Өлеңдер ✍️
Микул
Сөйлесіп көр онымен,
Не айтатынын көр де тұр.
Қолын бір-ақ сілтейді:
«Мені оқытпа!» деп Микул.
Ала жаздай бос жүріс,
Үй көрмейді қаңғырып.
Жидек теріп кей күні,
Кетер кейде аң қуып.
Қашан, қайда туған ол,
Білесің бе ол жағын?
Саңырауқұлақ сияқты
Шыға келген жер жарып.
Көрген емес қайғырып,
Білген емес өз ісін.
Біреулердің қайғысы
Арзан күлкі ол үшін.
«Қара жұмысты атама,
Қолым емес ол менің.
Жетіп жатыр онсыз да
Айналысар ермегім!
Белім менің ұзақ күн
Бүгілгісі келмейді.
Кәрі төбет ешқашан
Көлеңкеге үрмейді!»
Ән де айтады жігітің,
Бұл талабын мақтайсың,
Бір-ақ қағып қалтасын
Бір үзім нан таппайсың.
Не істемексің енді сен,
Бар ма айтар тағы әнің?
Аюға ұқсап соратын
Табаның ба – тамағың?..
Енді қалай боларын,
Өзің ойлап көр енді, –
Тірлік емес,
Алдыңда
Қорлық күтер сені енді!..
Мүмкін сенің бақытың,
Көктен түсер сауылдап.
Көп боп кетер ырысың
Жүрме Микул ауырлап!
...Бірде Микул қаңғырып
Келе жатса тың-тыңдап:
Ұйықтап жатыр бір қоян
Қарсы алдында-щұңқырда!
«Қазір соғып алайын,
Бұған енді жүріс не.
Бере салам терісін
Он тиындық күміске.
Тыңдаңыздар:
Содан соң
Базар жаққа барамын.
Етін сатып, пұлына
Екі шошқа аламын.
Үйге ырыс кіреді,
Тек баиймын мен енді.
Жүреді үйде көп торай,
Қайыстырып еденді.
Жиырмашақты болған соң,
Оларды да сатамын.
Әрқайсысы-он сомнан,
Пайдаға бір батамын.
Айналады ақшаға
Мегежін мен қабандар
Дейді бәрі таңдана:
«Микулге енді қараңдар!»
Үй саламын қорғандап,
Көрсін менің күшімді!
Шатырына ақ үйдің
Қондырамын құсымды.
Терезесін айтсайшы!
Күн нұрымен жарқылдап,
Едендері жатады
Айнадайын жалтылдап.
Орындықтар аламын,
Кілең қызыл шоқтайын.
Не керектің бәрі де
Тұрады үйде дап-дайын.
«Саңрауқұлақ теріңдер!»
Деп бұйырып жатамын.
Жұмақ деген осы ғой,
Шарықтайды атағым.
Дүниедегі сұлуды,
Таңдап, тауып алдырам.
Біз ұйықтайтын бөлмеге
Мамық төсек салдырам.
Екі беті-қып-қызыл,
Бейне екі алау боп,
Әппақ екі иығы
Әппақ жұмыртқадай боп;
Ең алғащқы көргенде-ақ,
Қаным бойда құтырып,
Әмірінен жүректің
Кете алмайды ол құтылып,
Әппақ тәні үлпілдеп,
Шағылысып күнменен,
Шіркін, сол бір аруға
Есім ауып күнде мен!..
Тартсам сосын қалаға,
Сұрамаңдар неге деп.
Әрі жаспын
Әрі бай,
Одан артық не керек.
Начальнигі болыстың...
Оны сөз ғып не етемін,
Керек десең, мен оны
Әжуа ғып кетемін.
Керегі не менсініп
Қолда күшім барында.
Көзіме ілмей кетемін
Одан мықтыларын да.
Судьямен аз-аздап,
Поппен ептеп достасам.
Араласып солармен,
Тек солармен бас қосам.
Орысша да үйренем,
Осы ойдың жаны бар:
Тамақ түрі жетерлік,
Біздің үйде бәрі бар.
Кетсін аулақ жоқшылық,
Қысыламын мен неден.
Ақшам болса, еш адам
Түсіне де көрмеген!
Қонағымды, немене,
Шақырам ба аштыққа?
Дәм түрі көп қоятын,
Не бір үлкен бастыққа.
Шарап жүрер не түрлі,
Дастарханды жағалап.
Тойғандарың
Қалғанын
Терезеден далаға ат...
Егін сеуіп, ормаймыз,
Орманға да бармаймыз.
Дастарханда дәм толы,
Болсын мейлі қандай күз.
Саңрауқұлақ дегенді
Тамақ қой деп есепке
Алмаймын түк,
Күн-түні
Тынығамын төсекте.
Түскі ас ішу не керек,
Мен бе соған сасатын.
Кедей емеспін ғой бір
Түсте қарны ашатын.
Аң аулауға не кием?
Азямым3
бар екен ғой!
Түймелері жалтылдап
Аңға шығып кетем ғой!
Не кисем де әйтеуір
Маған қона қалады-ау.
Киімімнің бағасы
Миллион сомдай болады-ау.
Мүмкін қымбат одан да,
Сез болып па бағасы!
Ал, көйлегім, ой Алла-ай!
Оттай қызыл, қарашы!..
Әйелімді сыйлаймын,
Парша киіп, попқа ұсап:
Сүйгер жар деп соны айтсай,
От-көйлекті, от-құшақ.
Етегінен жел үріп,
Әрең басса аяғын;
«Шөмеле ме, сенсің бе?!»
Деп әзілдеп қоямын.
Мәз-майрам боп екеуміз,
Солай өмір бастаймыз.
Құдай беріп жатса егер
Көп баладан қашпаймыз.
Бала емес қой қуыршақ,
Не болады жалғыз ұл,
Мынау жарық жалғанда
Көп балада-бар қызық!
Терезеге сүйеніп
Сыртқа қарау ақыл-ақ.
Отырамыз әйнектен
Балаларды бақылап.
3
Көрдің бе, әне, ойнап жүр,
Біздің Федя, Васямыз...
Барлық жиған-тергенді,
Солар үшін шашамыз.
Мысығым бар қолымда,
Темекімді жаныштап,
Терезенің көзінен
Былай деймін дауыстап:
«Әй, сүйікті ұлдарым!!!
Кәне тату болыңдар,
Вася, қорықпа, үр кәне,
Бір-бір таяқ алыңдар...
Федя, жылдам, қалмасай!..
Отырамын елжіреп.
Балаларым шетінен
Ержүрек-ау, ержүрек!»
Сорлы Микул осылай
Деген кезде қаттырақ,
Атып шығып щұңқырдан
Қоян кетті шапқылап.
Несіне енді күлеміз,
Шұңқыр қалды иесіз,
Үйінен де айрылды,
Күйінен де айрылды,
Киімнен де, барынан,
Айдай сұлу жарынан,
Арба толы ақшадан,
Әсем бау мен бақшадан,
Астанадан, баладан,
Қоян зытып барады
Шаң шығарып даладан!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇