03.06.2022
  179


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

ДАЛАЛЫҚТЫҢ ДАУЫСЫ

1
Мен қазақпын, қоңырқай азаматпын,
Жалын ұстап ержеткен арғымақтың.
Мен қазақпын, сақтардың тұқымымын,
Келбетімде кені бар ар-ұяттың.
Мен қазақпын, ұрпағы Тұғырылдың,
Абақ атты апамнан уыз емдім.
Қорамсаққа қол салып, қиынға жол,
Шыңғыс ханмен соғысып қуғын көрдім.
Алғы күнге жетелеп көшімді арман,
Алдымда Сыр, артта Ертіс, Есіл қалған.
Азияның Шыңғысхан жолбарысы,
Ащы-тұщы болмаса несі жалған?
Мен қазақпын, сайыскер ұрқы батыр,
Мінезі де, кісілік құлқы да асыл.
Қылышынан қан тамған Тұғырылдың
Шіңгілдің Үшкөлінде жұрты жатыр.
Мирас қалған балаға бабалардан,
Обалы тау, ұнайды дала маған.
Салиқа мен Сəменнің ізі жатыр,
Жаятасты сол тұста паналаған.
Мен қазақпын, əулиесі ат үстінің,
Кең сахара тұғыры бақ құсымның.
Менің бабам тауына таңба басып,
Қонысына қондырған тас мүсінін.
Мен қазақпын, бас қосып ауыл-аймақ,
Ата жұртын қорғаған ба, а, құдайлап.
Мен қазақпын, Қабанбай, Бөгенбаймын,
Жауға шапқан шеп бұзып Абылайлап!
Мен қазақпын, Қаз дауысты Қазыбекпін,
Төле бимін, Əйтеке, Жəнібекпін.
Көк дөненді көсілтіп Азиядан,
Арлы-берлі келеді шауып өткім.
Мен қазақпын!
Құрдым боп құрағаны,
Көріп қайтқан Алқакөл, сұламаны.
Мен қазақпын!
Жүйрік ат, қыран бүркіт,
Сұлу əйел тағы да бір арманы.
Мен қазақпын!
Шашқанын табысым дер,
Мəрттігінен айрылса намысы үдер.
Батыр баба, тізгінді жіберейін,
Қубас аттың маған да шабысын бер.
Шарықтатсам шабыттың несі кетер,
Берген жоқсың өнерден енші бекер.
Мен малшының қара жон баласымын,
Топан суды тобықтан кешіп өтер.
Ақын миы магма жатқан қызып,
Жүрер кейде маңдайын тасқа да ұрып.
Жасамайды ешкімге баспа қулық,
Көрсетпейді ешкімге астамдылық.
Мен қазақпын!
Үйсіннің ұрпағымын,
Арыстардың ұялы бұтағымын,
Отан үшін оттан да тайынбайтын,
Шапсам тұлпар,
ұшырсаң сұңқарыңмын.
Өз жолымды өмірден алам таңдап,
Бір биікке жеткенше қалам самғап.
Асын ішіп, аяқты босататын,
Мен емеспін қызыл көз, шабан-шардақ.
Менің бабам Күнбидің жасауылы,
Балтыр сыздап демеген бас ауырды.
Сар даланың сартабан сарбаздары,
Қара нардай көтерген аса ауырды.
2
Мен қазақпын!
Күрделі ғұмырнамам,
Екпінімнен ғасырлар туындаған.
Қорқыт ата, тарта бер қобызыңды,
Зікіріңді айт, Яссауи – білгір бабам!
Мен қазақпын!
Ғұлама Əл-Фараби,
Əлі талай тылсымгға жол салар ми.
«Шипагерлік Баянда» Өтейбойдақ,
Жаңалықты ашыпты жар сап ылғи.
Мен қазақпын!
Философ Асан қайғы,
Əлі алдына желмаям жан салмайды.
Жерұйықты іздесем елім үшін,
Бүгін мені қай ұрпақ қарсы алмайды.
Күй нотасын жүрекке құлай сызған,
Мен қазақпын, күй пірін құдайсынған.
Құрманғазы, Тəттімбет, Бейсенбілер,
Күй сарынын сарнатқан құзар-шыңнан.
Мен қазақпын!
Əйгілі Төле бимін,
Дауға салсаң ортаңа төбе бимін.
Бұқарыңмын, Қаз туған жырауыңмын,
Иісі қазақ қауымының мерейімін.
Мен қазақпын!
Əлемнің Абайымын,
Шыңғыс таудан шығандап тарайды үнім.
«Қайран елім, қазағым, қайран жұртым»,
Бетіңе айтар əлі бар талай мінің.
Айтысумен өтіп ед талай жылым,
Қалай жылап, мен жоқта қалай күлдің.
Алтыбақан бұрын да алауыз ең,
Жиырмасыншы ғасырда қалай жүрдің.
Мен қазақпын!
Шоқанмын, ғалымыңмын,
Əл-Фараби жалғасы тəлімінің.
Бір көрінген құйрықты жұлдызыңмын,
Білмеске əлсіз, білгенге алыбыңмын.
Мен қазақпын!
Мұхтармын, бір туарың,
Тағып кеткен Ұлы Абай жыр тұмарын.
Əлемдегі сөйлеймін ұлт тілінде,
Ұрпақтармен бір жасап, бір тұрамын.
Мен қазақпын!
Сарамын, Біржан салмын,
Сахарадан самғатып күнде əн салдым.
Қос жұлдыздар біздердей туар болса,
Ұлға жүзік, қызыма сырға салдым.
Мен ғұлама ақының
– Ақытыңмын,
Біле білсең жақұтың, бақытыңмын.
Келер ұрпақ көрерсің безбенге сап,
Ауыр-жеңіл тартарын сарқытымның.
Мен қазақпын!
Мұзбалақ Таңжарықпын,
Ерте оянып оң-солды аңғарыппын.
Содан болар, қараңғы қазағымның
Даласына өлеңмен шам жағыппын.
Ілінбейтін ілгегі есігінің,
Мен қазақтың төлімін бесігінің.
Ұлтанды ұлттың жасайды ұлылығы,
Арқасында жақсылар есімінің.
Ағаштың да тұтасқан тамыры бар,
Өзеннің де қайнары, ағыны бар.
Жасаған соң адамзат қоғамында,
Табынулар болады, сағынулар.
Өйткені олар халыққа ортақ байлық,
Жөніміз жоқ жалтақтап, бой тартарлық.
Қазақ қаны айналған жүрегімді,
Оқысаң да айтар сол қайта ақтарып.
Ұлылардың үйренер ұлағатын,
Ата-баба, мен, сенің жұрағатың.
Жұмсайды деп қай құрлық, қай мүйіске,
Белдеуімде ширығып тұрады атым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу