Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  86


Автор: Мәди Қайыңбаев

ҚАЙРАҚБАЙ

Көктемде... құстар жеткенде,
Қиқулап көктен өткенде
Жер жыртып жүрді Қайрақбай
Тракторымен көк белде.
Соқасы күнмен жалтылдап,
Қарғалар мəз боп қарқылдап,
Бұп-бұйра қара топырақ
Жалданып жатты артында...
Қайрақбай əнге қосуда
Сүйгенін... еркін, тосылмай!
Аспазшы бір қыз болатын
Осында – дала қосында.
Сол қызға жігіт ғашық-ты,
Көңілін судай тасытты!
Қалт етсе қолы жұмыстан
Көруге оны асықты.
Үміті – сол қыз – арманы,
Сондықтан əнге салды оны.
Тостаған көзді, қыпша бел,
Кет əрі қыз да болмады.
Шаттыққа бөлеп аймақты-ай,
Көмейден əнін саулатты-ай!..
Көктемде... гүлді бөктерде
Дəн сеуіп... жүрді Қайрақбай,
Қайрақбай жанға байқатпай.
Кеудеге шаттық толады үн,
Бойында қуат, мол арын.
Қайрақбай білді
Күздегі
Егіннің бітік боларын!
Г.Е-ға
Қайда, қалай, қайдан, ойбай, тап болдың,
Дидарыңның құлы болдым, тапталдым...
Теңіздейін тасып ала жөнелді
Жүрегімнің түкпірінде жатқан мұң...
Дəл қасымда тұрсаң-дағы сені іздеп,
Сапырылды жан-жүрегім теңіз боп...
Қалай ғана ... кеткен бізді егіз боп
Айырады қатал тағдыр – доңыз кеп?!
Нұрыменен балқытқанда туған Ай
Сенсіз қалай қыдырамын, бұл қалай?!
Қалай сенсіз өткіземін кештерді,
Қалай жүрем сыбырыңды тыңдамай?!
Жүрегімді суырып бір алардай
Айдай əсем дидарыңды көре алмай,
Қара мақпал иіскемей шашыңнан
Қалай жүрем, қалай жүрем мен, ойбай?!
Сенсіз қалай өмір сүрем жалғанда,
Өмір бойы тұншығам ба арманға?!
Өмір бойы өксуменен өтем бе,
Сені ойлаумен жапа-жалғыз қалғанда?!
Кетпе, жаным, кетпеші тек қасымнан,
Сенің бүкіл болмысыңа бас ұрғам...
Сенсіз күлкі, ұйқымды да қашырғам,
Сенсіз күнім ұзақ мынау ғасырдан,
Жүрегімнің түкпіріне жасырған
Дүниеде жалғыз ғана асыл жан
Кетпе мəңгі, кете гөрме қасымнан...
Сүйеді екем шыныменен сені мен,
Уақыт өтсе суитындай көріп ем...
Суысын деп сендей асыл аруды
Ренжіткен кездерімнен жерінем.
Суысын деп не айтпап едім мен саған,
Айта салып... қайта артынан аңсағам.
Ай нұрымен бірге жұтып көз жасын,
Түніменен сені ойлаумен шаршағам...
Саған деген сағыныштан қалжырап,
Дөңбекшідім жапа-жалғыз... жан жылап.
Уақыт өтсесуитындай көріп ем,
Өз-өзімді алдап кеппін мен бірақ...
Сүйеді екем, сүйеді екем шынымен,
Дəл осылай боларын да біліп ем...
Ақ Лəйлісін армандаған бақилық
Бүгін, міне, Мəжінүннің бірі мен.
Сен бір көзсіз көбелек от айналған,
Пайдалана алады жат ойлы адам.
Сенің жалын жүрегің атойлаған,
Сенің нəзік қабырғаң қатаймаған...
Қарамайсың соныңа... ақылың кем,
Өкінумен өтерсің, аһ ұрумен!
Көрінгеннің төсегі болып-болып,
Мені айналып табарсың ақырында ең...
Сорлы жүрек құлы боп аңсарының,
Сонда да мен мүмкін-ау қарсы алуым.
Тамсануым мүмкін-ау татып дəмін
Ай жүзіңді айғыздап тамса мұңың...
Өртенді жүрегім... білмеймін не екенін?!
Ертеңді білемін – мен жылап өтемін...
Қазірдің өзінде өзіңсіз тұра алмай,
Əзір мұң көзімде – тамшы боп құлардай!
Елжіре, жүрегім... сен жүде, сен жүде.
Сен жүде, жүрегім... елжіре, елжіре.
Жатады жарға ұрып, сезімің – бұлыңғыр,
Батады мəңгілік көз іліп күнің бір...
Сайранда ойланба, күй де мұң-жалынға,
Ойланба сайранда – сүйгенің жаныңда!
Аңса да шаршама, құлама қалжырап,
Соншама аңса да, жылама сен бірақ...
...Өртенді жүрегім... білмеймін не екенін?!
Ертеңді білемін – мен жылап өтемін...
Көз байланып,
Ымырт қырға қонар шақ.
Ай туды, əне, дөңгеленіп. Қала алшақ.
Қаракүрең қою нұрды кешемін,
Келемін деп келмей қалған сені аңсап.
Қызыл райхан құлпырған-ды бақтарда
Көк шалғында өзіңді ойлап жатқанда
«Сүйесің сен, сүйесің!» деп сылқылдап
Ақ бұлақтар асығып бір жатты алға.
«Сен сүйетін қаракөз бар бір ғана...
Сүйесің!» деп мөлдіреді гүл де ана.
«Ол да сені сүер ме екен, қайдам-ау?!»
Деп бəйтерек бас шайқады мұңдана.
Мүмкін мені сен сүймейтін шығарсың,
Рас, мені сірə кімдер ұға алсын?!
...Кейін бірақ, бəрі өткесін... өксіп бір
Құс жастықты құшып үнсіз жыларсың.
Түсіме де енбейсің қазір мүлде,
Арнайды енді жүрегім сазын кімге?!
Сені ойламай қалай мен дəурен құрам,
Сенсіз өмір сүруге əзірмін бе?!
Айлар өтті... көңілім шыдасын ба,
Сені ұмыта бастаппын расында.
Жарамадың хал-дағы сұрасуға,
Қарамадың сен деген бір асылға...
Асылым деп жүруші ем...
Алданыппын,
Нашар жан екеніңді зордан ұқтым.
Сонда-дағы сені іштей сағынамын,
Қара түнде жылаймын зарланып мың...
Мүмкін, дертке шалдықтым, дуаландым,
Менің мөлдір жанымды ұға алар кім?!
Махаббаттың сап-сары уын езіп,
Көз жасымен қоса ішкен пірəдармын.
...Қол жетпеске ұмтылған бір адаммын...
Телефон да шалмайсың...
Ұмыттың ба,
Маған деген сезімді суыттың да!
...Мейлі, мейлі сайранды сала бер сен,
Отырайын ішімнен тынып мұнда.
Мейлі, мейлі сайранды сала бер сен,
Ойнап-күл де, аунап тұр... қара көрсең!
Ала бер сен лəззатты басқалардан,
Бақытты бола алмассың маған ерсең.
Басқаларға бейіл бол... ол ұқса егер,
Құшағында тұншығып, талықси бер!
...Саған деген сезімім лаулап-лаулап,
Бір күндері əлсіреп барып... сөнер.
Сені іздедім «Милениум», парктен мен,
«Жастар сарайы» жанына барып көргем...
Таба алмадым... налыдым тағдырыма
Осыншама азапты тауып берген...
От боп шықты өзектен... күрсінгенім,
Жаңбыр болды көз жасым... құрсын дедім!
Айлы түнде сені іздеп қалбалақтап
Қала кезіп шаршады құр сүлдерім...
Қандай едің сен, өзі?!
Ұмыттым мен,
Саған деген сезімім суық мүлдем!
Сұлу ма едің сен, осы, көркем бе едің,
Қара ма еді шаштарың тұнық түнен?!
Қандай еді көздерің,
Қара ма еді
Таң қалғандай əлемнің тəмам елі?!
Жаралы еді жүрегім... ұмытыппын,
Адастырып кетіпті сана мені...
Көз тастасам амалсыз іркер мені
Ит басындай кеудең де үлкен бе еді?!
Тап-талдырмаш едің ғой, тар мықынды,
Еліктің лағындай үркердегі...
Ұмытыппын əтсе де... көп күн өтті,
Алай-дүлей бір құйын соқты... кетті.
Енді, міне, есіме түсіре алмай,
Елжіретіп отырмын ет-жүректі...
Неге, неге жолым менің болмады,
Бақыт құсым шыр айналып... қонбады.
Біреулермен бірдеңені істеп ем,
Шикілеу боп шыққаны ма ол-дағы?!
Ап-анық-ты... бəрі маған анық-ты,
Əдейі ме... сонда ол неге тарықты?!
Көбелек ем, көл-гөсір ед көңілім,
Көбелектен қызғанды ма жарықты?!
Неге, Алла, жолым неге болмады,
Біреулердің бұйырмады мол бағы.
Ұрдым бəрін!
Өз жөніммен жүремін,
Дəл мен үшін сөз болып па сол-дағы!
Көп ойладым мен сені, көп ойладым,
Көрінгенге сен бе деп қарайладым.
Қалай ғана жапанда жалғыз қалдым,
Кеткен ұшып басымнан қалай бағым?!
Тəкаппарсып жүріппін ақымақ боп,
Ақындарға айтатын ақыл-ақ көп...
Жас жүрегім бұл күнде қалтырайды
Жел өтінде ілінген жапырақ боп...
Суық тартып кеткендей қала мына,
Сұлу емес, сұп-сұлық... ала-құла.
Сен кездесіп қалар деп сүзіп бəрін,
Жас тығылып келеді жанарыма...
Көктем кеші.
Жүрсің-ау сен басқамен,
Қалай сені жоғалтып алжасқан ем?!
Жолдастыққа жарамай бір дəурендік
Тіршіліктен түңілген мен қасқаң ем...
Сен əдемі едің-ау... көркем едің,
Наздандың да, күлдің де, еркеледің.
Өзіңменен бір дəурен кешіппін-ау,
Аралап бір жүргендей ертегі елін.
Түстей екен көрген ол таң алдында,
Өтті-ау... кетті-ау...
Шынымен жоғалдың ба?!
Жүрек жасқа толып тұр, жанар – мұңға,
Сендей жанды мен енді табармын ба?!
Елжіреткен қарасаң адам жанын,
Тұп-тұнық-ты қап-қара жанарларың.
Қара шашың мақпалдай, жүзің – Айдай,
Саған қалай мен серік бола алмадым?!
Сағындым-ау, арман-ай, сағындым-ау,
Тағдыр, мені маңдайдан тағы ұрдың-ау!
Көкіректі кернеген қайғы-шерім,
Ағыл-тегіл жас болып ағылдың-ау!..
Қызғанамын мен сені басқалардан,
Қызғаныштан жанымды жасқа малғам...
«Тастап алған» адамдай мəңгілікке
Мəди емес, бүгінде басқа болғам...
Басқа болғам, мен қазір ауысқанмын,
Жанарымда жас пенен жарысқан мұң...
Алысқанмын күн-түні сағынышпен,
Саған өші кеткен бір арыстанмын!
Басқа болғам... мен есі ауысқанмын,
Мазағына айналған таныстардың.
Орыстардың байланып арағына,
Жылай-жылай жасымды тауысқанмын.
Қанатына бір кезде мұз қарысқан
Қанды балақ қыран ем құздан ұшқан.
...Енді еске алар ма екенсің бізді алыстан,
Есі ауысқан адамды қызғаныштан...
Мен бір жанмын көңілі – у, көңілі мас,
Махаббаттан ауысқан, өмірі – лас.
Өз бетіммен жүрген бір жан едім ғой,
Маған обал жасадың... оның рас.
Тозақ еттің өмірді, мазақ еттің,
Осы азаптан келеді тез-ақ өткім.
Жалынына шыжғырдың аямай сен
Қызғаныш деген мына ғажап оттың!
Еліктірдің екі-үш жыл... шуақ құрдым,
Сөйттің-дағы бір күнде-ақ лақтырдың!
Ғашық болып өзіңе өмір бойы
Өкініп қалғанымды бір-ақ білдім.
Бір кек қалды кеудемде жүрер менің,
Түбі кетпес дəл осы түнергенім...
Маған обал жасадың... оның арты
Неге апарып соғарын білер ме едің...
(Күнделіктің «Важные события месяца» бетінен)
Маңызды не бар дейсің бұл айда əсте,
Оның барлық кескіні былай да есте...
Мені тастап басқамен кеткені үшін
Боқтағанмын мен оны... Құдай кешсе.
Боқтап келем əлі де есіме алсам,
Бұл өмірдің бес тиын бəсі, нансаң!
Бұрқ-бұрқ қайнап сан мəрте ашу-ызам,
Өрекпіген көңілім басылар сан...
Тауға да ұрдым басымды тасқа да ұрдым,
Құлағанын сезіндім асқарымның.
Біздер енді ешқашан кездеспейміз,
Мен енді махаббатта... басқа құлмын!
Г., мені білмейсің-ау сен деген,
Мен бір тірі пендемін ғой... өлмеген.
Бəрін көргем... шаршағанмын, біткенмін,
Бұл өмірде мен не нəрсе көрмеп ем...
Ал сен болсаң... əлі жассың, əдемі,
Бəрі, бəрі сұлулыққа дəмелі –
Ғашық болған сенің қара көзіңе
Көп ішінде... тағы бір жан бар еді.
Сол мен едім... Айға созған саусағын,
Ұйқы көрмей қаншама күн, қанша түн,
Ақ қағазға төге берген сыр қылып
Жүрек мұңын, көздің жасын, аңсарын...
Көбелектей діні жұмсақ затынан,
Аһ дегенде ақтарып у-запыран
Сол мен едім... өртеп өлген өз-өзін
Алаңға кеп... ғашықтардың атынан!
Бақытты бол!
Айтарым тек сол ғана,
Алданба өзің, ешкімді де алдама!
Сен сияқты бір Г-ға ғашық боп
Өмірі өксіп өткен мендей сорлама!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу