Өлеңдер ✍️

  03.05.2022
  117


Автор: Гүлманат Әуелхан

Ешбір ісім болмаған нала-мұңмен

Ешбір ісім болмаған нала-мұңмен,
Нелер есте сақталды бала күннен.
Ақ әжемнің құшағын сағындырар,
Қайран көктем, гүл жайнап, дала күлген.

Алты қырдың астында ауыл қалды,
Аға қалды, ақеділ бауыр қалды.
Қайран бабам аңсаймын сенен қалған,
Ат тұяғы тоздырған жауыр жалды.

Сағыныштың санамды мекен етіп,
Туған өлкем өсірдің сетер етіп.
Қиялыммен көгершін құсқа айналып,
Темір тордың үстінен кетем өтіп.

Жырға қосып атыңды жебейін бе,
Жыр моншағын көмейден терейін бе,
Ақша бұлтқа айналып Майлы саған,
Жанарымның жаңбырын себейін бе?!

Неге ғана сен жаққа алаңдаймын,
Бұрып тұрар бүйрегім саған дәйім.
Түсімде ылғи қол бұлғап тұрғандайсың,
Жұмақтағы аяулы анамдайын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу