Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  125


Автор: Аманхан Əлімұлы

Өмір

І
Түсетін салмақ, ой басым,
Қазаңда.
Атымды адам қойғасын,
Азам ба?
Уілдеп сыртта тұр тынбай,
Жел еспе.
Түседі неге құртымдай,
Ел еске.
Дария, ауыл аядай,
Иітпе.
Саусағын жүрек жаяды-ай,
Биікке.
Көрпедей тірлік ыстық-ау,
Қыз ашқан.
Қыраулы қыспа қыс мынау,
Сыз аспан.
Орақтай қапты шаншылып,
Ай көкке.
Өтпесін, өмір, тамшылық,
Əй, текке!
ІІ
Соға-тұғын айналып,
Өткен өмір өліп-өшпес азап пе ең?..
Ажалменен байланып,
Кіндіктесіп қалғанмын мен қазақпен.
Естерім «Елім-ай»,
Қорғасындай ойлар басып еңсемнен.
Келе жатыр желіп Ай,
Вагондармен түйе өркешті теңселген.
Құлазып тұр көңіл де,
Қызбен бірге кеткен қызық сияқты.
Өмір дейтін өмір ме,
Аяқ асты етсек, шіркін, ұятты.
Дала сəнін кетіріп,
Тұман жапқан айналаны кілкіме.
Өліп жатқан өтірік,
Дүние, шіркін, ұқсап кетті түлкіге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу