Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  221


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Адрессіз пәтерде

Көз жасын шарап төгеді,
Арыңның алақанына,
Қалт-құлт етіп төнеді,
Қарақшы саусақ саныңа.
Қардан да аппақ етіңді,
Қауға сақал түн сылап,
Бұралқы қаншық секілді,
Бұраласың қыңсылап.
Көк таңба осып бетіңді,
Көзіңнің алды ісінген,
Сұлулық атты жетімдік,
Суығы түспей үсінген.
Тиынға тосқан етегің,
Тасалай алмай түріңді,
Жұлмалап құйын өтеді,
Жұлынып түскен бүріңді.
...Масаңдап атқан ақ таңда,
Тонаушы түнек манағы,
Табыттың бетін жапқандай,
Есігіңді жабады.
Шашылған - шылым көк түтін,
Қираған шөлмек, босаған,
Бұл үйде қалған жоқ бүтін,
Сықырлайды, əне, босағаң.
Сақ-сақ күліп құлайсың,
Жастана келіп мас тағын,
Солқылдап бір сəт жылайсың,
Өзгере қалып қас-қағым.
Бұлтсыз күні найзағай,
Аспаныңда шатырлап,
Арыңа тиген найзадан,
Қансырап жаның жатыр ма?!
Көшкен жұртта көрінгір,
Нанайын қалай сен деуге,
Шошқа қазып төріңді,
Ит ұлиды кеудеңде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу