Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  256


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ене киік

Ұйымшылдық басым-ау киіктерде,
(Төне берген тағдырдан күдіктен бе?)
Дүрліге кеп қашады бірі қалмай,
Оқыс шыққан дауыстан үріккенде.
Таныс мекен, өз көлі, өз асқары,
Өз даласы, үстінде өз аспаны.
Көкжал қуып, ит қуып, адам қуып,
Қуғын көріп жүргені көз ашқалы.
Қуғыншымен жарыса жанасады,
Көтеріліп тұяқтан дала шаңы.
Жанұшырып шапқанда бет алдына,
Жас лақтар енеден адасады.
Жоғалды лақ.
О баста егіз еді.
Амалы жоқ күдерін Ене үзеді.
Жатырқауды білмейді жануарлар,
Екінші Ене жетімді емізеді.
Шөлдеп қалған адасқан лақтарды
Ене киік емізді, құлатпады.
Ертіп алға кетеді дала кезіп,
Болмаған соң баянды тұрақтары.
Туған дала, паналат киігіңді,
Тұяғы оның көк тасқа жиі ұрылды.
Бөтен лақ емізген Ене киік
Жоғалтпасын сен берген мейірімді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу