Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  105


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АСТАНАЛАР

Қайдасыңдар,
Қайран менің астаналарым,
Сендерді ойлап жанымды жасқа маламын.
Өзегімде өртеніп Отырар жатар
Кезіп жүргенде әлемнің тас қалаларын.
Сәулеті асқан Сауран мен Сығанақтарым,
Құмның астында қалдыңдар сығалап бәрің.
Катапульттердің күрзісі күйретіп кеткен
Түсіме менің кіреді бұла бақтарың.
Астаналарым,
Армандай Сарайшықтарым,
Жермен жексен боп жоғалды-ау зер-айшықтарың.
Ұмыттым ба әлде,
Жаулардың сұқтанып саған
Жарқабағына Жайықтың қалай шыққанын.
Табылды десе қалдығы Баласағұнның
Шапаттап санды шаттанам балаша бүгін.
Мәскеуден басқа шаһарды шенейлетпеген
Тарих дегенің неткен бұл «тамаша» ғылым!
Орынборды да жайым жоқ тосырқағандай,
Көп қала көзден ұшты ғой асыл қамардай.
Пұшайман болам киелі Түркістанды ойлап,
Тойлайық десек біз жүрміз жасын таба алмай.
Туған жылы жоқ тарихым тереңде менің,
Күмбезім күлге көміліп көнерген едім.
Көне шаһарлар аруағы жебесін сені,
Көсегесі де көк тудай көгерген елім.
Дәуірлер бар ма
Қазақты бастан ұрмаған,
Патшалар бар ма
Алашты босқа қырмаған?
Ата-бабалар аруағы қолдасын сені,
Аяулы менің Астанам — жас, сәби қалам.
Бір тоқпақтан соң ұшырап бір тоқпағына,
Төтеп бердік қой замандар сырқаттарына.
Астана жұртын айналған Асанқайғы ата,
Маяңнан түсіп,
Бата бер ұрпақтарыңа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу