Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  329


Автор: Рафаэль Ниязбек

ХАЛЫҚ ДЕП ҚАБЫРҒА ҚАЙЫСҚАНДА


КӨК БАЙРАҒЫҢ ЖЫҒЫЛСА...
Қолтығына кіріп ек көріп күндей,
Шеңгелінде ұстады желіктірмей.
Аспан асты – айналып абақтыға
Еркін өмір сүрдік пе –
келдік білмей.
Бостандықтың жолында күрессек те,
Еңіреген ел едік теңдік тимей.
Темір қолдар жармасып тізгініңе,
Еркін қарай алдың ба түз гүліне.
Желді күнгі қайықтай ғұмыр кештің,
Құлақ асқан жан болмай ізгі үніңе.
Көкжал бөрі секілді көп таланып,
Мойыл қара шашың да кетті ағарып.
Келді және еңсең де көтерілмей
Тұқыртылған құлындай ноқталанып.
Қабан қанжар қадалып алқымыңда,
Салтың тозып,
семсе егер жарқылың да,
Дүркін-дүркін қаймағың сыпырылып,
Күмісің де тоналған,
алтының да.
 Бір Құдайдан өзгеге сиынбаған,
Ата жұрт ек көз жасы тыйылмаған.
Момын халық сен едің жер бетінде
Өз ырзығы өзіне бұйырмаған.
Бір-ақ шықтың, міне, енді шыңға атылып,
Көз-жанарың жасқа емес нұрға тұнып.
Көкжиектен көрінген күн едің-ау,
Көкжиекке жіберсін кім батырып?!
Тізгініңді қолыңа алдың, халқым,
Жатпасын деп көр-жерде шуатылып.
Тәуелсіздік алғаның – шырқағаның,
Көкірегіңнен өжет жыр, бұрқап әнің.
Бір қабағың жадырап, ашылғанмен,
Суық тартып тұр әлі бір қабағың.
Тізгінің мен тіліңе жармасқаны –
Дұшпан көздің әлі де арбасқаны.
Сырттан келер бірақ та жау жоқ деп біл
Аман болса Алаштың алдаспаны.
Айналаңда тұрғанмен ғажап толып,
Бір-біріңді жүрсіңдер мазақ көріп.
Замандардан заманға көшкен сайын
Қазақ жауы келеді қазақ болып.
Ойлан, Қазақ, көз салып өткеніңе,
Кебе берме ісініп от-деміңе.
Бір-біріңді аяқтан шалғанды қой
Шықпай жатып бір таудың бөктеріне.
Қалың қолға айналмай сан жасағы,
Жара салып күйдірген жанға азабы,
Үш жүзге енді бөлін бе,
Басын қосып,
Жер-жаһанның жатқанда бар қазағы.
 Ұғынбасаң өзің біл жан шырылын,
Тағы да отат еліңнің тал, шыбығын.
Бүкіл әлем далаңа көз тігуде,
Ресей құсап сорсам деп бал шырынын.
Жатсаң егер шыға алмай желді күннен,
Елдігіңнен не пайда,
теңдігіңнен.
Алып-соғып оп-оңай жықпай ма, айтшы?
Ұстағандар беліңнен,
белдігіңнен.
Жансын мейлі жарқырап көзің күндей,
Жүйрігіңді келесің көсілдірмей.
Қалай ғана үйренсін өзге ұлыстар
Өз тіліңді жүргенде өзің білмей.
Тосқауылдарға тап болып, қамалдарға
Жетерміз-ау шұғыла замандарға.
Мәртебелі мінбеден өз қазағың
Сөз сөйлесе шүлдіреп, шара бар ма?
Қырандарға аспанын бермей жүр-ау,
Көктің жүзін торлаған жаман қарға.
Жаңа-жаңа шырқалған анық әні,
Арылған жоқ зар-мұңнан халық әлі.
Намысыңа біреулер тимек болса,
Шарыққа сап ол бізді жанығаны.
– Нұрсұлтан! – деп ұрпағын атап жатса,
Ұлы орыстың қазақты танығаны.
Желеп-жебеп текті өлкең,
текті аймағың,
Жана берсін алаулап шоқтай бағың.
Биік сенің мәртебең, Ата Қазақ,
Тұрса биік желбіреп Көк Байрағың!
 Аман жетіп не сойқан,
желді күннен,
Бірлігіңнен көз жазып,
өрлігіңнен, –
Көк Байрағың жығылса дауыл соқпай,
Ата Қазақ!
Не пайда елдігіңнен!
Ата Қазақ!
Не пайда елдігіңнен!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу