Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  191


Автор: Серік Жетпісқалиев

АЙГҮЛ КҮЙ ТАРТСА

\ Айгүл Үлкенбаеваға\
Айгүл күй тартса,
ішкен асымды жерге қоямын,
Оның өнерін өртке балаймын,
Төрге қоямын.
Шырақ-ау,өнер дегенде
Айгүлден асып қайда барамын?!
Айгүл күй тартса,
Шіркін-ай,теңіз тербегендей тебіренемін.
Далама қарап
Жаңа көргендей еміренемін.
Көкке қарасам
ең жарық жұлдыз деп соны көремін!
Айгүл күй тартса,
Аспан айналып жерге түседі,
Өзенде аққан сең тоқтап,
Тең шешіледі.
Жақсылар төрге шығып,
Жамандар көрге түседі!
Айгүл күй тартса
Қызғалдақ қыста қауыз ашады,
Ақтүтек ақпан адыра қалып
Бәйшешек жұпар шашады.
Көзіңнің шелін жел ұшырып,
Көңіліңді мұнар басады.
Айгүл күй тартса
Арқаң қысып, шабытың шарқ ұрып,
Қиялың қияны шарлайды,
Ой-құсыңның қанаты талмайды.
Сұлулық біткен жақұттай жарқырап
Жаныңда бір елі көлеңке қалмайды
.
Айгүл күй тартса
Қазақ боп туғаныма қуанамын:
Күй тыңдаймын тебіреніп, тұра қалып.
Тұра қалып тыңдаймын, тына қалып.
Әлем сөзін әуеннен, күйден ұққан,
Беу, өзіме ұнайды мына қалып!
Айгүл күй тартса
Көремін өзгеге де ұнағанын,
Көремін басқан зілге шыдағанын.
Жоқ болса да налымай, зар илемей,
Көремін өлең-сөзін құрағанын.
Көремін жөргектегі бауырымның
Қойғанын күйді естіп жылағанын!..
Айгүл күй тартса,
Бойдағы қазақы қан қозғалғандай,
Хас тұлпардың жалына жармасып-ап,
Аламанда ақырып озған қандай!
Салт-әдепті аттамай,
Сұлу әнді
Қызды ауылдың сыртынан созған қандай!
Айгүл күй тартса,
Көкірегің әсер мен сезімге булығады:
Біресе іздеп қылыш пен дулығаны,
Біресе жанға батып қыл бұрауы
Тұлпарың кісінеп,
Жауда қалған бауырың шыңғырады.
Он сан ойың өзіңді жын қылады!
Айгүл күй тартса
Соқа басым симайды үйге менің!
Аласұрып бір сұмдық күйге енемін.
Ұшып-қонған қит еткен қызарғанға
Мен емес ем шырда-пыр күйгелегің!
Өйткені, айналайын, алай -дүлей,
Төгіліп Айгүл тартқан күй келеді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу