Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  91


Автор: Аманхан Əлімұлы

Құлақ шымшып, жүзімді осқылаған...

Құлақ шымшып, жүзімді осқылаған,
Қара суық қатқылын тосты маған.
Қауындықтың айналған тірлігіне,
Сыңғыр-сыңғыр салмайды қос құлақ əн...
Шытынатып шыныдай қатқан қақты,
Суық қуған сұр төбет аттандатты.
Қайыстырды қартымның қабырғасын,
Қара суық киіздей қаққан бақты.
Киіз үйдің көз тігіп іш бауына,
(Шын тілектес бағымның ұшпауына)
– Есер самал есіңді алмай тұрып,
Аттан, – дейді қарт, – қарғам, қыстауыңа.
Қиыныңды қиямет демес едім,
Өмір, сонша, күрделі неге есебің.
Табиғаттың қарап ап қабағына,
Қабырғаммен оңаша кеңесемін.
Аттан десе ақылшым, аттанамын,
Тұяқтыға жардырып қақ қабағын.
Ала тонға оранып атқа қондым,
Ақпан-ата бар шығар сақтағаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу