Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  121


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Отаншыл торғай

Қыр мекенін қыс келіп ұйытқандай,
Кең дала да тарылды суық тордай.
Қимай туған ұясын
Жылы жаққа
Ұшпай қалды кішкентай суық торғай.
Ақ бораннан ештеңе құтылмады,
Тағыланып, тағы да құтырды әні.
Даланың да жүрегі мұзға айналды,
Аспанның да сүйегі сықырлады.
Қашты бұлттар жайылып қара шашы,
Кімге аяныш жанының жарасы осы?
Кіп-кішкентай отаншыл торғайыма
Ешкім бола алмады арашашы.
Келмеді оған көмекке адамдар да
Түбірлерге қорғалап,
Томарларға.
Үсіп,
Тоңып,
Үрпиіп,
Қалт-құлт етіп,
Қарсы тұрды аяз бен борандарға.
Қуса да аяз соңынан сақ-сақ күліп,
Кіп-кішкентай күрескер асқақ тұрып.
Жылы жаққа ұшудан тартты басын,
Туған жерде өлуді мақсат қылып.
Күннің көзі жиекке жасырынды,
Қап-қара бұлт жерге кеп басын ұрды.
О, туған жер, сүйемін мен өзіңнің,
Кіп-кішкентай күрескер ғашығыңды.
Оны көріп мен қалай ірге түрем?
Ол қадірлі осындай құрметімен.
Не тағдырды кешсе де, дәл осындай
Қайтпайтындар болады бір бетінен.
Қадірлесең қадірле ондай ұлды,
Соған сүйе басыңды,
Маңдайыңды.
О, туған жер, сүйемін мен өзіңнің
Кіп-кішкентай отаншыл торғайыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу