03.06.2022
  299


Автор: Еркеғали Бейсенов

Қайран, құндылық!

І


 


Басқаға қолдан берген бай мұрасын,


Ұлтымда өкініш пен қайғы басым.


Тайраңдап төрге озған талайына


Жіліктің ұстаттық-ау, майлы басын!


 


Қалайша күнгейімнен бұлт түремін?!


Ығысты көлеңкеге ұлттық реңім –


Қазақы қалпым жатыр аңғарылмай


Байырғы қонысымнан құтты менің.


 


Алашты шайқап өткен дауылы мың,


Әлемдік өркениет – ауыр ұғым...


Әз тарих парақтарын қалыңдатқан


Түтіні сиреп қалды ауылымның.


 


Шіркін-ай, қандай еді, қандай еді,


Қазақтың тас қаладан шалғай елі?!


Тарпаңға жер тарпытып жүретұғын


Шетінен сертке берік, нардай ері.


 


Сындымыз қазір түгел ез боп кеткен,


Намыстан шын булыққан кез жоқ тіптен!


Қаралы мың сегіз жүз жетпіс тоғыз –


Өлген жыл соңғы тарпаң...


Лезде-оу, нүктең!


 


Тырыстық күрт құруын елемеуге,


Шорланды бүкпе шерлі шемен кеуде.


Мақұрым болар еді мұқым халық,


Алмазов Борис «погиб...» демегенде.


 


Бұқпам-ау, бұл неғылған шыдамдылық?


Көз алдын ала бердің тұман қылып.


Тағы бір кереметім кетті сиреп,


Қуантқан түз тағысын қыран іліп.


 


Қай сайтан түртіп тегі, демін сапты?


Өр құспен бөліспедік ен ынсапты.


Е деп қой, ел бойынша елеусіздеу


Құсбегі қалған екен елу шақты.


 


Арқада қадірленген бұрын анық,


Саяттың өрісі тар, құны – ғаріп.


Аң-құсты шіл қиындай қорғасынмен


Жайраттық айдалада тұрып алып.


 


Иә, солай, еңбегіңнің құны кетіп,


Кеңіді кеңістікте ұлы кетік:


Оп-оңай винтовкамен ата салдық,


Бөріні мәшинемен қуып жетіп.


 


Дегенмен көліктерді бөгер сілем,


Төніп кеп тікұшақпен төбесінен,


Қопадан шығара сап, шығындаған


Тоғайдың қабан деген төресі кем.


 


Ителгі, тұйғын, лашын, сұңқарменен


Шыққан ер дабылдатып, сұлтаным ең...


Қаз, ұлар, қырғауыл, құр, дуадақты


Сен емес, өңкей атқыш құрта берген!


 


Құсқа құс сала білер өнеріңді,


Тұтпады батысшылдау өрен үлгі.


Бабаның көзі дерлік балақбауды


Ұлың өз бөлмесінен бөлек ілді.


 


Емеспіз енді жүйрік атқа зәру.


Мылтықтан табылмады асқан қару.


Көнекөз шал-шауқанға ғана міндет


Жымдарға тұзақ құрып, қақпан салу.


 


Жіберді сөйтіп кәрің, жасың ағат,


Оу, қазақ, сауапты ой басыңа қат!..


Бапсыз-ақ түлкі шалар тазыларың


Мөлейді балкондарға асылып ап.


 


Жырыммен құндақтап...


Еһ, өбектедім!


Артпассың бұл ауызша көмекке мін...


Мұжықтың қос қабатты үйі маңын


Күзетті бөрібасар төбеттерің.


 


Жә, жетер!..


Менен ұлттық ұстынды күт!


Кезеймін намысымды ұшқын жыр қып.


Ант ұрсын, ит жүгіртіп, құс салудың


Тарихын тәмамдасам үш мың жылдық!


 


 


ІІ


 


Саятқа аңшылардың азы бекем,


Даламның аң құтылмас жазығы кең.


Әлемде жүз он алты түрлі ит бар,


Ең ұшқыр – менің құмай тазым екен!


 


Ал төбет жекпе-жекке шын шыдайды,


Құлатпай қабанды да, тыншымайды...


Бөрімен бетпе-бет кеп қалған сәтте,


Барақтар бұтын қысып, қыңсылайды.


 


Мойындап осылардың екеуін де,


Дерің рас қасиетін тете мүлде.


Сөлпиткің келмес басқа туысындай,


Қалалық ақсаусақтың жетегінде.


 


Қазағым, сыр толқытсын жаршың оңнан!.. 


Тазысы арлан алса, аңшы – қорған:


Жылқыға қалыңмалдық айырбастап,


Иелік етпек жанға қарсы болған.


 


Жаратқан өзін берген хас киенің,


Мен саған ұлттық рухпен басты иемін,


Төренің ақ ордасын үйшік етіп,


Керіліп төрде жатқан ақсүйегім!


 


Ақсүйек?..


Неге сыртқа тептім оны?!


Бүгінде қашып отыр беттің өңі.


Баяғы үркіншілік жылдарында


Байлармен арғы бетке кетті көбі.


 


Қалғанын сары табан әбден илеп,


Бір уақ танытпады мәдени кеп.


Індетті қадағалау сылтауымен


Сау итті ата берді әдейілеп.


 


Түсті де тік еңсемді тұралата,


Майданда қылмақ болды-ау, сірә, қапа!?


Немістің танктерін жару үшін


Байлады төбеттерге граната.


 


Қинайды кеткен кегім Кеңестегі.


Ұлыңның кеш пе, қазір егескені?


Меншікті қырық шақты тұқым иттен


Қалған сол екі-ақ түрі емес пе еді?!.


 


Әлде сен, жұртым, мені күндеймісің?


Ілінсе жазықтымын тілге кей сын...


Ресейдің ұлттық иттер санатына


Төбетті қосып алды.


Білмеймісің?!


 


Қадірін сезбей әлі таза бақтың,


Келеміз бұйырғанды жазалап тым.


Жеріне тұяғын бір тигізбедік


Аштықта Қытай асқан қазанаттың.


 


Жиендік іргетасы ерсі бекіп,


Көкпарды қырғыз отыр меншік етіп.


Қойғаның бәрінен де ұят болды,


Қымызды немістерге еншілетіп!


 


Өз-акаң, малының жоқ ақ-адалы,


Күресті иемдене жатар әлі...


Бабамнан қалыптасқан құсбегілік –


«Шейхтың хоббиы» деп аталады.


 


Шашылдық екенмін деп дархан халық,


Тұр міне, алда сағым, арқамда құт:


Құлпыртты қыран, сұңқар құсты араб,


Маржан мен томағаға гауһар тағып.


 


Құшағын сәлделіге қалған жайып,


Таққам жоқ қандастарға жалған айып.


Кейіннен құсбегілік өнеріңе


Алса да сертификат, таңданбайық!


 


Қалпыңды дәрменсіз ел, қоштадым ал!..


Салтыңа қызықты ма, босқа бұлар?


Испандар жүз алпыстай бүркіт бақса,


Өзінде Бельгияның тоқсаны бар.


 


Деректер бүгінгі ғой. Өсер ертең!


Басқаның бастан бағы көшер деп пе ең?!


Дарақы болмысыңнан түк пайда жоқ,


Жосықсыз «менікі» деп бөсе кеткен!


 


 


ІІІ


 


Замандас, іздесең көп керегіңді,


Аңшылық  дәстүрің де ерен үлгі.


Патшалық Ресейдің кең дәуірінде


Жоғары бағаланған шеберлігі.


 


Дегенмен оңы-солы толы тыңшы,


Көрініп жарылқаушы, болысушы,


Мерейін Романовтар арттырған кез –


Жыл еді мың тоғыз жүз он үшінші.


 


Бабамыз жолға шықса тарпаң атпен,


Ұлысқа «ұлы тойда» шартарап – тең.


Әулеттің үш жүз жылдық мейрамына


Қатысты құсбегілер салтанатпен...


 


Ал Кеңес Үкіметі құрыларда,


Сақталды ата дәстүр құнығарға.


Бәрібір бодан едік, қойса-дағы


Таңдатып қос биліктің бірін Алла.


 


Ұлтымның болды десең жеке несі,


Шықпаған саятшының бекер есі.


Етіпті аң терісін киім, бұйым


«Каззаготпушнина» мекемесі.


 


Қып-қызыл қожайынның әр демінен


сезілген жылымықтың жәрдемімен


Сонарда тазы, бүркіт – киелімнің


Аң ұстау әдісіне мән берілген.


 


Ресейден ит табылмай қаны мықты,


Қазақта артықшылық барын ұқты.


«Каззаготпушнина» есебіне


Төрт мыңнан астам тазы алыныпты.


 


Бір жылда сол иттердің иелері


Түлкінің отыз мыңын жүйеледі.


Күн сайын елдің әрбір түкпірінен


Үздіксіз терілерді үйе берді.


 


Ақтөбе, Қызылорда көп қызықты


Көрсетіп, мекемеге төкті жүкті.


Әр аңшы бір маусымда бір тазымен


Жүз қоян, отыз түлкі өткізіпті.


 


Шығарда жон, түбектің шарлап мыңын,


Жалғанда жазған құлда бар ма тыным?..


Бір аңшы мекен еткен Естай атты


Шамалған стансасын Алматының.


 


Ол кісі таймай үш ай білгірліктен,


Алатау бөктерінде жүрді үмітпен.


Жүз он бес түлкі және үш қасқырды


Қағыпты екі тазы, бір бүркітпен.


 


Айтайын, жан табылса бұған шыдар,


Мылтықшыл нәпсің қанға құмар шығар...


Жыл еді сол сәт отыз сегізінші,


Еңбекпен көзге түскен шын аңшылар.


 


Қырқыншы жылғы есеп саласында


Түсті де хайуанатты санау сынға,


Жеті мың тазы және он тоғыз мың


Тіркелді төбет қазақ даласында.


 


Содан соң фашистермен ұрыс қамын


Ойластық әскерінше құмырсқаның.


Өңдейтін аң терісін мекемелер,


Тоқтатты біржолата жұмыстарын.


 


 


IV


 


Бейқамдық ұнамайды маған мүлдем!


Өткенді еске былай салам бірден:


Сұрапыл жылдарында бұл өмірді


Дәулетбек Көкшіновтей бабам сүрген.


 


Тірлікте өзі болса жомарттың нақ,


Серігін қалайша ол шолақ қылмақ?


Көкжалға түскен батыл бүркітіне


Мықтап бір салып берген болат тырнақ.


 


Күдеков Керім деген құсбегінің


Есіме әкесі де түсті менің...


Жаңбырда шешіп желең шапанды нақ,


Жабады бүркітінің үстіне кім?


 


Әнеки, іс қылсаңдар өңгең игі,


Дүние тек сауаппен дөңгелейді.


Сол кісі сол заматта суық тиіп,


Өкпесі қабынғаннан өлген дейді.


 


Етекке жармасқанда түрпі кілең,


Тоқтасын Мәметовті пір тұтып ем.


Жылдары елуінші шекарадан


Өткізбей қойған оны бүркітімен.


 


Болғандай кешегіге куә бүгін,


Айтқан жөн озбырлығын кінәлінің:


«Бұл менің өз ұлымдай...» деген қарттан


Сұраған «Туу туралы куәлігін».


 


Қытайлық сұхбаттаспай делегатпен,


Келтірдім білген жайтты елеп-ақ мен...


Қысқасы, сол қыранды алып келді,


Сәрсенбек Тоқтасынов деген атпен.


 


Мысалдың тізе берем енді несін?


Бәрін де құрсаулаған кең күресін.


Ерліктер еленгенде, есті пенде


Атасы аталмаса, ренжімесін!..


 


 


V


 


Мәлім ғой уақыт деген қазыға сыр,


Жалғанда көбің масыл, азың асыл!


«Сақтансаң, сақтаймын» деп айтқан Алла


Жар болсын, жарандарға қазынашыл!


 


Сарқылған шақта ұлттық жүйе кілең,


Артса құп, салтын ерек сүйетін ел!


Өткеннен өріс алды үркердей топ,


Дәстүрді жалғастыру ниетімен.


 


Екен деп ерекшелік тұралапты,


Несіне ақтарамын мұрағатты?!


Алматы облысының аумағында


Аңшылар ауылы бар Нұра атты.


 


Мұндағы халық сойы сақа білем,


Мұражай ашты жақсы, сапалы, кең.


Саятшы тұтынған көп жәдігерге


Арналған «Жеті қазына» атауымен.


 


Байқасаң, басқан ғажап ақыл оңға!


Бір әулет жұмыс жасап жатыр онда.


Динара деген ханым директоры,


Билігім, көтер оны, саты бол да!


 


Қуаныш Исабеков бауырына,


Иншалла, разымын мен, разы Нұра!


Қазақтың аңшылығын арқау еткен


Ұсынды кітаптарын қауымына.


 


«Саятшы» атты клуб бағыты да,


Тап келді тіл тиегін ағытуға.


Ол «Бүркіт» жобасының шеңберінде


Ғылыми-зерттеу ісін дамытуда.


 


Әуесқой құсшылармен буып белді,


Маңдайдан ұрпақ үшін сылып терді,


Қоғамның көмегімен «Ремез» дейтін


Мұхамед Исабеков құрып берді.


 


Сонарға себеп болса қыламық қар,


Тарихтық ізді былай жыр анықтар –


«Жалайыр Шора» деген орталықтың


Негізін қалаған да нұралықтар.


 


Күнәға батырсақ та кіл батысты,


Еуропа бізбен ептеп үн қатысты.


Жерінде Англияның құсбегілер


Отыз үш мемлекеттен сынға түсті.


 


Сол ретте уысынан сытылмаған,


Кім білген бақ тұрарын күтіп алдан?!


Мұхамед пен Бекмұқан Исабеков


мырзалар бас бәйгені ұтып алған.


 


Олардың іс қылмайды бірі жалған!


Тірлігін қызғанбады тірі жаннан.


Атаның жолын қуған ақ батамен,


Алланың бұл әулетке нұры жауған!


 


Мұражай ашқандардың бар ақылы


Жасауға жұмсалғандай сауап ірі.


«Өткенді ескергенің – өскендіктің


белгісі» деген қазақ – дала пірі!


 


Көтерсе келешекте жалғасы сын,


Беу, Нұра, сен – туризм арнасысың!


Қамқорлық қажет бірақ мемлекеттік,


Бастама жалаң күйде қалмас үшін!


 


Қансонар жасап шығып сонау қырға,


Тоғысқан тоғыз жолдың торабында


Аң қақса ең атақты бүркітшілер,


Әбен қарт – соның бірі, сол ауылда.


 


Жондарда жымдар жатса жосылулы,


Сырттанның мүмкін емес тосылуы!..


Ақсақал таза қанды тазылармен


Марқайып отыр екен осы күні.


 


Қашырған қызыл тулы ғасыр құтын,


Иттердің түгендедік басын бүтін.


Септесті қызылжарлық Махатовтар


Сақтауға тазы тегін асыл тұқым.


 


Басында Алла өзі сый қып тұрған


Болмайды ниет етсе, бұйрық құрбан!


Арқаның Шет ауданы қаншығы мен


Арланын Баянауыл ұйлықтырған.


 


Қастерлей білсең сирек қазынаны,


Жетеді нәтиженің азырағы:


Тымақша үйіріпті дәу борсықты,


Төрт айлық Таймас атты тазылары!


 


Жерлестің сәл қуатты, күйлірегі


Көкейге мұрат тұтып, түйді нені?


Тазы мен төбеттерге қамқорлықпен


Салыпты питомник кейбіреуі.


 


Тұратын киелімді асыраудан,


Өзіме ондай опа – асыл арман.


Қиналмай энтузиаст Бөлекбаев,


Шап-шағын етіп бірін ашып алған.


 


Демеңдер «орыс тамыр неге өйтті?»!


Тамшылар құралғанда, шөл иіпті...


Плахов Константин төрағасы


Өсіру қоғамының көне итті.


 


Жүргенде «ит қырылған» тұс есінде,


Жалқылай бекітпейді күш еш ірге.


Тұқымды сақтап қалу жөніндегі


Әлемдік қоғамның ол мүшесі де.


 


Жасанды ұлтшылдар көп.


Миға сығым


Қазақы ит жайынан жимас ілім;


Дубяго Михаил білгір жетекшісі


Таза қан жаңғыртушы лигасының.


 


Шығарып иттің кейбір атын пақыр,


«Таласқыш жеңімпаз» деп сатып жатыр.


...Есболов Жақыптың кей төбеттері


«Азия мақтанышы» сапында тұр.


 


Жарқ етсек төл мұрамен жасындай біз,


Держава дәргейіне бас ұрмаймыз!..


Қаһарман Әубәкіров Тоқтардың да


Саятқа бейімдігін жасырмаймыз.


 


Ал Мұхтар Құл-Мұхаммед ауыл менен


Сүйеді өзен, тоғай, тауын ерен!..


Досынан Виктор атты мың долларға


Сұраған ақ тазыны Дауыл деген.


 


Ол онда қалыптасып қалған ебі,


Бірегей, бір жастағы арлан еді.


Виктордың аңғартады адалдығын


«Сатпаймын! Тұқым үшін қалған» деуі.


 


Әйтеуір өгіз өліп, арба сынып,


Түспесін абырой да, ар да сұлық!..


Жанданды Данияр Дәукей басқаратын


Жүз шақты төбеті бар шаруашылық.


 


Сездірсе құнтсыз қоғам мысын әрі,


Дәкеңнің аян неден қысылмағы!


Деп отыр: «Көп сиреген төбет гені


әлсіреп, өзгеріске ұшырады».


 


Тұратын кіл қазақтан топ құрамы,


Ұйымның «Қыран» атты жоқ тұрағы!


Кей-кейде құсбегілік «Сонар» менен


«Салбұрын» жарыстары боп тұрады.


 


Құз бенен дүбірлетсе құз арасын,


«Жалғыздың үні шықпас»...


Қызарасың!


Қоғамның қамқорлығын сезінбесе,


Оның да түйсін көпке ұзамасын!


 


Дегенмен, амал таппай сәнге берік,


Қос шоудан тайған екен әлден ерік.


Құсбегі Тілеуқабыл Есенбектің,


Құптарлық пікіріне мән берелік:


 


«Еді ғой бүркіт күші келекесіз,


Неліктен үй қоянын тең етесіз?..


Жиырма-отыз адам қатысатын,


Біздегі екі сайыс – берекесіз.


 


Ұят та сұмдық нәрсе бұның, демек,


Бағындыр, төл өнердің шыңын ерек!


Алады үй қоянын қарақұс та,


Ал бүркіт түз тағысын бүру керек.


 


Жаудырар келер ұрпақ лағнетті,


Шөліркеп, жай шоуларға қаны кепті.


Наразы болып шетел фанаттары,


Осыны бетімізге салық етті».


 


Арна жоқ, Тілеукеңдер – тамшы жандар,


Тамшыны танымайды қаңсығандар.


Әлі де көктетпеген сана шөлін,


Басқа да мен сияқты аңшылар бар.


 


Болмады!


Намысымды ұлтан, елең,


Ителгі – құс бекзаты жыртар деп ем.


Ашылған сексен тоғызыншы жылы,


Жалғыз-ақ тәлімбақ тұр «Сұңқар» деген.


 


 


***


 


Ғасырға әрең жеткен ғасырлардан,


Тазының бес жүздей-ақ басы қалған.


Төбеттер – мыңға жуық.


О, масқара!..


Жан-жақты жасау керек асылға қам!


 


Жағдайы айтарлықтай ауырлапты.


Айтылған алға тартып мағлұматты,


«Бұл есеп – жоқтың қасы деген сөз» деп,


Этнограф, экологтар дабыл қақты.


 


Сенімді серік болған қазағыма,


Қатары киелімнің аз-ау, мына!


Жасалып жанашырлық едел-жедел,


Ілінсін «Қызыл кітап» назарына!


 


Үкімет, заманауи ырғаққа тоқ,


Қазақы итті жүрмес жырғатпақ боп:


Аңдар мен жануарды сақтап, қорғау


Туралы қаулыдағы бір бапта жоқ!


 


Қоңсы ұлт енгізгенде жарғыға зіл,


Доңызшыл бола тұрсын қаулың әзір!..


Қырғыз өз «добеттерін» бөтен итке


Қосуға қатаң тыйым салды қазір.


 


Көзіңе кемшілікті түртіп елдер,


Келеді көрсететін түрпілеу кер!


Деңгейде мелекеттік шешіп қойған


Қорғауды алабайын түркімендер.


 


Айрықша алабайды бағалауы –


Өр ұлтты тек алыпқа балағаны.


Ол итпен шекарада қолға түскен


Адамдар абақтыға қамалады.


 


Сол дәу ит – біздің төбет!..


Еп пе бекем?


Аспанын түркіменнің көктеп өтем:


«Алтынның қолда барда қадірі жоқ»,


Ол жаққа Адайлардан жеткен екен.


 


Атағын түркіменге тілемеймін!


Ұнатты жақсылығын кім өгейдің?!,


Германия, Бельгиядан сатып алған


Түкірдім, тұқымына дүрегейдің!


 


Елеулі ит пен жылқы өсіргелі,


Жылжыды Түркменстан көш ілгері.


Арнайы бағдарлама бекітіліп,


Көсілді ахалтеке төсіндегі.


 


Мамандар еңбектенсе елде бірер,


Ғылымы жануарлардың меңгерілер.


Тұқымын асыл сүйек дамытпаққа


Зертхана, зауыт салды зерделілер.


 


Алабай!


Ахалтеке!


Тегі мықты!


Көңілі иесінің семіріпті.


Жай ғана сақтап қоймай, шетке сатып,


Қыруар пайда тапқан жері – құтты!


 


Өзіміз өзімізбен ұстасқалы,


Нән талап нәтижемен ұштаспады...


Жаңашыл Англияның ғалымдары


«Супер ит» жасау үшін іс бастады.


 


«Супер ит»?..


Еһ, ағылшын!..


Қара мұны!..


Мұрамның мысқалындай бар ағымы.


Қазақы төбеттерге жете қоймас,


Бюджетті жырымдаған жаңалығы!


 


P.S.:


Жиырма бес жастағы жыр айбары


Арқылы өрнектелсе бұлай бәрі –


«Кезінде болған екен...» деп ескерер


Екі мың тоғызыншы жыл айғағы!


 


 



 


 


Қазанат


 


Сынына жұмсалатын терең білім,


Бұл күнде қазанатпен еленді кім?..


Ақанның Құлагерін суреттеді,


Ілияс Жансүгіров менен бұрын.


 


Шабысы жақындатқан алыс қырды,


Тектімді ғасырдан кім шалыс бұрды?..


Кезінде Абай да өз оқырманын


Мынадай бітімімен таныстырды:


 


«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,  
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңiрейген болса сағақ.


Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,
Қабырғалы, жоталы, болса күшті.
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,
Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,  
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.  
Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,  
Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.

Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,
Алды-арты бірдей келсе, ерге жайлы.
Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,  
Көтендігі шығыңқы, аламайлы.

Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,  
Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.  
Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,  
Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.

Шідерлігі жуандау, бота тірсек,
Бейне жел, тынышты, екпінді мініп жүрсек.  
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,
Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек.

Тығылмай әм сүрінбей жүрдек көсем,
Иек қағып, еліріп жүрсе әсем.
Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас,  
Разы емен осындай ат мінбесем.


Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бұлбұл қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс...
Ыза қылдың, қолыма бір тигізбей!».


 


Соққанда бас ақынның құлқы, зауқы,


Осылай таптырмаған жылқы заты.


Қазанат – құт болмаса,


Жау табар ма,


Батыраш-Қотыраштай тым бұзақы?! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу