Өлеңдер ✍️
ҒАЛАМДАС
Кеңістікке жалғанады уақытым,
Сол арадан табылады бақытым.
Ғаламдастың біреуіне татымайт,
Жинап алсаң дүниенің жақұтын.
Кермаралдай кеңістікте керілген,
Күй тарайды шеменімнен, шерімнен.
Анасының жарып шығат жатырын,
Ғаламдасым өніп шыққан белімнен.
Бірге сүрген он сегіз мың ғаламда,
Ғаламдасым əкем, анам, балам да.
Тіпті сонау Сахарада шөл кешкен,
Бəдəуиде ғаламдасым санамда.
Космоста өмір бар ма, өлең ше,
Микропта өре бар ма, өнер ше.
Дүниенің жан-жануар, жəндігі,
Мен сендермен ғаламдаспын өлгенше.
Бір ғаламдас сайрап тұр ғой мінбеде,
Бір ғаламдас қамалыпты түрмеге.
Ғаламдасын көміп жатыр ғаламдас,
Топырақ сап қабірдегі мүрдеге.
Бір ғаламдас аз ішеді зиялы,
Шектеулі ме қасіреті, қиялы.
Ғарыштан да ғаламдасты іздейімін,
Қиялыммен кешкен кезде қиянды.
Күзде солып бүр жаратын көктемде,
Жасыл желек жер сауырын сөккенде.
Көктем иісі жырға бөлейт даланы,
Бір Ғаламдас көктен нұрын төккенде.
Түсінемін бұл ғаламның мəнін де,
Түсінемін балықтардың əнін де.
Микро-ағзалар ғұмыр кешкен бойымда,
Олар үшін ғалам менің тəнімде.
Бір ғаламдас досым еді жақыным,
Тастап кеткен балаларын, қатынын.
Қыздар жайлы көп əңгіме айтады,
Бір ғаламдас көп ойлайтын тақымын.
Бір ғаламдас қиналады жазарда,
Бір қаламдас аз алады назарға.
Бір ғаламдас арба сүйреп келеді,
Доңғалағын шықырлатып базарда.
Бір ғаламдас көп шегеді шылымды,
Бір ғаламдас қоздырады жынымды.
Бір ғаламдас нəзік жанды ару ед,
Жеті түнде қойныма кеп тығылды.
Бір ғаламдас адамдықтан ада, тұл.
Бір ғаламдас екіншіге қара құл.
Бəріненде озып кеткен біреуі,
Көш басында артын ашып дара тұр.
Қарашы анау ғаламдастың аласын,
Қарашы анау ғаламдастың санасын.
Бір ғаламдас хабарласып тұрады,
Бір ғаламдас көрсетпейді қарасын.
Бір ғаламдас жазғаныма таң қалып,
Бір ғаламдас қызғанып та қалды анық.
Өмір деген осылайша күн кешу,
Ғаламдастар арасында алданып!
Бір ғаламдас айтып келет арызын,
Бір ғаламдас қайтып берет қарызын.
Кейде қинайт ғаламдастар алдында,
Өтелмеген өлең деген парызым.
Періштелер ғаламдасым, ар, нəсіп,
Шайтанмен де қалам кейде арбасып.
Жыр қалдырып кеңістік пен уақытқа,
Мен ғаламмен барам өстіп жалғасып!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter