Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  150


Автор: Аманхан Əлімұлы

Тірлік

Ұлыған аш қасқырдай боран мына,
Сілкілеп жатыр түндік, қораңды да.
Қисая кетті қартың қырын қарап,
Алаңсыз ала тонға орандыда.
Құлатпас күртік қарға жол аттыңды,
Қол бұлғап тұрған кезде қолат түнгі.
Қытымыр қыс қысқанда қабырғадан,
Дүние іш тартады борап мұңды.
Түтіні қалған тамның қар астында
Ұқтырды тірлік барын Жарасқұмда.
Иісін тіршіліктің көтерген жел,
Із кескен жолаушыға қарастың ба?
Сұқтана сұқ тіккенмен сұр аспанға,
Жұтынған жұмбақ əлем сыр ашқан ба?
Құлады ат арытқан жалғыз қара,
Үркердей бір ауылға қыр асқанда.
Қай қазақ есіктерін алған іліп,
Жолаушы боран қаққан жалғады үміт.
Жөн-жосық, жол болсынның арасында,
Дастарқан мəзірі де қалмады ұмыт.
– Қарағым, тыныштық па ана жақта?
Бұл күнде алаңдаулы сана саққа, –
деген қарт иегімен сілтеп сыртты,
Көз тікті қараңғылық – қара даққа.
– Тыныштық. Тəтті өмірден түңілместен,
Тірлік кеш, ата, қалмас күнің көштен.
Тек мына сұрқай дүлей басылмады-ау, –
деп түйді сөзін қонақ мүдірместен.
«Аман-сау қағылғай, – деп, – таң қабағы»,
Ұйқыға өзінше əркім қамданады.
Сырттағы сойқан тынбай, ал, бөлмеде,
От өшпей, түнгі маяк – шам жанады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу