18.06.2022
  216


Автор: Ғафу Қайырбеков

БІРІНШІ ЖЫР

Жырдың пірі – Муза маған енді алаңсыз ет баян,
Қасиетті Илионды талқандаған – Ер ноян,
Сонау күннен баспаған тау, бармаған жер қалмаған,
Мың сан жұртты көзбен көріп, сан қаланы шарлаған,
Ел сағынып, дос арылып, қанды азапты зарлаған.
5. Басы қаңғып, отанына қайтара алмай достарын,
Еткен еңбек босқа кетіп, сұм тағдырдың қысқанын
Азап-шермен тағы-тағы қалдырмастан шерт маған
Ол серіктер өз басына жаулық тілеп алғанын,
Гелиос құдай өгізін ұрлап, содан қырсық шалғанын.
 10. Өшіккен тəңірі енді оларды елге оралмас еткенін,
Қайырымды Муза, қандай жақсы соның бəрін шерткенің
Зевс қызы жайында да біразырақ баян ет,
Ажалынан құтылғандар елін аман тапқанын,
Қанды қырғын, көк теңізден көзі тірі қайтқанын.
15. Тек сорлаған біздің батыр отанына алыстап,
Сүйікті жар, туған ошақ əлдеқайда қалыс қап,
Нимфа Калипсо əйелдердің құдайы
Тас шыңырауға қамады оны, күйеу етпек күшпенен,
Жыл толғанда азабына құдіреттің істеген.
20. Барлық құдай бас изесті енді оралсын елге – деп,
Тек Посейдон – Су құдайы жолын қиып, кермелеп,
Одиссейді – құдайдай ерді қудалауға кірісті,
Бірақ бұл кез алыста еді, ол эфиоптардың елінде,
(Қос мекенді – жұрт атанған – бірі күннің батысы
Бірі күннің – жарық нұрдың шығатұғын жерінде).
25. Онда батыр жарлық беріп қаумалаған халыққа,
Семіз өгіз, қой біткенді жинап жатқан салыққа,
Өзі тойдың басында еді, ортасында «жеп-іштің» –
Өзге құдайлар жиналысқан сарайында Зевстің –
Пенделер мен өлместердің ең құдіретті əкесі
Кеңес құрып, бəрін жинап, ақылдасқан сəті сол.
30. Ойында оның – Эгист еді, – ер кісінің тазасы,
(Болды соның Атрид ұлы – Орест ерден қазасы);
Құдайлардың жиылысына Зевс сонда тіл қатты:
«Ғажап ғалам, қазалы пəнде атаулының бəрі де
Не болса соған құдайларды жазғырудың мəні не!
35. Өздері ғой өз сорынан текке қаза табарын?
Эгист те солай: несі бар еді тағдырға қарсы баратын,
Өлтірді де Атридті қайтарында жолшыбай,
Əйелін алды, бəлеге қалды, қазаға басы байланды
Құдайлардан елшілікке қырағы Эрмий сайланды –
 40. Басын құртқан Аргус ердің өжет еді ол да бір.
Өлтірмесін – дедік оны, əйелін ап зор жəбір,
көрсетпесін; Атридтің кегі қайтар Орестен! –
деді Эрмий, ержетеді ертеңгі күн нəресте
Тыңдамады, басын жұтты, ажалды ерің егескен.
45. Зевс кызы өткір көзді Афина ару Паллада
Осы арада əкесіне бір ауыз сөз арнады:
«Сөзің рас, Кроннон, ең жоғарғы əміршім,
Əділ жаза, тапсын қаза кім жасаса жауыздық
Бірақ менің жүрегімді өртеп тұрған арыз-жүк –
50. Айлалы ақыл Одиссейдің тағдыры еді тым ауыр,
Кіндігіндей кең теңіздің, тас аралда сонау бір
Билігінде Нимфа сұлу Атлант құдай қызының
Жатыр жалғыз жапа шегіп; көңілі қапа, жүзі мұң.
55. Ол арада Атлант қана тереңдікті билеген,
Ауыр биік бағандармен көк пен жерді тіреген
Соның қызы Одиссейді сиқырымен шырмаған
Туған жері Итакиді ұмыттырып бағуда,
Қарамастан көздің жасы, мұң мен арыз, шағымға.
60. Алыс жаға, туған елдің түбірін де сағынған,
Сол сорлы жан ажал тілеп, енді үміттен арылған.
Жүрегіне жетпес пе екен, Олимпия ардағы?
Сол емес пе ед сонау жатқан Троянның жерінде
Бір өзіңе құрбан шалып, сарқып сиын берілген
65. Ахейлердің қалың нөпір кемесінің көшінде
«О, Кроннон, босқа қаһар төгесің несіне?»
Сонда жауап қатты оған бұлт үйірген Кроннон:
«Қызым қалай шықты аузыңнан байқаусызда сөз мұндай?
Ұмыттым мен Одиссейді ел ішінде ызғындай.
70. Айырықша ер еді ол, өлместерге бара-бар,
Ақылы дара, құдайларға құдайысы жəне бар.
 Жоқ! Посейдон жерді сумен, толқынменен толтырған.
Онымен өш. Жазығы оның – Полимфемдей дəуінің
Көзін ойған. Сондықтан ол ең үлкені жауының.
75. Ішіндегі дəу-перінің ең мықтысы – Форктың, –
(Иесі еді ол ұлан, тұзды теңіз қорықтың).
Фооса Нимфа деген оның, қызыменен Посейдон
Арасынан туған еді ол жеті қат жер үңгірде,
Одиссейді Посейдон өлтіре алмас түбінде,
80. Дегенмен қуалап шексіз теңіз бетімен
Итакиден оны аулақ əкетуі еркінде.
Ақылдасып көрелік қайтаруды оны елге,
Райынан Посейдон қайтар болар тегінде,
Бар құдайды бір өзі əлі келмес жеңуге!»
85. Зевс қызы – жайтаң көз Афинея Паллада
Деді сонда: «Əкеміз – Кроннон алдағы!
Құдайлардың мұндағы жетіп тұрса парманы,
өлтіруші Аргусты, тындырушы бар тегі –
Огиг деген аралға Эрмий барса болғаны.
90. Бұйра шашты Нимфаға барып айтсын біздерден
Бұлжымайтын үкімді – қайтатұғын кез келген
Десін елге Одиссей – көптен соры қайнаған.
Итакиге мен барам. Одиссейдің ұлының
Жүрегіне дем беріп, кек оятар күн бүгін.
95. Қалың шашты Ахейді мəжіліске жинатам.
Одиссейдің үйіне, күйеулерді бір аттам
Жолатпасқа ол жерге, жегідей жеп тауысқан
Барлық малын байғұстың өгізін де, қойын да
Жалмауыздар кіл өңшең келмейтін бір тойымға
100. Спарта мен Пилосқа барып қайтар сосын ол,
Əкесінен бір хабар білу үшін осы жол.
Ердің даңқын жұртына танытуға тағы бір».
 Қыз соны айтып аяққа алтын ұлтан байлады.
Сумен, жермен құрғаққа, қияндарға қайдағы
105. Желдей есіп кететін; алды сосын найзаны
Мыспен басын ұштаған, пəлен батпан салмағы,
Соныменен сан ерді талай жайпап түсірген
Құдайдың туған перзенті Алланың ару ардағы.
110. Олимптің заңғар құзынан секірді келіп Құдай-қыз
Итакидің үстіне, қораға кірді байқаусыз
Қонақ киім киініп, Тафийлықтардың басшысы –
Бейнесін алып Ментестің, тастамай қолдан найзасын
Аттыруға кеп жатқан күйеулердің айқасын.
115. Көріп тұрды ол. Аналар өздері жеген өгіздің
Терісіне қонжиып, топай ойнап тоғыз күн,
Он күн шарап сіміріп, даяшылар жүгіріп,
Азаншылар айқайлап, табақ-табақ ет пісіп,
Сулар қайнап, бу ұшып, жатты солай жетісіп.
120. Афинаны алдымен Телемах көрді кіргеннен,
Жүрегі жара-қайғылы қасірет қамап түнерген
Есіл-дерті – əкесі. Аман келсе ол жолдан
Жыртқыштардың мынау бір алған үйдің мазасын
Тас-талқанын шығарып, берер еді-ау сазасын.
125. Отырғанда осы оймен, Афинаны көрді де,
Тұрды орнынан асығып, келді жақын ол міне,
Жолаушыны күттіріп қойғанына өкінді,
Оң қолынан алды да, қабылдады найзасын,
Ал содан соң мейманға бір асыл сөз арнасын:
130. «Хош келіпсің жолаушым. Қол қусырып сыйлалық;
Мұқтажыңды айтарсың, жайланған соң дем алып»
Деді дағы алға озды, Афинея Паллада
Соңына ерді, кірді олар той бөлмеге залдағы
Қойды оңаша жасырып, жарқылдаған найзаны.
 135. Бұрын онда тұратын Одиссейдің найзасы.
Афинаны əкелді əшекейлі айнасы
Əдемі бір орынға. Жылтылдаған матамен
Жапты үстін сəкінің; аяғына бір орын
қойды тағы. Отырды шеткерірек өзі оның.
140. Сонау шулы есер топ алмау үшін мазасын
Қонағының құрметті, ішу үшін дəм-асын.
Оңашада сұрамақ болды алыстағы əкесін.
Күміс леген алдырып, алтындаған құманмен
Қол жуғызды қонаққа алқындаған сулармен.
145. Жалтылдаған столға түрлі тəтті нан қойды,
Əкесінің қорынан жиған бір кез абыройлы,
Алтын табақ ет тартты неше қабат дəмімен,
Алтын құты қойды да зəмзəм шарапты
Күміс көмей жаршы да жұртты аузына қаратты.
150. Кіріп келді күйеулер гүжілдеген тобымен,
Отырысты жағалай өзді-өзінің орнымен.
Қол жуғызды оларға, даяшы-күңдер жүгіріп.
Дəм тасыды, содан соң шарап құйды балалар,
Қолын созып қалың топ болды бір кез дəм алар.
155. Тойғаннан соң ішіп-жеп, гүжілдеген күйеулер
Белгілі ғой ар жағы – көңілге əн мен күй енер.
Көркі емес пе тойдың ол – жылмаңдаған даяшы
əкелді аспап əншіге. Сыңғырлаған шектерге
Қол ұрғанда үн бітті əнші даусы кетті өрлеп.
160. Афинаға жайтаң көз қаранды да Телемах
Мойнын бұрып айтты сөз жаймен ғана сыбырлап:
«Кешір мені қонағым, ашық кетсем кенеттен;
Есіл-дерті əн мен күй, береке жоқ тасырлар.
Жат дүниесін ішіп-жеп, масығар да басылар
165. Бұл дүниенің иесі – жатыр оны кім біліп,
Қу сүйегі шашылып, жаңбыр шайып, су жуып,
 Айдалада қалды ма? Итакиге келсе ол,
Мыналарың киім мен жимақ түгіл алтынды
Жылап-еңіреп тілер ед еліне аман қайтуды
170. Əттең, өліп қалған ғой, сұм тағдырдың кегімен
Қуаныш қайда біздерге, қайғы ғана берілген.
Кейде, бірақ адамдар айтып келіп жатады
Оралады деп оны. Əй қайдан, ол оралсын.
Бір тілегім бар сенен, айтшы, кімсің, жолаушым?
175. Ештеме де жасырма, руың кім, елің кім?
Əкең менен шешең кім, айтшы бəрін жөніңнің?
Итакиге келдің сен қай кемемен, кім айдап?
Мұнша жерге, білем мен, жаяу келген жоқсың сен
Сен айта бер жасырма, біразын айт – көпсінсең.
180. Итакиге келуің бірінші ме? Жоқ, əлде
Одиссейдің қонағы болып жүрген адам ба ең?
Ол заманда шет жұрттан біздің үйге кісілер
Көп келетін; əкей де мейман жанын түсінер»
185. Айтты асыл көз Афина, сүйіктісі Зевстің:
«Анығында айтсам мен, өзім атым – Ментеспін,
Ақылды патша Анхиал – əкем менің болады,
Қайықшы халық Тафийдің билеймін елін талайдан.
Келді менің кемеммен Итакиге талай жан,
190. Өзге тілде сөйлейтін халықтарға теңізбен.
Мыс өндірмек ойым бар қазыналы Теместен
Айырбасқа аламын жалтылдаған темірмен,
Кемемді алыс қалдырдым төскейінде Неонның
Ретре деген шығанақ қаладан шалғай жер оның
195. Баяғыдан аралас біздің ата-бабамыз
Естір ең жиі өзің де бара қалсаң – сан аңыз
Болған батыр Лаэртті бірақ қазір ол кəріп
 Келмейтін болды қалаға, далада оның тұрағы.
Қызметші кемпір қасында, тамағын беріп тұрады.
200. Жүзім бауда жүреді аяғын басып əрең деп.
Келіп едім əкеңді əдейі арнап көрем деп.
Құдайлар оны жолшыбай кідіртіп қалған болар да.
Жер бетінде өлген жоқ Одиссей батыр қайырымды.
Əлдебір жерге, аралда, көк теңізде айдында.
205. Қамалған болар кім білсін жыртқыштардың ауында.
Мен айтайын, сен тыңда, құдайлардың қаумында
Жүргендіктен болар ма, жүрегімде болжайтын
Қасиет бар, емеспін, əрине, мен пайғамбар
Бақсы-балгер де емеспін, бірақ айтқаным келген дəл.
210. Ажырауы отаннан тым ұзаққа созылмас
Айрылмастай маталған темір бұғау қолы, рас
Үйге оралу амалын жанталасып іздейді ол
Айлалы ер ғой, əзірге тұрғанымен түспей жол.
Енді сен де менен түк сыр жасырмай айтар бол
215. Одиссейдің шынында баласы ма көргенім?
Бас бітімің ұқсайды жəне өткір көздерің.
Əлі есімде кескіні, сан кездестім онымен
Ахейлердің жақсысын жиып алып, кемемен
Трояға аттанбас бұрын оны көріп ем.
220. Одан қайтып мен оны, ол мені де көрмеді».
Одиссейдің ақылды баласы сонда сөйледі:
«Қадірлі мейман, шыным мен сырымды сенен бүкпеймін.
Анам соның баласысың деген маған, мен білмен.
Кімдер біздің əкеміз бұл дүниеге өндірген
225. Білуге мүмкін емес қой. Қырсық шалған адамның
Менің əкем болуы – осы күні маған мұң.
Əйтпесе ол мынау бір мекенінде дəулетті
 Қартайғанша жасар ед, несін менен сұрайсың?
Дүниедегі бақытсыз адам болды сорлы шын»
230. Жайтақ көзді Афина – асыл қызы Зевстің
Жауап қатты: «Шамасы, құдайдан бəрі көп істің;
Сенің ошағың даңқсыз болмас үшін алда да
Пенелопаға сендей ұл сыйлаған ғой тəңірлер.
Не боп жатыр бұл жерде, сен жасырмай айта бер.
235. Көп жиынның мəні не? Жатырмысың той жасап?
Той деуге де келмейді, ылғи бұзық асыр сап
Жатқаны анау, көруге көз ұялар жай екен».
«Менің жақсы мейманым, – деді Одиссей баласы –
Сен сұрасаң – мен айтам – енді сөздің расын:
240. Тұрғанында ер аман, дəулетті еді біздің үй
Құрметті еді иесі, қалың жұрттан көрген сый;
Енді міне қатыгез, қайырымсыз құдайлар
Қарақ етті ол үшін бүкіл жарық дүниені;
Жаймен өлсе, мұншама күйзелтеді кім мені?
245. Жолдастармен бірге өлсе Трояның жерінде,
Жараланып болмаса, үйге келіп өлуге
Жарамады. Ахейдің барлық халқы жиналып
Қояр еді арулап, биік күмбез салдырып,
Кетер еді ұлына мəңгі даңқын қалдырып.
250. Алды оны Гарпилер, ұшты-күйді жоғалды,
Моласы жоқ. Артында маған деген мұң қалды.
Жалғыз ғана ол емес – жоқтауым мен жылауым:
Басқа салды құдайлар басқа мұңның азабын.
Барлық біздегі аралдың мен мықтымын дегені:
255. Дулихи мен Замнан да, Закинфтен орманды
Итакидің өзінен құз жартасты, қорғанды
Өңшең дөйлер жиналды Пенелопаны алуға
 Зорлықпенен, мінекей, бар мүлкіміз таланды.
Шешем байғұс бірімен некелесуге қорланды.
260. Ешқайсысына құлқы жоқ, құтылуға жоқ дəрмен,
Ал мыналар ішіп-жеп, құртар бізді болды əбден».
Афинадай құдай-қыз басты ашуға сонда:
«О сұмдық-ай! Қадірі тұр екен-ау өтіп-ақ
Алыстағы əкенің! Етер күл мен топырақ
265. Мынау жебір сұмдарды; о, дариға, о, бір шақ,
Қос найзасы жалтырап, дулыға, сауыт жарқырап,
Кіріп келген қақпадан кездерін бір көріп ем.
Тостаған шарап қолда ойнап, отырып еді ең төрде
Эфирде сонау Мермердің баласы Илге келгенде.
270. (Соншама алыс өлкеге Одиссей патша тым жүрдек
Кемесімен жетіп ед) келіп еді у іздеп
Жез жебелі садақка. Ил көнбеді, бас тартты
Құдайлардың жіті көз қаһарына қалам – деп,
Сонда əкем беріп ед, дос көңілін бағам – деп.
275. Сол кейпімен Одиссей күйеулерге келсе егер
Жазуымен тағдырдың, неке түгіл зар шегер
Бұл сұмдарың, бірақ біз біле алмаймыз амал не
Жасырынған бізден ол өлместердің қауымында
Көктегілердің күшімен оралып келіп ол мұнда
280. Қыра ма, жоқ па бұларды? Оған дейін бір арман –
Амал іздеп көрелік, құтылуға бұлардан
Ертеңгісін тұрып ал, Ахейлерді жина сен.
Құдайларды куə ғып бұл ақиқат шындыққа
Көзін жеткіз олардың. Талап етуді ұмытпа
285. Күйеулердің үйіне тез қайтуын бұл жерден.
Шешеңе де айт егерде үміті болса күйеуден
Үйіне қайтсын ол дағы, жасау мүлкін даярлап
 Əкесі қызын жақсылап өз қолымен ұзатсын.
Ақылымды ал осылай, күйеудің бірін ұнатсын.
290. Ал өзің сайла кеме бір жиырма ескекті жалда да,
Ізде алыстағы əкеңді сапарыңды арна да.
Барлық елге сұрау сал, білер ме екен хабарын,
Қандай сөз бар ол жайлы, құлағыңды тос соған;
Зевс сөзін пəндеге жеткізуші қосшыдан.
295. Əуелі аттан Пилосқа, Құдай Нестор не айта алар.
Содан соң Спарт бар тағы, Менелайдан біл хабар.
Жез сауытты Ахейден, ең соңғы келген сол еді,
Əкең тірі əлі де, келеді деп естісең,
Қысымның төзіп бəріне, аттай бір жыл тосшы сен.
300. Өлді десе, жоқ десе тірілердің санында
Үйіңе қайт та оралып, келе салып сен мұнда
Күмбез орнат оған сен, кіріс жұмыс қамына
Аға тұтып, асын бер. Алғаннан соң жайғасып
Пенелопаға дегейсің – енді өзің біл, байға шық!»
305. Алғаннан соң бел бекіп, күйеулерді амалдап
Қамын ойла құртудың, күшпен яки айла тап.
Бала емессің енді сен, балалықтан кеткенсің.
Білесің кəдімгі Оресті кезінде жап-жас уыздай
Көзін құртты Эгистің жер бетіне сыйғызбай.
310. Əкенің кегін қайтарды күллі əлемнің алдында
Сен де сондай, о, досым, пісті қатқан шағыңда
Қажырменен қайрат қыл, сенің биік атыңды
Келер ұрпақ жаттасын. Кемеге енді оралам
Серіктерім енді іздейді, рұқсат бер сен маған.
315. Өз қамыңды ойла сен. Сөзді жерге тастама».
Одиссейден ақылды туған сонда жас бала:
«Уа, сүйікті мейманым, – деді – ақылың қонымды.
 Сеніменен сөйлестім, сөйлескендей əкеммен.
Жерге сенің сөзіңді тастамаспын бекер мен.
320. Асықсаң да азырақ сабыр етсең деп едім.
Моншаға түс, деміңді ал, тап жаныңның керегін.
Бағалы сыйлық қабылда, адамдардың салты ғой
Айырлысарда сөйтетін, есіне алып жүрсін деп
Дос пенен дос қоштасса, қайғырар да күрсінбек».
325. Зевс қызы жарқыл көз деді сонда Афина:
«Асығыспын асыл дос, сен жолымнан қалдырма,
Қайтып келіп алармын бермек болған сыйыңды.
Əкетермін үйіме, мен де сыйлық берермін,
Əзірінше аман бол, мен жолыма жөнелдім».
330. Осыны айтып нұрлы көз Зевс қызы зым-зия
Ғайып болды құстай-ақ – бет алысы бір қия.
Телемахтың бойына беріп бекем батылдық.
Еске түсірді əкесін, сескенді жəне бір оймен
Жүрегімен ұғып қап сөйлескенін құдаймен.
335. Тəңірдей сабаз содан соң күйеулерге таянды.
Атақты жырау оларға шырқайды мұңды бір əнді.
Тыңдайды бұлар булығып, бастары төмен салбырап
Троядан оралған ахейлердің қайырсыз
Сапарын жырлап тұр еді ол, көңілі мұң, жаны – сыз.
340. Шабытты жырды естіп қап, жоғарғы мекен-жайынан
Келеді түсіп басқышпен Пенелопа жайымен
Икарий қарттың жалғызы – ақылы асқан талайдан
Қос қызметші қасында, əйел біткеннің тəңірісі
Қарағанда бір соған көзі тоймас əр кісі,
345. Тұра қалды сүйеніп күміс діңген бағанға.
Екі жақта екі əйел, қызметіне алаңдап
Жалтылдаған пердемен көлегейлеп ақ жүзін,
 Жылап сонда тіл қатты шабытты ақын жырауға:
«Білетін ең ғой, Фемий сен, жырлауды артық бұдан да.
350. Құдайлар мен батырлар мадақтаған ерлігін,
Тілегім менің, солардың айтып жібер сен бірін
Тыңдасын үнсіз меймандар тəтті шарап қолға алып.
Мұңлы əніңді доғар сен. Оны естісем жүрегім
Өртенеді, қайдағым қозғалады білемін.
355. Аз қасірет болған жоқ, арыстаным қазасы,
Сағат сайын жас төгем, арылмайды азасы.
Эллада мен Аргосты даңқына зор бөлеген».
Одиссейдің тіл қатты ақылды туған баласы:
«Қымбатты менің анашым, неге тыйым саласың.
360. Жанымызды ұйытқан осынау жырды айтуға?
Жыршы кінəлі емес қой əлі жетсе шалқуға.
Кінəлі оған Зевс қой – адамдарға биіктен
Асқақ шабыт дарытқан. Салма тыйым сен оған
Данайлардың қайырсыз сапарынан оралған
365. Жырды мынау халайық, көріп отыр лайық
Сен де тыңда, мауқың бас, мұң-шеріңнен бір айық.
Құдайлардың бұйрығы – қайта алмаған жолынан
Тек Одиссей емес қой, өзгелер де ардақты
Қаза тапты, не керек, іздей беріп аруақты.
370. Бөлмеңе бар, үй-жаймен қамын ойла шаруаның
Өрмек тоқы, жіп иір, білсін күндер сен барын.
Əйелдің бұл ісі емес, ер жұмысы мұндағы.
Ол болмаса – мен бармын, мен билеймін осында», –
Деді ұлы білместен таң қалуға, шошуда
375. Пенелопа шықты үйден, жараланған жүрекпен
Тарс жауып бөлмесін, жан жайлаған бір дертпен
Ал жыласын еңіреп, қоршауында күндердің.
 Одиссейін жоқтады ол, ала алмастан бір тыным
Құдай қызы Афина жапқанша оның кірпігін.
380. Ол уақытта күйеулер жатты əлі дуылдап –
Пенелопаға таласып, бірін-бірі сығымдап.
Айтты сонда оларға Одиссейдің баласы:
«Біттіңдер ме, күйеулер, Пенелопаға таласып,
Дауларыңды қойыңдар, əн-өлеңмен жарасып,
385. Отырыңдар бір кезек. Шабытты ақын жырласын,
Құдай тектес сабаз ғой, болады одан кім басым.
Ертең ерте бəріңді шақырамын алаңға
Жұрт алдында айтармын, босатыңдар үйімді.
Іштің, жедің, тойындың, көрдің қанша сыйымды.
390. Бұдан бұлай тойыңды басқа жерге тойлаңдар.
Тыңдамайды екенсің, зауал барын ойлаңдар.
Құдайларға тапсырам – Зевс өзі-ақ табады,
Сонда сендер барымды тегін ішіп жегендей
Тегіннен тегін өлесің, қаласыңдар көмілмей», –
395. Деді де тынды ол, күйеулер күйінді ернін тістелеп,
Мынау бір батыл сөзден кейін жүректеріне түскен өрт
Евпеит ұлы Антипей сонда барып тіл қатты:
«Бұл сөзді саған, Телемах, құдайлар болар үйреткен
Ашулы сөзің қадалды тұп-тура келіп жүректен.
400. Кроннонның ырқымен Итакиге сен патша
Бола қалсаң – қырылдық. Хақыңда бар, шындаса».
«Антипей досым, сен маған ренжіме қатты айтсам:
Зевс берсе билікті – қабылдауға мен қашпан.
405. Патша болса несі бар, патша жұрттан қор ма?
Байлық, дəулет жиналар, құтқа айналар сол мекен,
Құрмет қылар халық та. Итакиде, бірақ та
Патшалыққа лайық жас пен кəрі табылар
Одиссей қаза болған соң, сайлауыңа ықтияр;
 410. Өз үйімде, ал қазір мен қожамын – ол анық
Одиссей тапқан айқастан құл мен күңді олжа ғып»
Полибидің баласы Евримах сөз алды:
«Тəңірлерден біздерге не бұйрық бар – белгісіз.
Толқын сүйген Итаки қалмас бірақ билеусіз.
415. Өз үйіңе, əрине, сен қожасың талассыз,
Аман тұрса Итаки, мүлкіңе қол салмаспыз
Келіп кеткен жаңағы қонақ жайын баянда:
Аты-жөні кім? Қай нəсіл? Қай мекенде туыпты?
Əкең жайлы ол, бəлкім, қандай хабар біліпті?
420. Итакиге əлде жай шаруасымен соғып па?
Ойда жоқта жоғалды біздерменен жолықпай.
Тегін, сірə, жан болмас». Одиссей ұлы ақылды деді:
«Досым Евримах, əкемді көру жоқ маған.
Келеді деген мен енді қауесетке тоқтаман.
425. Шешем байғұс бал ашып, болжау айтып бос əуре.
Одиссейдің қонағы ол кеп жүретін осы елге.
Мекені Тафос, Ментес ол – Анхиалдың баласы
Тафии деген ескекші ел билейтіні, шамасы».
Деп тұрса да Телемах, бірақ оның санасы,
Деп қорытты құдай-қыз – бүгін оның көргені,
430. Ал содан соң күйеулер тағы басқа өрледі,
Əнге басты, биледі кеш батқанша тасыр ғып.
Кеш болған соң бəрі де үйлеріне тарқасты.
Телемахтың өзі де сарайына қақпа ашты.
435. (Ол ғажайып сарайдың терезесі күн жақта),
Шықты алдынан шам алып Евриклея бұл шақта,
Певсенорий Опстың қызы еді ол ақылды.
Жайнап тұрған кезінде Лаэрт сатып алып ед
Жиырма өгізге бағалап, ұстады оны қадірлеп.
440. Асыл мінез ақылды өз жарынан кем көрмей.
Қол тигізбей бағып ед, қызықпай да, желденбей:
 Шам ұстаған күйінде Телемахты кіргізді
бөлмесіне жататын. Бала күннен бір мұның
күтушісі болатын, бəрінен бөлек күңдердің.
445. Отырды да төсекке, шешті жұқа жейдесін.
Берді кемпір қолына, ықыласын көргесін,
Əдемілеп тегістеп, бүктеп ілді шегеге
Басындағы есіктің күміс тұтқа есікті
Жапты сосын, тиегін белдеуменен бекітті,
450. Кетті шығып содан соң. Қойдың жұмсақ терісін
Жапқан төсек үстінде, қолдаушы пірі, перісі
– Афинадай құдай-қыз тағайындаған сапардың
Түні бойы көз ілмей, қамын ойлап жатты ұзақ,
Ағарып жүзі аспанның, бергенінше таң сызат.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу