Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  297


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШЫНЫМДЫ АЙТСАМ ҚОЛЫМА ҚҰРАН ҰСТАП...


Шынымды айтсам қолыма құран ұстап,
Бастықтардан ызалы шығам сыздап.
Серік мырза!
 Неліктен бұл күндері,
Ақиқаттың ауылы тұр алыстап.
Болашақтың көзіне жиі үңілген,
Өжетке ылғи қара бұлт үйірілген.
Жүрмін неге етекте
Асқар таудың
Көрінетін кезімде биігінен.
Жүрегімді ызғарлы мұзға малып,
Мұң шағам ба, қайтемін, құзға барып.
Ақ сарайға кіре алмай тоңдым қанша,
Қар бораған суықта тыста қалып.
Тулап туған төсінде күрең белдің,
Бәрі адал ма билікте жүрген ердің.
Білсең, айтшы, бауырым,
Қазылары
Әділетсіз неліктен іргелі елдің?!
Көңілімнің құлазып нұрлы алаңы,
Ақыл-ойдың таусылып тұр амалы.
Шырғалаңға салмады кімдерді, айтшы,
Билік салған жолдардың бұралаңы?
Елдің әділ болса егер қазылары,
Неге үлестен құр қалам сыбағалы?!
Сауық құрған күн қайда сайран белде,
Көңіл құсы сайрасын қайдан менде.
Жабы озбай тұра ма,
Қазылары
Әділдіктен сырғақтап тайған елде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу