Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  157


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Жалғыз сөз

Қайда жаңа ойнап тұрған бір елік,
Тұр алдымда, тұр қалшиып, «тірі өлік»,
Бəрі айтылды,
Айтылмаған жалғыз сөз,
Жалғыз сөзге қиналдың-ау тіреліп.
Жадырашы, елік ойнап тұрмай ма,
Түсің боп-боз, бетіңдегі нұр қайда?
Телміресің: мені оятқан қос жанар,
Сенің дағы жүрегіңді ұрлай ма?!
Алаулаған арманымның ақ құсы-ай,
Жарқ етіп бір қарасыңның тəттісі-ай.
«Сүйем» деген жалғыз сөздің тапшысы-ай.
Бес əріпке жүрегіңнің қаттысы-ай!
Аулақ, аулақ... Ей, қарақшы арамдық,
Тұр қасқайып қас сақшыдай ар аңдып.
Бар жаныңды дархан етіп, о, тəңір,
Бір-ақ сөзге жаратқан ба сараң ғып?!
...Толқып тұрдың, тербеп тұрды ұлы ағын,
Мас бола ішіп махаббаттың бұлағын.
Бар сұлулық атаулыны сүйреп кеп,
Құшағыма құладың.
Алма жүзің, қызарып, бір сұрланып:
«Сүйем» дедің жанарыңда нұр жанып.
«Сүйем» деді гуілдеп бар табиғат, «Сүйем» деді ақ қайыңдар ырғалып.
Бір сөзіңе бар төзімді ұттырдым,
Жығылмадым, азар ғана тік тұрдым.
Кірпігімнен күміс тамшы сықтырдың,
Жалғыз сөздің құдіретін ұқтырдың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу