Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  186


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Торығу

Тоқыраған тiрлiктiң тоңы қалың,
Жатып алды тағдырдың жолына мұң.
Таңын тартып қасқырдай тамашаның,
Жөн емес торығаның.
Қалғыймын қара түннiң құшағында,
Қиялды томағада тұсадым да...
Тұрмыстың тiлiнгенде туырлығы
Қамалдым құса– мұңға.
Жақпайды жарық күнiң,
Жарық Айың,
Сағымдай буындырып сары уайым.
Қоңыр күз,
Қотыр аспан,
Күрең дала
Көзiме көрiнбейдi тарыдайын...
Мұңымнан арылайын.
Үмiтiм үзiледi үкiлеген,
Күзеуге қонақтайды «күпiлi өлең».
От шайнап,
Жалын құсқан заманым жоқ,
Бықсыған түтiн емен,
Жартымын... бүтiн емен.
Зары не Заманынан ұтылғанның,
Қасында қалтыраймын құтырғанның.
Түсiмде тұншықтырып тұмшалайды
Тұтылған Ай, жұтылған Күн.
Оянам бүтiл денем түршiгiп мен,
Аламын амалсыздан күрсiнiп дем.
Барайық бақилықтың базарына,
Жолдасым, жүршi күткен.
Түссем де арыстанның ауызына,
Жағамды жыртқызғам жоқ жауызына!
Тағдырым тарылғанда сыйып кеткем
Тарының қауызына.
Сонда да өлмегем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу