Өлеңдер ✍️
Қаршыға
Барлық заңнан тысқары, қаршығамын шүйілген,
Биіктеуді қалаймын.
Барлығыңның жердегі мұрындарыңа шүйірген,
Тас – төбеден қараймын.
Барлық заңнан тысқары, көк қаршыға болам мен,
Байқадыңдар төбеде.
Көзін қадағандарға маған сонау төменнен,
Айтарым бар және де.
Барлық заңнан тысқары қойдыңдар ғой мені енді,
Болар ма екен ол жағы:
Заңдарыңнан сендердің, тұрғындары төменнің,
Күшті емес пе Жер заңы.
Тепе-теңдік Заңы мен Табиғаттың Заңы бар.
Жер Заңы бар, тоқтаңдар!
Қыран менен шортанға сөздер айтып жаны бар,
Үкіні де мақтаңдар!
Мақтаңыздар барысты және қасқыр, құнуды,
Сасық күзен қалмасын!...
Сендер, мына біздерді, ойлайды деп қыруды,
Жауға санап алғасын,
Не істемекпіз біз сонда, аяушылық етпедің,
Дейсіңдер ме қанішер...
Бірақ бізге бұл кәсіп оңай болды деп пе едің,
Әрі рахат, әрі шер.
Арыстанға сонша күш жұмсау тіпті не керек?
Қуып, тістеп нені ұтты?
Шөп жемей ме одан да, шөп жатыр ғой төбе боп,
Аңдығанша елікті.
Тырнақтарым болаттай, жыртқыш құспын әйгілі,
Тұмсыққа да жоқ өкпе.
Сонда мен де ботқа жеп, ұмытып бар қайғыны,
Сүт ішуім керек пе?
Жүрмекпін бе жоқ әлде ұқсап мен де кептерге,
Сепкен дәнді жеп теріп?
Әлде бәрін ұмытып, қызықтырмай көк пен жер,
Жүрсем бе күн өткеріп?
Сондықтан да біздерді жазалаңдар аңшы деп.
Аямаңдар әлі де.
Бірақ түптің –түбінде өздеріңе қарсы боп,
Өзгереді бәрі де.
Балыққа да, немесе барлық аңға жаны бар,
Қоссақ және бар құсты,
Сендердікі емес тек –
Табиғаттың заңы бар,
Не десең де – сол күшті!
Осыны айтқан мен болам, қаршыға – құс тұмсықты,
Ұшам талмай жоғары.
Жаңа өзім жүндеген ыстық қаны шымшықтың,
Бойға сіңген жоқ әлі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇