10.06.2022
  117


Автор: Серік Тұрғынбеков

БАЯНАУЫЛҒА БАРҒАНДА

Арқаның бір бөлшегі – Баянауыл,
Қашаннан қазақ үшін аяулы ауыл.
Бұл дала нұрланады, гүлденеді,
Заманы туған кезде таяу дәуір.
Қазірдің өзінде де тұр жарқырап,
Бар болса көретін көз, тыңдар құлақ.
Құйрықты жұлдыздайын,
Аз ғұмырда,
Қалдырды Сұлтанмахмұт жырдан шырақ.
Мекені – Жасыбайдың,
Олжабайдың.
Кісіге ол дағы – айбар,
Ол дағы – айбын.
Майра мен Естай ақын ән салғанда,
Қол соқпай,
Қалар дейсің қолдамай кім?!
Қазаққа оны көру биік арман,
Қажымұқан бұл өлкеде жиі болған.
Бұл жердің тарихының сырын-мұңын
Жүсіпбек жүрегіне жиып алған.
Өлеңмен бұл өлкенің аты қалған,
Ән-жырдың бал-шырынын татып алған.
Шорманның Мұстафасы,
Намыстанып,
Мұсаның астындағы атын алған.
Сол Мұса содан кейін жаяу қалған,
Көңілде құса болып, қаяу қалған.
Мұсаның әнін есту,
Өзін көріп,
Қаз басқан қазақ үшін аяулы арман.
Көп еді зары неткен,
Мұңы неткен,
Талайлар іштен тіпті тынып өткен.
Жоқтаған батырларын
Бұқар жырау
Бұл тауды талай-талай күңіренткен.
Таулары түйдек-түйдек,
Тізбектелген.
Бұлттарды құшағына құз бөктерген.
Бағзыдан бір аңыз бар
Ел аузында,
Баянды Қозы Көрпеш іздеп келген.
Содан ел «Баянауыл» атап кеткен,
Аңыз боп ен далаға атақ кеткен.
Аспанның өзі дағы
Тауды сүйіп,
Бауырын тұрады екен тақап көктен.
Төбесі тиіп тұрған аспанға да,
Шыңдар бар,
Басына шық, жасқанба да!
Кемпір тас,
Керегі тас,
Әулие тас –
Демеңіз жаралған ба тастан ғана.
Аңдасаң – тау деген бір жарықтықтан,
Ғасырлар құпиясын барып тыққан.
Көп сыр бар –
Аршаларда,
Шыршаларда,
Тастардың көкірегін жарып шыққан.
Жасыбай,
Жасыбайтақ – «Сабындыкөл».
Ақбеттау арасынан сабылды жел.
«Торыайғыр» сабасында толқып жатқан,
Сарыарқа – одан әрі, сағымды бел.
Биік шың Торыайғырдың жағасында,
Сәкенді алып келді тап осында.
Қазаққа сыйлас болса бәрі туыс,
Бәрібір жиенің де, нағашың да.
Бұл ауыл – ер Сәкенге нағашы еді,
Көңілдің сағынышты сабасы еді.
Жарасқан әзілі де, қалжыңы да,
Туыстан бетер жақын ағасы еді.
Нағашы қай кезде де артық еді,
Сол болып бар пейілі, бар тілегі.
Құтылып абақтының азабынан,
Бірден-ақ Баянтауға тартып еді.
Шарқ ұрып,
Баянтауға құстай ұшып,
Қиналған аза суын қыстай ішіп...
Кеңесті қолдадың деп,
Кей туыстың,
Келіспей қалғаны бар түс шайысып.
Сонан соң,
Елге бармай –
Баянауыл,
Болар деп шаршағанда сая – бауыр.
Түйіп ап шыбын жанын шүберекке,
Көңілге ем іздеді қаяулы ауыр.
Көңілге ем іздеді жұбанбаққа,
Қалың ел барғысы жоқ Дуан жаққа.
Қыр жаққа қиыр жайлап, жайлау іздеп,
Шалғайға кеткісі бар шығындап та.
Көксоқта,
Қарлы қыстың аяғында,
Тастамай қолындағы таяғын да.
Аралап әр ауылды келе жатыр,
Жеткізбес оңайлықпен Баяның да.
Баянда ер Сәкеннің нағашысы,
Әзірге ешкімде жоқ аласысы.
Тынығып,
Жан шақырып,
Тыншып алу –
Көбейтіп кеткеннен соң талас ісі.
Сегіз ай түрмедегі жазалы жан,
Көлбеңдеп кетпей қойды көз алдынан.
Құтылу әсте мүмкін емес еді,
Атаман Анненковтың азабынан.
Құр сүлдер –
Қатты қинап, ашықтырып,
Жігерін жіберді әбден жасыттырып.
Сүйегі сонда қурап қалар ма еді,
Әйтеуір, аман қалды қашып шығып.
Сондағы Баянауыл таңдағаны,
Осы еді сонда жолда аңдағаны.
Қалың қирап жатқан –
Жадау,
Жүдеу,
Апыр-ай қайда барып жан бағады.
Қашанда керек болар дарынға бап,
Жан-жақтан мүмкіндіктің бәрін қарап.
Бой жазып,
Аяқ созып, кең көсіліп,
Бір жерде болып еді дамылдамақ.
Ештеме шығар емес онысынан,
Тартсаң да теңелмес-ау қол ұшынан.
Көшкен ел,
Дағдарған жұрт,
Жұртқа ұрынып,
Өзінің өзі безіп қонысынан.
Бұйығып қыстауында көше алмаған,
Түйінін шаруасының шеше алмаған.
Алыста – тау ішінде,
Ауыл жатыр,
Қиындық қамытынан босанбаған.
Сарсылтқан сағыныштың бар ма шегі,
Бұл жаққа айдаса да бармас еді.
Сәкеннің нағашысы – Ілияс шал,
Арғынның Айдаболы – Қаржас еді.
Жүріске жанкештілік бір ай шыдай,
Жалықпай жоқ іздеген бір аңшыдай.
Үйіне келді Сәкен Ілиястың,
Ауылын нағашының сұрай-сұрай.
Үйіне кіріп келді сәлем беріп,
Тұрғанын сездірместен әрең келіп.
Жатыр шал төсегінде төрт бүктеліп,
Құлағы естімейді кереңденіп.
Тайыпты бетінен әр, көзінен нұр,
Сөйлеуге тіл келмейді, сөзі былжыр.
Бір елес тым алыстан байқалғандай,
Баяғы алғаш көрген кезінен бір.
– Ассалаумағалейкум! –
Керең құлақ
Естіді еміс-еміс әрең бірақ.
Шал байғұс бірдемені болжағандай,
Еңсесін бұрды бермен төмен құлап.
Сонан соң,
Ұзақ қарап сығырайып.
Еткендей адам емес, ғұмыр айып.
Кемсеңдеп жылады шал,
Біраздан соң,
Қай жақтан түсірді деп мұны ғайып.
Селкілдеп жылады шал:
– Сәкенбісің?!
Тәңір-ай осы кезде жетермісің?
Өзім де ойлап едім бір келер деп,
Түн бой болмай көрген бекер түсім...
Деді де, жая берді шал құшағын,
Сездіріп кәріліктің сел нышанын.
Сәкеннің бұл дағы бір сапары еді,
Болғандай арты – азап, алды – сағым.
Ертесін Баянтауды тамашалап,
Ер Сәкен шыға берді оңашалап.
Толықсып арнасында «Торыайғыр» көл,
Таулардың етегінде аласарақ.
Бұл көлдің жазық дала шығыс жағы,
Сәкен де солай қарай жылыстады.
Көрініп анадайдан «Найзатас» тұр,
Таулардың ішіндегі зымыстаны.
Шаншылып найза десе, найзадайын,
Қол жатыр етегінде айнадайын.
Жаз бойы осы араны мекен еткен,
Жиылып қырда – туыс, ойда – ағайын.
Жаз – жайлау,
Қыста – қыстау – жолындағы,
Айнала көл жағасы – қорымдары.
Бұл ара –
Баяғыдан атамекен,
Қаржастың
Қара қоныс орындары.
Айналып «Торыайғырдың» терең көлін,
Тамсанып: «Жер жоқ-ау, – деп, – сенен керім!».
Ертеден бала Сәкен естуші еді,
Сүйсініп Сұлтанмахмұт өлеңдерін.
Ұйытқан өлеңімен жамағатын,
Шынында, Сұлтанмахмұт ғажап ақын.
Осыдан үш жыл бұрын,
Ажал жеткен –
Ел түгел азалапты азаматын.
Қашанда қайран қазақ хас асылын,
Тисін деп берекеті батасының.
Қастерлеп қойған екен қорымының
Қосына Шоң, Торыайғыр атасының.
Тынғанша ажал жетіп қашан оған,
Қаламнан қолы бір сәт босамаған.
Алаштың соңғы ақыны – Сұлтанмахмұт,
Топырақ бұйырыпты осы арадан.
Ақыл-ой еркіндігі – шын азаттық,
Ақынға көре тұра кінә жаптық.
Сипалап жас топырағын қолмен ұстап,
Бас иіп тұрды біраз мінажат қып.
Қалықтап қиялына құстай үміт,
Көрмеген алған беттен еш тайынып.
Үйренген әкесінен бала жаста,
Оқыды «Хүлқуаллаһын» үш қайырып.
Осылай басын иіп ұлы ақынға,
Бастығып келді Сәкен бір ақылға.
Содан соң...
Қырға беттеп бара жатты,
Қарсы алды –
Қара дауыл – сұрапылға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу