Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  90


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Менiң өмiрбаяным

Менiң де өмiрбаяным
Ерекше емес басқадан,
Батылсыз басып аяғын,
Қадамын қалт-құлт бастаған.
Ат қылып мiнген, «таяғын»
Тоғызға толып тастаған.
Берiктас таудың бауыры,
Жыланды өзен жағасы,
Есенгелдiнiң ауылы,
Кеңқияқ, Жота саласы,
Шүршейiт баба қауымы,
Ғабдулла шалдың баласы...
Мен болам– Серiк дегенiң,
(ауылда Секен атанған)
Бойындай ғана шегенiң
Болсам да,
Қалмай қатардан,
Өрiмiн өрiп өлеңнiң,
Халқымнан алғыс бата алғам.
Көргем жоқ рас жетiмдiк,
Болды әке– шешем қасымда.
Кетiлдiк,
Қайта жетiлдiк,
Балалық дәурен жасында.
Еткен жоқ өмiр өкiлдiк,
Сүйреген емес шашымнан.
Отауыз жылдар қайғысын
Төрт жаста, бiрақ, сезiнгем.
Балалық шағым– Ай мүсiн
Ертерек менен безiнген.
Өмiрдiң жайсыз, жайлысын
Көре алмай ерлер көз iлген.
Сала мен сайды аралап,
Бiз-дағы «Жаумен соғыстық».
Жандарды жатқан жаралап,
Жылдармен ойнап тоғыстық.
Күндердi кеткен қаралап,
Шаттықсыз шақтың «шоғы ыстық».


Желбiреп тұлым жетiмде,
Бiлiмнiң аштым есiгiн.
Ауылдың сонау шетiнде
Тұратын мектеп– бесiгiм.
Жаралы жылдар өтiнде
Жаттадым «көсем» есiмiн.
Жылдарды, айды жоңқалап,
Жiгiттiк шағым боянды.
Күндердi жүрдiм сорпалап,
Селт етiп сезiм оянды...
Басталды дүман– той алды,
Мектептi шақтым орталап.
Тұсамай күндi тосаптап,
Қарамай тiрлiк құзына,
Махаббат таңын қош ап қап,
Жарасып дәм мен тұзыма,
Жүректi қостым қосақтап,
Күршiмнiң қара қызына...
Отынсыз болмай ошағым,
Қайнады отта қазаным.
Көтерiп көңiл қосағым,
Жүректен жайды жаз әнiн.
Бекiдiм,
Кейде босадым,
Тарқамай тұрып базарым.
Жылдар мен жылдар жалғасты,
Ұрпақтар келдi өмiрге.
Қуаныш сыйлап алғашқы,
Көктемдер күлдi көңiлде.
Түсiмде жылап таң қашты,
Күн күлiп тұрды өңiмде.
Жылады...
Күлдi жылдарым,
Жамылып темiр перденi.
Шыныдай сынып сырғалы үн,
Сыңғыры маза бермедi.
Малынып мұңға жырладым,
Шағылып шыңға өрледiм.
Жас өстi, Жарлы байыды,
Уақыт озды зымырап...
Тiрлiктiң күнә, айыбы
Азайды,
Жүрек– жылы бақ.
Тағдырдың қара қайығы
Жағада тұрды тыным ап.
Шаршады мый да, жүрек те,
Аунады жасыл шалғынға.
Күндердi қалған жүдеппе,
Тоспайды арман алдымда!
өмiрге артпан бiр өкпе,
Сарғаймас сезiм сар мұңға.
Iргеге берiп арқаны,
Отырам күнге шуақтап.
Тiрлiктiң атқан әр таңы,
Көңiлдi кетер қуаттап.
Базарлы күнiм тарқады,
Бусанған жанның буы аппақ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу