Өлеңдер ✍️
ӘЛ-МАСДЖИД ӘЛ-ХАРАМ МЕШІТІ
Сұлулықтың білмейді кім бағасын,
Өзен боп та бұл жерде нұрлы ағасың.
Сәуле ойнаған көзінде мешіт еді,
Ақ мәрмәрдан көтерген мұнарасын.
Өн бойында қаны ысып дуылдаған
Мұсылманнан түңіліп суынбаған.
Тұнып тұрған сұлулық еді мешіт
Жүрегінен Алланың туындаған.
Жұрт алдында өзгертпей түр-түсін де,
Король еді сөйлейтін нұр пішінде.
Айдыны асқан Елбасын ардақ тұтып,
Ашқызған-ды мешітті түн ішінде.
Асыл еді сынбаған күйреп іштен,
Тағдырмен де ұстасып үйреніскен.
Әппақ мәрмәр мешітке кірген кезде
Тебіреніп керемет күйге түскен.
Күн кешкесін жігерлі құрышты елде,
Көрген емес жүгі ауып қылыш-белде.
Ішкі ағзасы тазарып жүре берген
Қасиетті зәм-зәмнан су ішкенде.
Дүр дүние дүрлікпей жайланғанда,
Жігерленген қайыра қайралғанда.
Теңіздейін толқыған өрт боп жанып,
Жеті дүркін Қағбаны айналғанда.
Жарқыраған самала шам-шырақтан
Мешіт іші кімді де албыратқан.
Қара тасты Елбасы сүйді екі рет
Мұсылмандар ысқылап жалтыратқан.
Арыстардың жоқтығы білінгенде,
Өскен еді ту ұстап тұғырлы елде.
Қазағына Елбасы бақ тілеген
Тізе бүгіп, Аллаға жүгінгенде.
Қасқа жолды көп жүріп таспа қылған
Ақын айтты демегін сасқанынан.
Қара суға бұл қазақ семіре ме,
Тұрмаса егер нұр жауып аспанынан.
Кеудесінен дария ақтарылған,
Жанның бәрін өсіріп датқа қылған.
Елбасының тілегі қабыл болып,
Туған елге құт қонып, бақ дарыған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇