Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  101


Автор: Әбубәкір Қайран

Есенин мен Христос

О, Есенин!
Сенгіш ең, сеніп едің,
Берді саған өмірдің кемірегін.
Мас мұжықтың көз сүртіп етегімен,
Мәскеуіңде сен талай еңіредің.
Орыс кенде болған жоқ үлы адамнан,
Орыс кенде болған жоқ жылағаннан.
Сары бидайдың сабағын тістеп шықтың,
Сағым қуып, сандалып Рязаньнан.
Қала берді қарт анаң, жаман үйің,
Сап-сары еді сабандай сана, миың.
Ақын едің, аңқау ең,
Қасыңа ерткен.
«Қара кісің» жоқ еді қара киім.
«Өмір – өлең» деп білдің
«Жыр – ғалам» деп,
Бақшасында бақыттың ырғалам деп.
Ойлаған да жоқ едің Питер барып,
Ұлылықтың уынан уланам деп.
Еуропа ерлері, мадамдары,
Таң болды да, табынды саған бәрі.
Сені ұқпады бірақ та, сені ұқпады,
Есінеген еліңнің надандары.
Сен, Есенин, жазып ең жұртың үшін,
Күйдірді ғой кеудеңді күрсінісің.
Сенесің бе, сені орыс түсінген жоқ,
Сен мұжыққа бүгін де күлкілісің.
Өлтірсе де неше қу, неше мыстан,
Гүлдей болып солсаң да шешегі ұшқан,
Ардақтайды сені әлі адам ұлы,
Ақ құсы деп өлеңнің кешегі ұшқан.
Сен осындай, мен білсем, үміт кештің,
Өз жұртыңның пиғылын біліп кеттің.
Ібілістер мойыңнан ілген шығар,
Ұрпағы деп ақырғы Христостың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу