты шақырып əкелуге Понтоной
Сонда дереу жүгірді. Көк теңізді кешпекші
Сол мезетте жиналды елу екі ескекші.
50. Жағалауда теңселген қара бүйір кемеге
Келді бəрі жақындап, көтерді мачта-бөрене,
Қайыс белдеу бекітіп, ескектерін орнатып,
Желкемдерін көтерді сонау биік сөреге
Шығанаққа шығарды көк теңізге қаратып.
55. Ал содан соң жиналды Алкинойдың үйіне –
Ордасына патшаның, құрметіне сүйіне
Орналасты бəрі де, кəрі-жасы қалмастан
Он екі қой сойғызып, екі өгізді жəне асқан.
Сегіз шошқа сойғызды келіп тұрған күйіне;
60. Берді солай Алкиной қонақасы бір ғажап,
Понтоной да кеп жетіп жыршыға кеткен «мұндалап»,
Жақсылық пен жамандық бəрін қамтып жырлаған
Қайран өлең сайраумен жағы да бір тынбаған,
Жұрттың көзін сиқырлап, елдің көзін мұнарлап.
65. Отырғызды Понтоной əулесіне Мұсаның
Орындыққа бір əсем күмістеткен жан-жағын.
Тіреп қойып арқасын бағанағы күмбезді,
 Мына көптің алдында құдайдай боп бір өзі
Соқыр жырау отырды шақырмаққа аруағын.
70. Бас жағына ілді оның домбырасын дағардай,
Сыйпаласа тауып ап қолы оны қағардай.
Қойды əкеліп алдына шарабы мен тағамын
Мезгілінде қалаған өзі таңдап алардай
Сонда дəмге қол созды бар жиналған адамың.
75. Тояттаған заманда ішіп-жеген халайық,
Əуен тапты домбыра жыршыға бір лайық.
Мадақтайтын сол тұста ел – деп туған ерлерді –
Патша Одиссей, Ахилла жайындағы шерлерді
Жыршы бастап жіберді бір хикая-сыр жайып.
80. Құрбан шалған кұдайға бір үлкен той үстінде
Ахилла мен Одиссей жан тең келмес күшіне
Жанжалдасып қалыпты, катты-қатты сөзге кеп,
Агамемнон олардың бұл ісіне сүйсіне
Мəз болыпты сонда бір басқалардан өзгерек.
85. Атақты қос ахилық ұстасқанын қызықтап,
Храмында Пифийдің бұл жағдайды сезіп қап,
Аполлонның əулиесі – болжап айтқан сөзі анық,
Бұл жаулықтың түбінде жақсылық бар болатын –
Деген екен. Ол бір тұс – кезі қырсық соғатын –
90. Данайлар мен Тройлар – екі жұрттың басына –
Деп бастады Демодок; Одиссей ер ал сонда
Жалт-жұлт еткен желеңін басына дереу жамылып,
Жасырды жұрттан кескінін. Көзіне келген жасына
Аудармасқа назарын Феакийлік қалың жұрт.
95. Бал таңдайлы қарт жырау тауысқанда хиссасын,
Шешті Одиссей пердесін, құрғатты да көз жасын,
Өлместердің рухы үшін сарқып ішіп шарабын
 Тағы да айтты Демодок, Феакийліктер ықыласын
Қайтармастан орындап тілегі мен талабын.
100. Тағы бүркенді Одиссей көздің жасын жасырып
Байқамады оны жұрт тыңдап қалған қалшиып.
Бірақ патша Алкиной ұқты оның мəнісін,
Отырғанын Одиссей анда-санда «аһ» ұрып,
Сүртіп қойып көзінің ащы, сирек тамшысын.
105. Ескек сүйгіш Феакийлік ел-жұртына ол енді
Тебіреніп сол кезде бір сөз бастап жөнелді:
«Уа, би мен мырзалар, сөзге құлақ салыңдар,
Тəтті тағам, бал сусын, іштің, жедің, алдыңдар,
Əн мен жырға қандыңдар, күш сынасар жол келді.
110. Той алаңға шығалық, ердің бағын сыналық.
Құрметі үшін қонақтың күрес, сайыс қылалық.
Айтып барсын еліне, жұдырыққа келгенде
Озбайтынын жалғанда мына бізден сірə, жұрт», –
Сөйдеп бастап жөнелді, ерді халық шұбалып.
115. Домбырасын жыраудың шегеге іліп қойды да,
Демодоктың Понтоной жедел алып қолынан
Демеп сыртқа шығарды; ілесіп ед соңынан
Жөнелісті екеуі, көрмекке ойын-сайысты,
Анықтайтын алаңға жеңетінін қай күшті.
120. Ығы-жығы мынау топ кең алаңды кернеген,
Ылғи жайсаң жігіт талапқа қол сермеген.
Акроней, Окпал, Элатрей Невтимен,
Прореон, Понтеймен белбеулерін шарт түйген
Атфиал мен Фоон бар жамбасы жер сүймеген.
125. Немересі Тектонның – Полинийдің баласы,
Жас Эвриал, Нваболит Афеймен бар таласы.
Феакийліктің бəрінен асар еді көркі оның
 Егер Лаодам болмаса – мынау сəби ерке ұл
Шықты олар да мінекей – алыс емес арасы.
130. Клитонеон, Галионт, ең соңында Лаодам –
Алкинойдың үш ұлы бірге туған анадан.
Түсті жаяу жарысқа. Үшеуі де қаз-қатар
Жарыс шаңы бұрқ етті тұра ұмтылған шамадан.
Клитонеон сабазың жарыс отын маздатар.
135. Артқа тастап лезде екі інісін, зымырап,
Қарақшыға кеп жетті зымырандай бұлдырап.
Өзгелері түсті енді балуан бəйге-күреске
Бəрін жеңді Эвриал ер еді бір тіресте.
Секіруден Ахиал болып шықты мықтырақ.
140. Ауыр темір қалақты лақтыруға келгенде
Озып шықты Эретмей, өжет еді өр кеуде.
Жұдырықтасу бəйгеден келді жігіт Лаодам,
Асып туған бір асыл Алкинойдай данадан.
Жұрт жарысқа қарқ боп, енді болдық дегенде,
145. Алкинойдың баласы сөз сөйледі Лаодам:
«Ұят болмаса, үміт бар қонаққа бір сауалдан.
Қай сайыста өнерін көрсетуге бар екен,
Бір кісідей бойы бар, бұлшық еті таралған.
Жауырыны қақпақтай балуандыққа жаралған.
150. Жасы да онша кəрі емес, тек қатыгез тағдырдан
Таяқ жеген болмаса. Теңіз деген антұрған.
Азабы ауыр – пəле ғой. Қандай ерді қажытқан».
«Бұл ақылды сөз екен» – деді сонда Эвриал
Жақында да қонаққа – кезегінді өзің ал!»
155. Алкинойдың кіші ұлы Эвриал сөзін тыңдап ап,
Алға бір аттап шықты да, Одиссейге бір қарап,
Сөз сөйледі: «Өтіндіксізден, əкей шетелдік,
 Біз, əрине, білеміз өнеріңіз жетерлік,
Енді соның біреуін көрсетіңіз таңдап ап.
160. Сергек ерге қашанда мына жердің бетінде
Табылмайтын даңқ жоқ, бəрі оның еркінде.
Желі тұрса аяқта, күші тұрса білекте
Қимылдаңыз кəнекей, мұнды қуып жүректен,
Алыс емес жолыңыз, кеме дайын кетуге», –
165. Деп бітірді сөзін ол. Сонда Одиссей тіл қатты:
«Досым, сенің жаныма мына сөзің тым батты!
Ойын менің не теңім; жаным толы қасірет,
Көрмегенім жоқ менің – тартқан бейнет, тақсірет,
Алдарыңда тұрмын мен сағыныштан əлсіреп,
170. Аңсап алыс отанды, əулетіңнен тілеймін
Жеткізіндер үйіме, күтіп отыр мені елім».
Тағы да айтты Эвриал сəл кекесін кескінмен:
«О, жолаушы, байқаймын, білінбейді өнерің,
Ұқсамайсың батырға, артығың жоқ ешкімнен;
175. Адамысың кəсіптің теңіз шарлап күнелткен
Сауда-саттық іс істеп, қаңғырумен күні өткен.
Тауар артып кемеге пайда тауып жүрген жан».
Қабағының астымен қарады оған, əдеппен
Сонда дағы Одиссей сөз сөйледі жай еппен.
180. «Сөзің ауыр, шырағым, жансың ба əлде зұлымдау.
Тəңірім бəрін пендеге бере беру қиындау.
Ақыл, көрік, күш-қайрат – бірден бітпес ешкімге,
Көрер көзге қораш жан бермес сөзден дес мүлде
Ғажап шешен болса егер, айту қиын оған дау.
185. Ол көңілін кетеріп қалың топты мəз етер,
Күш жетпеген жеріңе оның өткір сөзі өтер.
Ол – мəжіліс көркі ғой, көреді оны құдайдай
 Төбесіне көтеріп, оған абырой сол жетер.
Ал біреулер көркімен көрінеді күн, айдай.
190. Айтқан сөзі бірақ та – көңілді жүдетер.
Сол сияқты сенің де ажарыңнан кім өтер?
Сендей сұлу баланы жасай алмас Зевс те.
Ақылың жоқ алайда, сөзің шала кеміс те,
Жүрегімді ауырттың мына жолы сен бекер.
195. Алайда мен өнерден құр алақан емеспін,
Жас кезімде жалынды, енді ол да елес күн,
Қатарымның алды едім ішінде күрес, егестің.
Қайрат қайтты бұл күнде арпалыспен, азаппен
Аман қалған түрім сол құрып кете жаздап мен.
200. Сонда дағы көруге күшім сынап, əзірмін;
Сөзің батты, шырағым, əлде шының, əзілің».
Осыны айтып орнынан тұрды шешпей желеңін,
Үлкен тасты алды бір, əлденеше еседей –
Зор еді оның манағы доптарыңнан көлемі,
205. Сіңірлі қол сықырлап лақтырды кеп дегейсің.
Зуыл қағып ұшты тас алып жұрттың зəресін...
Бұғып жатыр талайлар, ал анау тас зырылдап
Қайда артты қалдырды өзге доптың мəресін,
Барып-барып, топ етті, шаңға көміп денесін.
210. Сол мезетте Афина қарт кейпіне түсті де
Сөйледі оған: «Жолаушым, қайда дерсің күш міне,
Бəрінен де сен оздың, жатыр тасың аулақта
Соқыр танып алардай сыйпалап та, қармап та» –
Осынау сөзден Одиссей мінді тағы қайратқа.
215. Осынша көптің ішінен əділ төре тапқанға
Қуанып тұрып сөз айтты: «Ау, жігіттер, мақтанба,
Жеткізіп ал сол тасқа енді сендер лақтырып,
 Жеткізсеңдер, мен тағы екіншісін таптырып,
Лақтырамын алысқа, одан əрі шарт қылып.
220. Жүрегінің түгі бар талаптылар шығыңдар.
Намысыма тидіңдер, күлкі-мазақ қылдыңдар.
Қол жұдырық, күрес пе, жарыс, əлде жүгіру –
Бəріне де шақырам, ерегісте бүгін дəл
Жекпе-жекте өкініп, болмас менде жығылу.
225. Тек айқасқа шыға алман жалғыз ғана Лаодаммен,
Қонағымын мен оның. Мені сыйлаған адаммен
Алысуым жөн емес. Жатжұрттықта жүргенде
Жақсы ғой деп ойлаймын жақсылықты білген де,
Ол болмаған жағдайда тым ұятқа қалам мен.
230. Ал өзгемен ешқашан ашу-кегім жоқ менің,
Адалыммен айқасам əрбіреуін деп теңім,
Төс тіресіп көремін бақ-талайын күшімнің
Бəріне де əзірмін жарыс-сайыс ісіңнің –
Садағыңның жұмсағын, мейлі тіреу бекемін.
235. Аямастан бере бер, тұңғыш оқпен жайратам
Таңдап салған қарсымды, қаласаңдар тағы атам,
Қалған жайдың бəрін де. Өйткені мен кезінде
Дос пен қастың ішінде тең көрмеген өзіме
Филоктеттен басқаны. Содан ғана тайсалғам.
240. Сонау Троя соғысында. Содан ғана жеңілгем
Ахейліктер өзара əркім өзі теңімен
Тартысқанда садақты. Сондықтан да бəріңе
Айта аламын сеніммен, бұл өнерде менімен
Пар келетін адам жоқ дей аламын əлі де.
245. Бұрынғылармен таласпан, ерлерімен өткеннің,
Геракл мен Еврит заманына дөн келді,
Құдайлармен сайыста күш салысып көп көрді
 Осы жолда Еврит тапты ақыры қазасын,
Көп жасамай, ұзартты үй ішінің азасын.
250. Жекпе-жекке шақырып Аполлонды, күнəһар
Болды дағы, өзі өлді, соқты да оны бір қаһар
Өзгелердің жебесі жеткен жерге, найзамды
Лақтырып-ақ жеткізем; Фракийлерді біреуі
Бірақ мені жарыстан жеңуі мүмкін – ол заңды.
255. Өйткені мен толқындар асырымен алысып,
Тауыстым қуат-күшімді, көрмедім ұзақ дəм ішіп,
Көрмедім жəне көз іліп, сəтке тыныш таппадым.
Он екі мүшем қозғалмай қалды менің қарысып», –
260. Деп бір тынды Одиссей. Төңірек бəрі тұрды үнсіз
Одиссейге Алкиной жауап берді еш зілсіз:
«Уа, жолаушым, сөзіңмен ренжіткің жоқ бізді,
Тек мақсатың күшіңді көрсету ғой қалтқысыз;
Ренжіп қалдың сөзінен бір баланың қапысыз.
265. Бірақ өзге кісілер ақыл, ойы билеген
Не сөйлесе халыққа сол ақылмен сөйлеген.
Кемітпейді басыңды; мені тыңда сен енді
Оралғанда аман-сау көптен бері көрмеген
Ошағыңның басына, еске аларсың кеудемді
270. Кернеген бұл сөзімді; еске аларсың жəне сен
Біздің жұрттың ерлігін қалған сонау Зевстен,
Қалған ата-бабадан мұра болып біздерге
Жұдырық соғыс, күрестен, əлде иін тірестен,
Озып көрген жоқпыз біз расын айтсам бүкпестен.
275. Ал жарыста жүйткіген, жүлде бермес жүзуден,
Көк теңіздің бетінде, бар жігіттер жүздеген.
Ас тəуірін жейміз біз, əн, музыка, билеуден
Бірінші орын біздікі; Киімді оңдап киеміз
Моншаға да кұмармыз, жұмсақ төсекке үйренген.
 280. Ал, кəнекей, Феакийдің бишілері қайдасың?
Көрсін мейман көзімен бұл өнердің пайдасын,
Теңіз бойлап жүзуден, əн салудан, жарыстан
Көрсетіңдер үлгіні, оралғанда алыстан
Айтып барсын еліне хикая етіп əммəсін.
285. Демодоктың алдыртқыз домбырасын, лирасын,
Біздің үйдің бірінде қалған еді мирасың», –
Деді Алкиной, жаршысы айтқан сөзін қағып ап
Жөнелді ішкі сарайға. Тоғыз адам би сайлап,
Төрешілік ойынға, заң-тəртібін қабылдап.
290. Дайындады би орнын алаң алдын кеңітіп
Жыршы əкелді лираны, жаршыға жал жел бітіп,
Сайрады топ алдында. Оң жақтан да, солдан да
Шықты биші жігіттер халайықты желпінтіп.
Кетті билеп ырғалып əні лайық болғанда.
295. Жарқ-жұрқ еткен аяқтар қалқығандай ауада,
Таңырқады Одиссей көңілі биге дауалап.
Тəтті сазы лираның, шабыты асқақ Демодок
Бабыменен шырқады. Киприда керемет
Сұлу жайлы жəне де Арей-құдайды даралап.
300. Əмірші Гефес үйінде кездескенін олардың,
Бар байлығын шығындап, сұмдығын жасап обалдық
Ер Гефестің төсегін былғағаны жайында
Қырағы көзді Гелпос осының бəрін баяндап,
Білдіргенін Гефеске, андып жүріп оны əр күн.
305. Гефес сұмдық кектеніп, дүкеніне ұстаның
Төс темірді қойдыртты жасайтындай іс қамын,
Темірден тор соқтырды жиектерін шынжырлап
Мызғымайтын ешқашан, ала алмайтын қол сұрап
Осыны істеп болған соң, төргі үйге кірді ұрлап.
310. Тұрған жерге төсегі, кереуетті жағалай
Əлгі тормен шырмады, етек жағын қоралай,
 Түсірді ұшын төбеден өрмекшінің ауындай.
Жіңішкесі соншалық, көзі түгіл пенденің
Құдай көзі шала алмас оның құрған өрмегін.
315. Болды солай кек алмақ өз жауынан Гефес ер
Ісін істеп болған соң, кезек күтіп кектесер
Кеткен болды өтірік Лемнос деген қалаға,
Қалалардан артық деп, көңілі соны қалаған.
Алтын түгіл Арей де өзін бағып қараған
320. Суретшінің атақты жолға шығып кеткенін
Ақ некелі Киприда жалынынан өртеніп,
Ғашық оты билеген Арей сонда үйге енді.
Олимпте, биік тұрақтағы Зевс əкеге жолығып,
Құдай қызы бұл сəтте бойын сылап, шомылып
325. Отыр еді дем алып, Арей кіріп қол алып,
Атын атап ғашықтың, сөз сөйледі толғанып:
«О, сүйіктім, іске сəт, жүр баралық төсекке,
Кетті Гефес алысқа, Лемносқа жол салып.
Синтиядағы бір жұртқа жетті енді деп есепте.
330. Киприда төсекке жатты барып еркімен.
Бірте-бірте балқумен көзі ұйқыға кеп кірген.
Кенет əлгі Гефестің құрған торы айламен
Үстеріне құлады, сол кұлаған екпінмен,
Қалды шеңбер тас қатып, алғызбастан бойға дем.
335. Қол-аяқты құрсады, отырғызбай, тұрғызбай,
Құтылмасын ұқты олар сау денесін бұзғызбай,
Жарты жолға бармастан Гефес кері бұрылды.
Кірді үйіне ақсаңдап, əдетімен бұрынғы
Қырағы көз Гелиос жағдайды айтып үлгірді.
340. Ақылы артық Гефестің мұңлы күйде жүрегі
Қалды ашып есікті, кетті қайнап бір кегі
Басты айқайға ақырып, естісін деп бар құдай:
 «Дүние иесі – Дию-пері, өлмес құдайлар қайдасың,
Көріңдер мына сұмдықты, жанға ұят, арға – сын!
345. Мендей ақсақ байғұсты қор қылды ғой талтүсте
Зевс қызы мазақтап, Афродита періште
Деп жүргенім Арефмен жатыр міне төсекте.
Аяғы бүтін, əрине, мендей емес, сұлу ол
Ақсақтығым, кемдігім – болғаны ма сорым сол.
350. Кінəлі мен бе оныма? Кінəлі оған ата-анам.
О, қасірет, қасірет! Бүйткенше, өлім, кел маған,
Қараңдар, əне, екеуі құшақтасып, айқасып,
Төсегімде жатқанын денелері ап-ашық.
Шыққыр, көзім, шықсайшы, мұны көрген оңбаған!
355. Білем, бірақ, екінші бұлар жатпас дəл бұлай,
Қанша ғашық болса да, енді ұйқыға жарымай,
Өтер болар екеуі, мен торымнан босатпан.
Қалың малым қайтарып бермейінше əкесі
Арсыз қызға төленген. Дəл осынау арудай
360. Болмас сұлу, бірақ та жүрегі оның опасыз», –
Деді ол. Осы мезетте, шамалары он ба, жүз
Жиналысты құдайлар мыс қабырға сарайға
Жер тұтқасы – Посейдон, сыйдың пірі – Эрмий мен
Садақ тартқыш Аполлон – бедел болған талайға.
365. Əдеп сақтап бірақ та құдай-əйелдер келмеді,
Есік ашып бəрі де төрге қарай өрледі.
Айласына Гефестің ешкім ойлап таппаған
Мəз болысып күлді олар, өздерінше сөйледі:
«Зұлымдықта – мəніс бар ойлағанда сақтаған,
370. Пысықты бұл жерде жеңген екен баяулық,
Гефес ақсақ болса да, жаратса да кемтар ғып,
Құдайлардың ішінде ең жүйрігі Арейді
Қалас ұстап алған ол ақыл-есін делдал ғып?!
Асқан екен айласы, неке бұзған ал енді
 375. Сотқарларға, сірə да, жаза екен бұл лайық», –
Десті бəрі кеңесіп, сөзін айтып құдайлық.
Зевс ұлы Аполлон сонда Эрмийге тіл қатты:
«Кроннонның баласы құдайларға қымбатты
Айтшы кəне шыныңды, ықыласпен тыңдайық,
Жатар ма едің сен дағы мына тордың астында
380. Алтын шашты ақ ару – Киприда қасында?»
Аргусты құртқан бұл ерің Аполлонға сонда бір
Жауап берді былайша: «Уа, Аполлон, сол тəуір
Бұл тəтті шақ, дүние-ай, келсе менің басыма.
385. Берер едім рұқсат, көнер едім мен соған
Жатар едім үш қабат торында да қоршаған,
Келсе кіріп сонда бір кілең кұдай самсаған
Көздерімен біздерді! – деді ол ерің шынымен.
390. Күлді мəз боп жағалай өлу білмес құдайлар
Тек Посейдон күлмеді, көңілінде бір ой бар –
Құтқармаққа Арейді, мың айлалы Гефеске
Қарап тұрып сөйледі, əдемі сөз түсті еске:
«Сен бұларды азат қыл, Арей үшін кепіл ал!
395. Өңшең құдай алдында айыбыңды атап айт
Соның бəрін төлесін, райыңнан өзің қайт!»
Посейдонға сол кезде ақсақ Гефес тіл қатты:
«Жер иесі – Посейдон, қойма ондай талапты
Орынсызға болысу, білесің ғой, жарамайд.
400. Болмас онда əділет, құдіреттім, мен сені
Қалай ғана көндірем, қалмасын деп меселі
Арейді мен босатсам, қашып кетсе ол, тегі
Айып-құнын төлемей, сен төле деп айтам ба,
405. Ұялмастан мен саған?» Жауап берді Посейдон:
«Егер Арей құдіретті тордан босап алған соң,
Айып төлеуден бас тартып, қашар күн болса,
 Онда өзім-ақ төлеймін, бар керегің құн болса» –
Ақсақ Гефест айтты оған: «болсын сенің сөзің жөн,
410. Онда ержүрек Посейдон – қарсы болмас еркіңе» –
Деді, торды сындырды бір сілтеген бетінде
Бірі ұрғашы, бір еркек – екі кұдай босап ап
Көкке ұшып жөнелді, Фракийге кетуге
Бел байлады еркегі, Кипр жағын тасалап,
415. Киприда жөнеді. Сылқым-сері күлкімен
Орманында Пафостың хош иісті гүл кілең
Оған арнап соғылған алтын алтарь болатын,
Шомылдырып сонда оны, тек кұдайлар жағатын
Маймен сылап денесін, сайлап киім, мүлкімен.
420. Жайнатып бір шығарды жалаң иық желеңмен» –
Деп жырлады жыршыңыз. Көңілі өсіп, елерген
Ер Одиссей тындады ықыласпен сол жырды.
Ескек сүйгіш, теңізшіл, Феакийдің ел жұрты
Олар да сүйсініп, лəззат алды өлеңнен.
425. Галионтқа Алкиной: «сендер Лаодам екеуің
Би биле» деп бұйырды, бұл өнерде жететін
Оларға ешкім жоқ еді. Қолы шебер Полидий
Өзі арнап тоқыған бар еді деп əсем тым,
Соны алып Лаодам, ертіп Галионт інісін
430. Шықты тегіс алаңға. Лақтырды кеп шалқалап
Əлгі допты бұлт жаққа; лақтырғаны сол-сол-ақ
Оның ұшқан бетінде қағып алды Галионт
Жерге аяғы тиместен, содан кейін алқалап
Тұрған топтың алдында – би биледі. Сан тарап
435. Жас жігіттер гулесіп, аяқтарын тебісті
Жаңғырықты кең алаң, шаңға батып шөп үсті.
Ұзақ қарап Одиссей тұрды олардан көз алмай
 Алкинойға тіл қатты: «Патша ағзам, Алкиной,
Рас, биден сіздерге ешкім алмас жеңісті
440. Айтқан сөзің шын екен. Өз көзіммен қанықтым
Таң-тамаша қалдым мен» – дегенінде анық тым.
Алкинойдың көңілін биледі бір мақтаныш
Феакийлердің патшасы сонда жұртқа сөйледі:
«Сөзіме менің құлақ сал, уа, əмірші, жат-таныс,
445. Біздің мына мейманның ақылы көп, ойы асыл,
Сый-сияпат, таралғы, тарту менен қой əзір.
Бəрін соған ұсынам – біздің солай салтымыз
Өлкемізді он екі – бар əмірші билейтін
Он үшінші мен болам – бағынатын халқымыз.
450. Енді соның əрқайсы дайындасын шен-шекпен,
Алтындатып олардың жағасына зер шеккен.
Бəрін жинап əкеліп шетелдікке ұсынсын,
Сый тағамын əзірлеп, шарап құйсын кеспектен,
Ал сен болсаң, Эвриал, айыбыңды кешірсін.
455. Алдына оның бас иіп, сыйлығыңды тартқайсың
Ауыр сөзді қайтып ап, татулық сөз тапқайсың», –
Деп еді ол, өзгелер бəрі соны қоштады
Жыршыларды жұмсады түгендеуге бас-басын,
Алкинойға Эвриал сонда бір сөз тастады.
460. «Феакийлердің қожасы, арыстаны еркектің
Сенің əлгі сөзіңді келмес менің екі еткім,
Мен мейманға тартамын алтын балдақ қылышты,
Соққан түгел күмістен, өзім қолдан істеттім
Піл сүйектен қынабын. Соны берсем – дұрыс-ты.
465. Осыны айтып ол сабаз шешіп белден қылышын
Содан кейін дауыстап, тастады сөз бір үшін
Баласына Лаэрттің: «Қуан, əкей, жатжұрттық!
Менің айтқан сөзімді жел əкетсін қаңғыртып,
Құдай қолдап еліңді, табасын сен үй ішін», –
 470. Деді, тынды. Одиссей кезек алып сөйлесін:
«Сен де қуан, ұланым, кұдай саған дем берсін.
Қамықпасын жігерің қылышымды бердім деп,
Адамзатқа қимайтын сөзіңді сенің жөндесін,
Кешірім еттім мен дағы бəтуаға келдім деп».
475. Сөй деді де асынды ол алмас семсер иыққа,
Күн де батты сол кезде, алған заттар сыйлыққа
Бір ортаға үйілді; асығысты жаршылар
Алкинойдың үйіне ол заттарды жимаққа,
Патша-ағзам ұлдары сыйлықтарды қарсылап
480. Алды дағы бəрін де Арестадай ақылды
Шешесіне тапсырды. Ал мейманды шақырды
Өз үйіне Алкиной, соңынан топ жəне ерді,
Биік-биік орынға орналасты ел енді
Ал содан соң патшаңыз Арестаға сөйледі:
485. «Алдымызға, əйелім, əкеліп қой ең əсем
Астаулардың асылын, сал ішіне жəне сен
Сырт киім мен желенді, отқа үлкен қазан ас,
Сақырлатып су қайнат, біздің мейман шомылсын.
Сыйлықтарын саралап, көңілі тасып отырсын.
490. Біздер менен дəм ішіп, əн мен күйге құлақсап,
Қоштасарда мен оған сыйлық берем бір асқақ
Алтын құты тартамын, үйіне аман барғанда
Бала-шаға қасында құдайы-құрбан шалғанда
Зевсті де, бізді де есіне алсын дұрыстап», –
495. Деді. Сонда Ареста күңдеріне бұйырды,
Үш бұт қазан қойылды, ішіне су құйылды.
Лауылдатып от жағып самырсынды самсатты,
Қазан бауыры кызарып, су сарқылдап қайнады.
Ол заматта Ареста тамаша астау сайлады.
500. Əкеп ішкі бөлмеден, салды оған сыйларды
Алтын, күміс, тон-шекпен – бəрі тегіс жиналды.
 Феакийлықтар ұсынған. Оған қосты жəне де
Жібек желең, сырт киім, сосын өзі сөйледі
Одиссейге бір қарап, сөйлегенде бүй деді:
505. «Тығыз жауып күпшекті, құрмет шандып таста сен,
Біреу ұрлап жолшыбай қызықпасын затқа əсем,
Сен ұйықтап қалғанда қара бүйір кемеде».
Құдай тектес Одиссей азабы жоқ көрмеген,
Бұл ақылды естіген, жүгін мықтап теңдеген.
510. Аузын астау бекітіп, жіп-арқаның күрмеген,
(Қалай түйін түюді Цирцеядан үйренген.
Қызметші əйел бұл шақта шақырды оны моншаға,
Аяқ, қолын жібітіп, құйынуға суменен
Бұл жағдайға Одиссей қуанғаны соншама
515. Калипсодан шыққалы бұл рахатты көрмеген,
Онда сұлу Нимфалар жұпарымен емдеген.
Иіс маймен сылаған батыр туған денесін.
Мұнда да енді күң əйел жиғызды бір ер есін
Сылап-сипап, жуынтып, шықты жайнап желеңмен.
520. Асыл киім жамылып, жақсы сергіп моншадан
Залға кірді, жамырап жатқан іші сонша адам
Невсикая патша-қыз – сұлулықтың құдайы
Тіреу-баған түбінде көзін салып ұдайы
Қарап қалған жайы бар кескінімен таңданған.
525. Мына ғажайып мейманға, содан кейін қыз-патша
Даусын əнтек көтеріп, болар деді тіл қатса:
«Тəубе қыл сен, жолаушым, кезде үйіңе оралған
Мені есіңе аларсың, борыштысың сен маған,
Кездеспесең менімен, саған жоқ ед бұл заман».
530. Сонда ақылды Одиссей патша қызға тіл қатты:
«О, Невсикая, ару қыз жаннан артық сымбатты
Əлпештеген еркесі – Алкинойдай патшаның,
 Жай ойнатқыш Кроннон – жары сұлу Гераның
Берсе маған мүмкіндік – бұйырса елге оралу,
535. Сені күнде есіме отырар ем алып мен,
Құлшылық қып құдайдай, басқа бұрмақ салып мен,
Кездескенге сенімен борыштымын əрқашан», –
Осыны айтып отырды Алкинойдың қасына
Ет те келді, шарап та дастарқанның басына.
540. Ел еркесі Демодок кіріп келді жыршымен,
Биік-биік бағынды жарық залдың жаршымен,
Жүріп келіп, отырды қарсы қарап халыққа,
Тіреп қойып арқасын, семіз өгіз омыртқа
Жонның етін қолға ұстап (көбін өзіне алып қап)
545. Сөз сөйледі Одиссей Понтонойға бет бұрып:
«Мынау сыйлы мүшені – өзге жоннан ет-жілік
Демодокқа беріңдер, оны мұнда мен дағы
Бек сыйлайтын кісі еді. Əнші деген ел бағы,
Мұса өзі қолдаған елге құрмет еттіріп,
550. Əншілердің əулеті – қасиеттен жаралған», –
Деген кезде жаршы да көз ілеспей кеп алған
Демодокқа жеткізді, Ол риза боп қалды оған.
Енді бəрі кірісті дəм алуға жағалай
Ел ішіп-жеп болған соң асқанынша қанадан,
555. Қырық айлалы Одиссей Демодокқа сөз айтты:
«Жұмыр басты пенденің басып жүрген аяқты
Бəрінен биік қоямын, о, Демодок, мен сені
Дийдің қызы Мусаның яки Фебтің еңселі
Өзі үйреткен өнерге, көзбен көрген сияқты.
560. Баяндайсың ретімен баяғы Трой соғысын,
Ахейлердің қырғынын, басын жəне соңғысын.
Енді сен əлгі ағаш ат, Эпсос тұлпар жайында
 Паллада қыз жаратқан, бір хикая дайында.
Арқасында Одиссей сол ат толық бабында.
565. Қалай келіп кіргенін көсем толы қалаға,
Қасиетті Илионды ұшыратқан қазаға
Сол көсемдер болатын. Сен осының бəрін де
Шындықпенен жырласаң, бəріне елдің мəлімдеп,
Айырып жүрем əрқашан құдай берген дарын деп».
570. Сөйдегенде, Демодок, шырқады-ай кеп арындап,
«Ə» – деп, əуел бастады кемелерін дайындап.
Данайлардың теңізге кеткенімен тез жүзіп,
Өртке тастап қосынын құрбандыққа шалып-ақ.
Одиссей бар ішінде топ батырды бір тосын.
575. Қалдырғанын Тройда ағаш арттың ішінде
Тройлықтар сол атқа – қулық барын түсінбей,
Ашып берген Илионның тас бекулі қақпасын,
Қалаға кеп тұрды ат; əбден басы қатқасын.
Тройлықтар қалды ойға – мынау тылсым күшінде
580. Жез найзамен шанышпақ болды бірде күйретіп
Апармақ та болды бір замұққа дейін сүйретіп
Сонсоң жардан құлатпақ, ортасында Илионның
Қалдырмақта болды ойда, белгісіндей кұрбанның,
Құдайларға шалынған – қас жауларын қырған күн.
585. Соңғысына тоқтасты, жазмыш солай жазылған
Құлауына Илионның ағаш атқа қамалдан
Қақпа ашатын несі бар, ахейлердің бастығы
Ішіне барып тығылған. Тройларға ажалдан
Құтыла алмас бұл жолы қара қырсық қадалған.
590. Жыршы жəне жырлады – ахейлердің қалаға
Лап бергенін содан соң, ат ішінен далаға
Атып шығып бəрі де, өңкей өшті бөрілер
 Қаланы кеп талады. Үйіне кеп Дейфтің
Арейге ұқсап, Одиссей салды ойран, желікті.
595. Қаһарынан қар жауған Менелаймен қосылып.
Қырғын соғыс жүргізді (кетті жыршы жосылып).
Жеңді ақыры ол жауын Палладаның күшімен
Жырлады солай Демодок ахейлерді өсіріп,
Тебіренді Одиссей кірпікке жасы қосылып.
600. Жесірлер солай жылайтын өлген күйеу басында
Қанды айқастың үстінде, бар туыстық қасында
Жоқтау айтып, зар илеп. Өйткені ол ерінің
Көрген ғажап қайратын, сорға батқан елінің
Адамдарын қорғаумен, алысқанын сұм жаумен.
605. Жау көп болса, амал не, жығылғанда қайран ер
Төсін сүйеп денеге жылаған сол сорлы əйел.
Қылыш шауып иығын, тұтқындалып өзі де
Кете барса жат жерге, жасы толып көзіне,
Ұзақ шерге ұшырап, күңшілікті ол көрер.
610. Одиссей де дəл солай жылады бір қаладан,
Бірақ оның көз жасын көп адам жоқ байқаған.
Білді патша Алкиной. Сол жанымен түсінген
Одиссеймен тізелес отырған соң – күрсінген
Оның үнін естіген – естіп басын шайқаған.
615. Ескекқұмар Феакийдің баршасына сөйледі ол:
«Төре, əмірші, би-қазы, бəріңе айтар сөзім сол.
Енді біздің Демодок домбырасын тоқтатсын.
Көңілімізді көтермес ол жырлаған қырғын жол,
Кештен бастап айтқалы жырдың сұлу тақтасын.
620. Мынау біздің жолаушы күрсінеді тынымсыз.
Шерлі шығар жүрегі, қаны суық, жаны сыз.
Тынсын жырау сондықтан, ортақтасып бəріміз
 Көтерейік көңілді – жолаушы да, біз дағы;
Қуанышқа желінсін ең ақырғы тұз-дəмі.
625. Əлдеқашан дайын тұр жолаушының жол қамы,
Сыйлары да тұр əзір біздер берген қолдағы,
Шын мінəжат қылған ер туғаныңнан кем болмас,
Ал, қонағым, жақынсың, бізге сондай сен дағы.
630. Ештеңеңді жасырмай, мен сұрасам – айтып бер,
Істің жақсы ашығы; сені туған қандай ер,
Болып еді анаң кім жəне де өзге қаланың
Жақсылары батагөй кімдер еді сен сенер?
Болмай қоймас есімі тірі жүрген адамның.
635. Бəрінің де аты бар; Оған туған сəтінде-ақ,
Мейлі кедей, мейлі бай – ат қояды мақұлдап.
Əкесі мен шешесі, тағдыр берген сыйындай,
Туған жерің, қалаңды, халқыңның да атын айт,
Кейін біздің кемеміз зымыраса құйындай.
640. Білсін барар бағытын, Феакийлік кемені
Əшейінгі қорымшы басқармайды өйткені.
Рулі жоқ бұратын бізде ешбір кеменің
Орындайды өздері-ақ кемешінің дегенін
Ойын, сырын біліп-ақ, зеректікте жоқ теңі.
645. Табады олар айтпай-ақ адамдардың мекенін,
Ата-жайлау қонысын, толқындардың жетегін.
Өздерінше бағыттап, өздерінше тегістеп,
Қалың тұман ішінен жүрер жолын көрсетпек;
Қорықпайды дауылдан, иірімдерден өтеді
650. Аман-есен, пəлесіз. Дегенменен есімде
Невсифоя əкемнің, балалықтың көшінде
Жүрген кезімде айтқаны – Ұлы құдай Посейдон
Ашулы екен біздерге – адамдарды көрінген
Тасиды деп теңізге, мұхиттың да төсінде.
 655. Ешбір қауып ойламай. Тағы бір кез айтыпты
Жолаушыны, кезбені ету үшін бақытты
Өз жеріне жеткізіп, апарып сап қайтарда,
Феакийлік кемені қиратам деп Посейдон
Қаласын да төңкеріп тастаймын деп қорқытты.
660. Ол айтқанын істей ме, істемей ме Посейдон,
Не болса да еркі ғой – айтқанының бəрі жөн.
Солай енді, жолаушым, қалдырмай айт бəрін шын,
Қай теңізде қаңғырдың? Қайда, қандай жұрт көрдің?
Бəрін түгел суретте. Қай қаламен таныстың?
665. Ішінде де олардың бар ма ала-құласы,
Жауызы мен қаталы, жалғаны мен расы?
Жиһанкезге, жолшыға тілектестер бар ма екен?
Құрбан айтып құдайға, үзілмейтін дұғасы?
Жəне айт неге қамығып, төгіледі көз жасың?
670. Данайлардың соғысы, өлген Трой туралы
Сөз естисің, жылайсың, жүзіңде мұң тұрады.
Қаза берген оларға, жаза берген оларға
Құдайлардың өзі ғой, кейінгі ұрпақ жыларға
Ерліктерін еске алып, əнге қосып жырлауға.
675. Əлде сонда кетті ме күйеу балаң, қайын атаң?
Илионның түбінде қас жаулары жайратқан
Бізге олар да жақын ед, қандас еді сүйікті
Жүрегіміз туласқан, тулап біте қайнасқан.
Əлде сен бір айрылдың үзеңгілес жолдастан?
680. Əйтеуір бір бар себеп бұл жылауда əрине,
Ер жігіттің жолдассыз бұл өмірде сəні не,
Жолдас деген кейде артық туған іні-ағаңнан,
Болысатын сол келіп жау алғанда жағаңнан.
Ақыл берер сол жəне бітер істің бəріне», –




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу